Шымкент – көне мен жаңаның керемет үйлесімін тапқан заманауи қала

Oinet.kz 19-06-2020 1023

Screenshot_3.jpg

    Еліміздің ең көне қаласының 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы атануы – қала тарихындағы елеулі оқиға болды. Алпауыт кеңістіктегі достық пен өзара ынтымақтастықты өрістеткен «Мәдени астана» мәртебесін иелену  - Шымшаһардың  зор әлеуетін растай түскен абыройлы  міндет. Бұл шаһардың халықаралық танымалдылығын арттырып, өркендеуіне лайықты үлес қосатын қадам болып табылатыны сөзсіз. Сонымен қатар, 19 маусым Қала күніне орай мәдени астананың ашылу салтанаты өтті.

Көне мен жаңаның үйлесіміне негізделген 2200 жылдық тарихында Шығыс пен Батысты байланыстырған маңызды қала. Бүгінгі Шымкент - жаңа дәуірдің мегаполисі ретінде қалыптасып келеді.  Нұрсұлтан мен Алматы қалалары сынды ірі агломерациялық орталық. Тәуелсіздік жылдарында қаланың аумағы үш есе ұлғайып, халқының саны үш жарым есеге өсті.

Қаланың аумағы - 117 000 гектар. Тұрғындар саны: 1991 жыл – 300 000,  2020 жыл – 1 000 000 астам

Еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  қаланы еліміздегі ең ірі ғылыми, мәдени және бизнес орталықтарының біріне айналдыру міндетін қойды.

Шымкент барлық салада республикада көш бастап тұр. Әсіресе кәсіпкерлік, құрылыс және инвестиция тартудың қарқыны өте жоғары.

Географиялық орналасуы -  Шымкенттің ең негізгі артықшылығының бірі. Батыс пен Шығысты байланыстырып тұрған қаланың транзиттік мүмкіндігі аса жоғары. Мегаполистің халықаралық маңызы күн санап артып келеді.

Батыс Еуропа-Батыс Қытай  халықаралық транзиттік бағыты - Ұлы Жібек жолының  бүгінгі мұрагері. Бұл жоба Шымкент арқылы өтеді, қала айрықша маңызды көліктік-логистикалық орталыққа айналды.

 Көліктік-логистикалық кластерді дамытуға инвесторлардың қызығушылығы жоғары. 

Соның бірі әуежайдағы жаңа терминалдың құрылысы. Қалаға келуші туристердің саны өсуі жаңа ғимараттың қажеттілігін тудыруда. Жаңа терминал жылына 3,5 миллион адамды қабылдай алады.

Қазір – 800 мың жолаушы, 2020 жылы – 3,5 миллион жолаушы

Теміржол вокзалындағы жаңғырту жұмыстары нәтижесінде Шымкент вокзалы күніне 9 мыңға жуық жолаушыны қабылдай алатын болады.

Климаты өте жайлы шаһар туристерді жылдың кез-келген мезгілінде қарсы алуға дайын.Қаланың қонақ үйлері халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. 4 және 5 жұлдызды отельдерде әлемдік деңгейдегі сервис, жанға жайлы нөмірлер, қызмет көрсетудің үздік үлгілері табылады, әлем халықтары асханасының ғажайып үлгілерін тарту етеді. Көлік кептелістері барлық мегаполистерге тән мәселе.  Осы  бағытта жол инфрақұрылымы үлкен өзгерістерге ұшырауда. «Қаланың жол инфрақұрылымын 2025 жылға дейін дамыту»  концепциясында халықты қауіпсіз жол және сапалы көлік қызметімен қамтамасыз ету жан-жақты қарастырылған.

Заманауи мегаполиске – заманауи қоғамдық көліктер қажет. Шымкентте қоғамдық көлік жүйесі жаңаруда. Республиканың үшінші мегаполисінің сипатына лайық шаһар тұрғындары бұдан бұлай автобустарда электронды төлем жасайтын болады.  Қалаға жыл соңына дейін 590 автобус әкелінбек. 26 орындыққа арналған жайлы да экологиялық таза автобустар барлық қажетті құралдармен  жабдықталатын болады. 

300 автобус сатып алынды. 700 автобус жыл соңына дейін әкелінеді. 

Электрондық таблоид, бейнебақылау камералары мен мүгедектердің кресло-арбаларын көтеру/түсіру құралдары

Қалада көпқабатты тұрғын үйлер, жаңа мектептер мен денсаулық сақтау мекемелері құрылысы қарқынды дамуда. Бұл жобалар өмір сүру сапасын заманауи мегаполистің стандарттарына сәйкестендіре түспек.

Қазір шырайлы қаланың келбеті танымастай өзгерді. 

Мегаполистегі бірегей, ауқымы жағынан елімізде теңдесі жоқ жоба – «Шымкент Сити» жаңа шағын ауданы.

Қала ішіндегі қала ретінде сипатталатын бұл жобаға шетелдік инвесторлар да атсалысуға қызығушылық танытты. Мәселен, әлемге әйгілі «Хайвил» компаниясы «Шымкент сити» шағынауданына зәулім тұрғын үйлердің құрылысына кірісті. 

Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру мен «Ескі қалашық - Цитадельді» қайта құру – Шымкенттің тарихи келбетін айшықтай түсті.  

2200 жылдық тарихы бар Цитадельді қалпына келтіру - туристік картада жаңа брендтің пайда болуын білдіреді.

 «Жерді жеті айналсаңыз да Шымкенттің ыстық ықыласы мен қонақжайлығына тең келетін қаланы таппайсыз!».

Шымкент – отбасылық демалыс үшін таптырмайтын мекен. Еліміздегі ең ірі ойын-сауық орталықтарының бірі саналатын шаһар кез-келген қонақтың көңілін көтеретін көптеген саябақтар, мәдени ошақтар мен демалыс аймақтарымен мақтана алады. 

Ал жаңа Арбат – қала тұрғындары мен қонақтарының ең сүйікті демалыс орындарының біріне айналды.

Орта Азиядағы ең ірі дендросаябақ, түрлі жан-жануарлар мекендейтін ғажайып зообақ – отбасылық серуендеу барысында ұмытылмас сәттерді сыйлайды. Боулинг және теннис кешендері, заманауи фитнесс орталықтары мен ұлттық ат ойындары өтетін ипподром, көптеген театрлар мен цирк аренасы, қайталанбас стильдегі мейманханалар мен ауқымды сауда-ойын сауық орталықтары. Қысқасы – жанға керек дүниенің барлығын Шымкент қаласынан табасыз.

      Биыл шырайлы Шымшаһар мыңдаған шетелдіктерді құшақ жайып, қарсы алуы тиіс еді. ТМД елдерінің «Мәдени астанасы» жобасының аясында көптеген ауқымды іс-шаралар жоспарланып, қонақтарды таңқалдырарлық бағдарлама әзірленген болатын. Шымкент  өзін әлемге заманауи мегаполис, қайталанбас мәдени бет-бейнесімен ерекшеленетін ірі орталық ретінде танытып, көпшілікті тамсандыруға дайын еді.  

        Алайда, бүкіл әлемді тығырыққа тіреген алған коронавирус пандемиясының салдарынан бұл жоспарларды жүзеге асыру ісі  кейінге қалдырылды. Жұмыр жерді қыспаққа алған вирустан жаһан жұрты күйзеліске түсіп, көпшілік іс-шаларарды тоқтатуға тура келді. Әрқашан ұлы мұраттарға ұмтылған шымкенттіктер пандемияны үлкен сынақ, уақытша қиындық ретінде қабылдап, жарқын болашаққа зор үмітпен қарайды.   Үшінші мегаполистің әлі талай халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізіп, өзін әлемге паш ететініне сенім артады.

Путин Назарбаевқа жеделхат жолдады
2200 жылдық тарихы бар қала
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу