Мұрат Қадырбек мәжілісмен бола ма, әлде мәсхатшы бола ма?

Oinet.kz 04-09-2020 1047

«Нұр Отан» партиясының праймеризі Түркістан облысында  әбден қалыптасып кеткен «жазылмаған заңдарды» өзгерте ала ма?

image.png

Ал саяси додаға келгенде Оңтүстікте қалыптасып кеткен үрдістердің көп екендігі рас. Мәселен аудандық мәслихаттың сайлауына аудан әкімінің орынбасары түсетін болса, ол сайлаудан кейін міндеті түрде мәслихат хатшылығына сайланады. Бұған мысалды Түркістан облысының көптеген аудан, қаласынан кездестіруге болады. Ал егер облыстық мәслихатқа аудан әкімі бақ сынайтын болса, онда ол түбі облыстық мәслихат хатшысының орынтағына отырады дей беріңіз. 2003 жылы облыстық мәслихаттың хатшылығына Шалатай Мырзахметов Отырар ауданы әкімінің креслосынан, 2016 жылы өткен соңғы сайлауда Қамытбек Айтөреев (бүгінде марқұм болып кетті) Шардара ауданының әкімі лауазымынан келген болатын. Жай ғана депутат болу үшін ешкім де аудан әкімінің қызметін тәрк етіп, сайлауға түспейтіні онсыз да түсінікті ғой. Яғни бәрі алдын ала келіссіммен, өзара ымырамын жүргізіледі деген сөз. 

Тоқетеріне тоқталар болсақ, билік партиясының жаңа форматта өтіп жатқан  праймеризінде Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек бақ сынап жатыр. Қадырбектің ертең облыстық мәслихаттың хатшысы  немесе Мәжіліс депутаты болып кетуі әбден мүмкін. 

Қадырбектің жасы биыл қырыққа келді. Осы қырық жасында ол мемлекеттік қызметтің сан саласында, республиканың әр қиырында  еңбек кеткен. Қарағанды облысында прокурор, Шығыс Қазақстан облысында судья болып істеген. Министрлікте департамент директорың орынбасары, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында әкім орынбасары, бұдан кейінгі жылдары Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстық департаменттерінде басшылық қызметтерді атқарған. 2016 жылдың қыркүйегінде сол кездегі облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов оны Арыс қаласының әкімі қызметіне тағайындады. 

 2019 жылдың 24 маусымында Арыстағы әскери қоймада апат болды. Жойқын жарылыс төрт адамның өліміне, мыңдаған тұрғын үйлердің бүлінуіне әкеліп соқты. Халықтың билікке деген сенімсіздігі, өкпе-реніші тіптен өрістеп кетті. Алайда Мұрат Қадырбек осындай қиын кезеңнің салған сынағынан сүрінген жоқ. Креслосын сақтап қалды.  Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевті енді Қадырбекті жылы орнынан қозғап, әлдебір жаққа ұзатқысы келетін сияқты. Бірақ қайда? Мәжіліске ме әлде мәслихатқа ма? Айтпақшы «жазылмаған заң» бойынша мәсхатшы болуға Қадырбектің биографиясы ғана емес, географиясы да тура келеді. 

Ал праймеризге қатысып жатқан Шөкеевтің кеңесшісі Гүлжан Құрманбекованың кандидатурасының географияға ғана емес, мемлекеттік жүргізіп жатқан гендерлік саясатына да тура келеді. Ұзақ жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған Құрманбекова былтыр орнынан босап, артынша Түркістан облысының әкімі Шөкеевтің кеңесшісі атанған еді. Құрманбекова алғашқы әйел мәсхатшы атанып жатса, таңқалатын несі бар?  Айтпақшы, праймеризден облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ерғали Білісбековтың де аты-жөнін байқадық. Құрманбекова мен Білісбековтың бұл додаға қандай мақсат көздеп, қай қияға қарай самғауды жоспарлап отырғанын кім білсін. Бәрін уақытында көре жатармыз. 

Ал облыстық мәслихаттың қазіргі хатшысы Қайрат Балабиев праймеризге қатысушылардың тізімінде жоқ. Ол мәслихатқа квотамен өте ме, өтсе хатшылық лауазымын сақтап қала алады ма? Бәрі де мүмкін. Қалай десек те, Түркістан облыстық мәслихатының келесі хатшысы жоғарыда аталған кандидаттардың ішінен шығатын сияқты.

Ақырын күтіп көрейік.

«Кісі өлімі көбейеді» – Бекшин пневмония жайлы айтты
Ғалымжан Елшібай - Құрметті азамат!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу