«Соңғы көргенімде мәңгіге бет алғанын ептеп сездірді» - ағасы Бейсен Құранбек туралы

Oinet.kz 26-05-2020

Қазақстандық танымал спорт комментаторы Амангелді Сейітханов белгілі отандық тележүргізуші Бейсен Құранбекпен соңғы рет кездескендегі әсерін жеткізді.  Ол марқұм әріптесінің өзін ауруханада қалай қарсы алғанын және қанша қиналса да жайдары қалпынан танбай күлімдеп қарсы алғанын айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. 

image.png

Спорт журналисті марқұм досы туралы естелік жазу қиынға түскенін жасырмады. 

- "Бейсенжан туралы жазу ауыр соқты. Жазбасқа тағы болмады... Соңымнан ерген інім ғой. Соны соқпақ тауып еді.. Алланың жазуына амал бар ма..." - деді Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында. 

Амангелді Сейітханның "Бозбала Бейсен" атты мақаласы "Жас Алаш" газетінде жарық көрді. 

- "Ол қандай еді? Өз тұстастарынан несімен ерекшеленді? Нені көздеді, не нәрсеге құштар болды? Біз оның бала кезін білмеуіміз мүмкін. Жігіттік шағы жұртқа мәлім. Айтқымыз келгені –  бала мұрты тебіндеген кезі еді.  Бозбала Бейсен дедік пе... Боздап қаламыз деп кім ойлаған? Алланың жазуы солай.  Құнсыз берді, сұраусыз алды. Көнуімізге тура келеді. Бәріміз де сабырға келеміз. Өйткені Жаратушы талабы сондай. Ақырғы рет сөйлескенім еске түсе береді. Соңғы көргенімде өзі де мәңгіге бет алғанын ептеп сездірді", - деп бастады ол естелігін. 

Спорт коментаторы Бейсен Құранбектің жары Гүлмира қоңырау шалып, марқұмның өзін іздегенін есіне түсірді. 

- "Сағынған ініден айналасың ғой. Дереу жиналдық та, іздеп бардық. Көргенде көңіл көншіді. Көз жанары жақсы екен. Күліп қарсы алды. Мұңның ізі де жоқ.  Емделу кезінде дем беру дұрыс. Сөз арасында әлі-ақ оңалып кететінін айтып, сендіруге тырыстық. Ақылды ғой, басын изеп күлді. Күлді де, күрсінді. Күрсінгенін жасырды бізден. Артынша арқаланып, сөйлеп кетті. Бейсен күлді. Күліп еді, жүзі жадырап сала берді. Жазылып кеткен секілді. "Осы беті оңалып, тұрып кетсе" дедік. Күліп жатқан адамның бәрімізді күңірентіп кетуге құқы жоқ қой. Өзі де ұмтылды. Жүріп кетуге оқталды. Қарсы алдында отырмыз. Теңселіп кетсе ұстап қалуды ойлап. Өмірі қамшы салдырмаған,  демеуді керек етпеген інім қазір де өзі қимылдайтынын қапысыз ұғып тұрдым. Сол жолы ұзақ сөйлестік. Дәрігер екі келді. Көп мазаламауымызды қалағаны болар. Оған да мән берген жоқпыз. Баяғы шақтан бүгінгі кезге шолу жасап, өмірді әңгіме еттік. Көңілді отырды. Болашақты да бірге кездік. Дәл сол сәтте оның оңалып кететініне оңай сендік. Өйткені өзгелердің омалып қалмауына өзі себеп болып еді ғой. Сөзімен жігерлендіріп,  қиыннан жол тауып беріп,  талайлардың аурудан айығып кетуіне күш салған.  Бейсенжанның мына отырысында да мін жоқ. Жанары тік, көзі өткір. Ауыр дерт еңсесін баса алмаған. Қайта қанатын қомдап, енді ұшуға бет алған қыран келбетінде. Жұмсап жіберсем, талай тауды қопарып келетіндей. Сыр да шертілді. Әзіл де айтылды. Пікірталас та болып кетті-ау деймін. Бұл біздің, анығында, қош айтысуымыз еді. Көзден жас аға күлсек те, көкіректе бір мұң қалықтады", - деп күрсінді ол. 

«Ата-аналардан «балаларымызға өзіміз жауаптымыз» деп қолхат алу – ойға қонымсыз»
Ақтөбе облысында кондуктор қайтыс болды

Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×