Әкім Оразалиевтың отставкісі... Сайрамдық шенеуніктерге үкім шықты

Oinet.kz 07-10-2026

 Screenshot_2.png

Алдағы бір аптаның көлемінде, дәлірегі 12 қазанға дейін Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев отставкіге кетуге арыз беруге міндетті. Өйткені 2 қазанда Оразалиевтің орынбасары қызметін атқарып жүріп сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған Шухратулла Убайдуллаев пен Оразалиевке тікелей бағыныстағы Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Амангелді Жүнісбековке шығарылған сот үкімі заңды күшіне енді («Сот кабинетіндегі» мәлімет бойынша). 2019 жылы Президенттің Жарлығымен шығарылған тәртіпке сәйкес енді 10 күн ішінде Мадияр Оразалиев облыс әкімінің алдына отставкіге кету жөніндегі арыз беруге міндетті. Ал облыс басшысы Нұралхан Көшеров бұл мәселе бойынша шешімді алдағы бір айдың көлемінде қабылдауға тиіс.

Жалпы, облыстағы қарамағындағы ауыл әкімінің, бөлім басшысының жемқорлық тірліктері үшін отставкіге кетіп жатқан аудан басшылары аз емес. Ал Оразалиевтің орынбасары мен әкімдіктегі бөлім басшысы сотталып отыр. Екі жағдайда да отставкіге арыз беруге міндетті оның қатаң сөгіспен құтылып кетуі неғайбыл-ау. Оның үстіне қос шенеунікке шығарылған үкімнен Сайрамдағы сыбайлас жемқорлық қылмыстың шегіне жеткені байқалады. Атқамінерлер барлық мәселені ақшамен шешеді. Комиссияны ақшамен шығарып салады. Барлық шешімдерді ақшамен шығарады. Бұл ақшалардың арғы жағы әкім орынбасарымен, бөлім басшысымен шектеледі дегенге сену қиын.

Естеріңізде болса, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев пен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Амангелді Жүнісбековтің және бірнеше ауыл әкімінің өздерін тексеруге келген облыстық Әдеп кеңесіндегі жауапты қызметкерлерге пара беремін деп ұсталғаны туралы біз биыл наурызда «Рейтинг» газетінде жазғанбыз. Шенеуніктердің сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен топ-тобымен ұсталуы облыста бұрын-соңды кездесіп пе еді?! Алайда бүкіл республиканы дүрліктірген қылмыстық істің ақыры күбірлеп аяқталғандай әсер береді. Сот алдында тек екі атқамінер ғана жауап берді. Қалғандарының ісі беймәлім күйде қалып отыр. Сот кабинетіндегі мәліметтерге қарағанда, Убайдуллаев пен Жүнісбековтің ісі Түркістан қалалық сотына 11 қыркүйекте түскен. Басты сот талқылауы 16 қыркүйекке тағайындалады да, сол 16 қыркүйекте сот үкімі шыққан. Яғни, сайрамдық қос шенеуніктің ісі бар-жоғы бір сот отырысымен біткен деген сөз. Оның басты себебі екі шенеунік құзырлы органдармен процестік келісім жасаған. Осыны негізге алған сот істі қысқартылған тәртіппен қараған. Осы уақытқа дейін Сайрам ауданында әкім орынбасары мен бөлім басшысының сыбайлас жемқорлық бойынша сотталғаны туралы ешқандай ақпарат таратылған жоқ. Қоғам үшін маңызы бар қылмыстық істі ақпарат құралдарының назарынан аулақтау әкету де процестік келісімге сәйкес жүзеге асты ма? Әлде Сайрамдағы сыбайластардың сотын жасырып жабу әлдекімдерге тиімді болды ма?

Енді Убайдуллаев пен Жүнісбековтің ісіне қысқаша тоқтала кетейік. Қос шенеунікке адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен пара алды (366-баптың 3-бөлігінің 2-тармағы) және адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен пара беруге оқталды (Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 367-баптың 3-бөлігінің 1-тармағы) деген айыптар тағылған. Олардың пара бермек болғанын білетін едік, бірақ пара алды деген айыпқа аң-таң қалғанымыз рас. Сот үкіміне қарағанда, былтыр прокуратура Сайрам ауданында жерге қатысты қабылданған шешімдердің заңдылығына тексеру жүргізеді. Убайдуллаев пен Жүнісбеков, Сайрам аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы басшысы және бірнеше ауыл әкімінің шешімдерінен шикіліктер анықталып, олардың ісі қарау үшін облыстық Әдеп кеңесіне жолданады. Оларға атқарып отырған лауазымдарынан босатылу қаупі төнеді. Убайдуллаев пен Жүнісбеков осы қауіптің алдын алудың жоспарын жасауға кіріскен. Дәлірегі облыстық Мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасарына пара беруді жоспарлайды. Олар 18 ақпанда бұл жоспарын екі ауыл әкіміне және Сайрам аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы басшысына айтады. Олар іске қатысуға келісімдерін берген.

Келісім бойынша 20 ақпанда бір ауыл әкімі аудандық әкімдік ғимаратының алдында Жүнісбековке 500 мың теңге берген. 21 ақпанда бөлім басшысы екінші әкімнен 1 миллион теңге алған. 13 наурызда Жүнісбеков сәулет бөлімінің бұрынғы басшысымен Түркістан қаласында жолығады (бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, ол сол кезде Түркістан қалалық әкімдігінде жұмыс істеген). Ол Жүнісбековке 1,5 миллион теңге ұсынған. Қоржынын 3 миллион теңгеге толтырған Жүнісбеков сол күні сағат 13:00 шамасында департамент басшысының орынбасарымен Түркістан-Шымкент тас жолының бойындағы жанармай құю бекетінде кездескен. Кездесу барысында А.Жүнісбеков 3 000 000 теңге ақша қаражатын орынбасарға ұсынған. Алайда ол параны алудан өз еркімен бас тартқан. Арада қырық минуттай уақыт өткенде Жүнісбеков ҰҚК-нің жедел-тергеу тобымен ұсталған. Осылайша сайрамдық шенеуніктердің пара беру қылмысы соңына дейін жетпеген. Осы себепті олардың бұл әрекеттері пара беруге оқталу бабымен қозғалған. Дегенмен бұл жерде біраз мәселенің басы ашық күйінде қалып отыр. ҰҚК-ге хабар берген кім? Департамент басшысының орынбасары ма? Қылмыстық жауапкершілікке сәулет бөлімінің бұрынғы басшысы, екі ауыл әкімі де тартылды ма? Олар жауапкершіліктен босатылды ма, әлде қылмыстық істер бөлек өндіріске алынды ма? Бұл туралы үкімде ештеңе жазылмаған. Дегенмен орынбасар парадан «өз еркімен бас тартты» дегеніне қарағанда,   ҰҚК осы кездері сайрамдық шенеуніктердің лауазымды тұлғаға пара беретінін алдын ала біліп, оларға қарсы жасырын тергеу әрекеттерін жүргізген болуы әбден мүмкін. Шамасы, бұл істегі екінші айып – пара беру фактілері осы операция кезінде анықталғанға ұқсайды.

12 наурызда Ш.Убайдуллаев пен А.Жүнісбеков адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы аудан тұрғынынан 650 000 теңге ақша қаражатын пара ретінде алған. Үкімге қарағанда, пара жерге қатысты мәселелерді, дәлірегі жер телімінің нысаналы мақсатын шаруа қожалығын жүргізуден мал бордақылау алаңын салуға өзгерту үшін берілген (Убайдуллаевтың аудандық жер комиссиясының төрағасы лауазымын атқарғаны белгілі). Қайталап айтайық, параны 12 наурызда алған. Келесі күні --13 наурызда, Жүнісбеков бұрынғы сәулет бөлімінің басшысы А.Ибрагимовтен 1,5 миллион теңге алып, сағат 13:00 шамасында жиналған 3 миллион теңгені облыстық Мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасарына ұсынған.

Сот үкімінде сондай-ақ, 3 наурызда Жүнісбековке бір азаматтың жердің нысаналы мақсатын өзгерту үшін жүгінгені, ал ол бұл қызметті 3 мың АҚШ долларына бағалағаны және қаражатты (параны) 7 наурызда алғаны жазылған. Сонда жасырын тергеу амалдары жүргізілген оншақты күннің ішінде сайрамдық қос шенеуніктің әрекеттерінен екі пара алу, бір пара беру фактісі анықталған деген сөз. Егер сайрамдық шенеуніктерді жыл бойы аңди берсе, сыбайлас жемқорлықтың қанша дерегі анықталады?

Сот үкімімен Шухратулла Убайдуллаевқа 53 136 000 (елу үш миллион бір жүз отыз алты мың) теңге айыппұл жазасы тағайындалды. Жүнісбеков түпкілікті 71 438 350 (жетпіс бір миллион төрт жүз отыз сегіз мың үш жүз елу) теңге айыппұл салуға сотталды. Екі экс-шенеунік айыппұлдарды екі ай ішінде төлеуі тиіс. Төлемесе, жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылуы мүмкін. Сот үкімінің қарар бөлігінде үкімге он бес тәулік ішінде апелляциялық шағым беруге немесе прокурордың апелляциялық өтінішхат келтіруге болатыны көрсетілген. Сот кабинетіндегі мәліметтерге қарағанда, үкім 2 қазанда заңды күшіне енген. Бұл деген сөз, аудан әкімі Мадияр Оразалиевтің отставкіге арыз беру мерзімі осы күннен бастап есептеледі.

Мадияр Оразалиев уақтысында облыстық мәслихаттың депутаты болған. Одан кейін ұзақ жылдар Сайрам ауданы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Былтыр жыл басында Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары болып ауысты. Сол жылдың қазан айында Сайрам ауданының әкімі болып сайланды. Айта кетері, Убайдуллаев пен Жүнісбеков өз қызметтеріне Оразалиевке дейінгі әкімдердің тұсында тағайындалған. Бірақ бұл оны отставкінің қаупінен құтқарып қала алмайды. Себебі заң бойынша әкім қызметке келгеннен кейін үш ай өткен соң оның отставкіге қатысты жауапкершілігі басталады. Бұл жауапкершілік оның орынбасарларына, бөлім басшыларына және ауыл әкімдеріне қатысты болады. Яғни, жоғарыда айтқанымыздай, Оразалиев бұл жолы отставкіге арызды екі шенеунік үшін (орынбасары мен бөлім басшысы)  жазады.

Бұған дейін қарамағындағы қызметкерлерінің жемқорлық қылмысы үшін облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің отставкіге жазған арызын Президент қабыл алды. Келес ауданының бұрынғы әкімі Ақментай Есбаевтың отставкісі үшінші рет жазған кезде қанағаттандырылған. Одан бөлек 2019 жылдан бергі аралықта бірнеше әкім отставкімен атқарып отырған қызметінен қош айтысты.

 Мың жерден іскер десеңіз де Мадияр Оразалиев олардан әулие емес, әрине.

Облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің қандай шешім қабылдайтыны алдағы күндері белгілі болады. Не де болса, әліптің артын бағып көрейік.

«Рейтинг» газеті, 7 қазан 2026 жыл.

 


Бектенов әкімдерге көлік кептелісі мәселесін шешуді тапсырды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу