Талғардағы трагедия қайталана жаздады. Арыста бір топ жігіт дүкен сатушысы мен інісін ұрып кеткен

Oinet.kz 20-03-2026

Түркістан облысында болмашы себеппен басталған жанжал ауыр оқиғаға ұласты. Дүкенде 500 теңге үшін туған дау соңы топтық төбелеске айналып, сатушы мен оның інісі соққыға жығылды, деп жазады Оinet.kz  сайты “Информбюро” бағдарламасына сілетеме жасап.

image.png

Оқиға 12 наурыз күні кешкі уақытта болған. Дүкен иесі Алмасбек Әліпбайтегі кассада тұрған кезде екі жігіт темекі сатып алмақ болып келеді. Алайда олар ұсынған 500 теңгелік купюра жарамсыз болғандықтан, сатушы ақшаны қабылдаудан бас тартқан.

Жәбірленушінің айтуынша, ол жағдайды сабырмен түсіндіруге тырысқан. Бірақ сатып алушылар бұған ашуланып, жанжал шығара бастаған.

— Ақшаның жарамсыз екенін айтып түсіндірдім. Бірақ олар “қалай алмайсың?” деп дауласып, кейін ағаларын шақырып келеміз деп қорқытты, – дейді Алмасбек.

Көп ұзамай дүкенге бір топ жас жігіт кіріп, сатушыға жабылған. Оның сөзінше, бірнешеуі есікті жауып, қалғандары оны соққыға жыққан.

— Қолымды қайырып, еден жуатын таяқпен басым мен желкемнен ұрды. Есімнен танғанша сабады, – дейді ол.

Жәбірленушінің 11-сыныпта оқитын інісі ағасын қорғауға келгенімен, ол да аяусыз соққыға жығылған. Салдарынан екеуі де түрлі жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген.

Алмасбек пен оның туыстары полицияның әрекетіне де наразылық білдіріп отыр. Олардың айтуынша, тәртіп сақшылары арызды бірден қабылдамаған.

— Бірнеше күн бойы бардық. Арызымызды алмай қойды. Тіпті кейін өзімді күдікті ретінде көрсетпек болды, – дейді жәбірленуші.

Тек оқиға әлеуметтік желіде жарияланғаннан кейін ғана іс қозғалған. Түркістан облысының полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеді.

Ресми ақпаратқа сәйкес, оқиғаға қатысы бар күдіктілер анықталып, олардың екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазіргі уақытта іс “бұзақылық” бабы бойынша тергеліп жатыр.

Алайда жәбірленушілер барлық қатысушылардың жауапқа тартылмағанына наразы. Олар істі тек бұзақылық емес, сонымен қатар тонау және денсаулыққа зиян келтіру баптарымен де қарауды талап етіп отыр.

Депутат: Мас күйінде ұсталған жүргізушілерге рақымшылық жасауға болмайды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу