Біздің мектепте білім алғысы келетіндер көп

Oinet.kz 02-12-2020 748

130 мектеп.jpg

 Елбасы Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2017 жылы жаңа мектеп құрылысы аяқталып, желтоқсан айының 15 жұлдызында пайдалануға берілген болатын. 

Заманауи талапқа сай жабдықталған 1200 орынды жаңа мектепте балалардың толыққанды саналы да сапалы білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына барлық жағдай жасалған. Алғашқы жылы мектепке 1019 оқушы қабылданып, 52 сынып комплектісі, 80 мұғаліммен өз жұмысын бастады. Ал қазіргі таңда мектебімізде 92 сынып комплектісінде білім алушылардың жалпы саны –  2513. 

Биылғы 2020-2021 оқу жылы бүкіл әлемді жайлаған «COVID-19» індетінің салдарынан қашықтан оқу форматында басталды. Мектеп ұжымы қашықтан оқыту кезінде оқушыларға білім беру барысында «күнделік kz», «BILIM Land» платформасын қолдануда. Шәкірттеріміздің қашықтан кедергісіз, толыққанды білім алуына барлық жағдай жасалып, қажетті көмектер көрсетілді. Атап айтсақ, аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасынан шыққан 161 оқушыға компьютер құрылғыларымен және 106 оқушыға интернеті бар «Altel» симкартасы берілді. Мұқтаждарға басқалай да жан-жақты көмектер көрсетілуде.

Мектебімізде барлық санитарлық талаптар сақтала отырып, ата-аналардың өтініштеріне сәйкес 1-5 сыныптар бойынша 15 оқушыдан 48 топ, яғни 700 аса оқушы кезекші топтарда офлайн форматта білім алуда. «COVID-19» коронавирус инфекциясының таралуына қарсы санитарлық талаптардың орындалуын басты назарда ұстап, әр оқу кабинеттерінде кварц лампаларымен залалсыздандырылып, оқу кабинеттері мен әжетханалар су сабынмен, санитайзермен, бір реттік сүлгілермен  қамтамасыз етілген. Бірінші кезекте оқушыларымыздың, мұғалімдердің денсаулығы маңызды, яғни барлық талаптар сақталуда. 

Мектебіміздің ашылғанына биыл үш жыл толып отыр. Көп жылдан бері білім саласында тынымсыз еңбек етіп, іскерлігімен, біліктілігімен танылған абыройлы азамат Нұрлан Мырзатаевтың басшылығымен мектебіміз үлкен жетістіктерге жетуде.  Іскер ұйымдастырушы, жарқын бастамалардың қолдаушысы ретінде де мектеп директоры Нұрлан Бахадырұлы ұжым мен ата-аналар арасында ерекше  құрметке ие. Мұғалімдеріміз үнемі іздене отырып, жаңартылған бағдарламамен жұмыс істейді. Осы жылдар аралығында мектебіміз нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Мұғалімдер мен оқушылар арасында жыл сайынғы өткізілетін пән олимпиадасынан, интелектуалды сайыстардан, спорттық жарыстардан мұғалімдеріміз бен оқушыларымыз жүлделі орындарға ие болуда. Бір ғана мысал, күні кеше мұғалімдер арасында өткен қалалық пән олимпиадасынан 10 мұғалім қатысып, соның 9-ы жүлделі орындарға ие болды. Бірінші орын алған 2 мұғалім республикалық пән олимпиадасына жолдама алды. Мұның барлығы ұстаздарымыздың білім деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Сондықтан біздің мектебімізге ата-аналар мен оқушылардың сұраныстары өте үлкен.

Мектебіміздің түлектері ҰБТ-дан жоғары көрсеткіштер көрсетіп, мемлекеттік гранттарында білім алуда. Биылғы оқу жылының өзінде 2 оқушы «Алтын белгі» иегері болды. 

М. ЕЛЬЧИБАЕВА,

№130 жалпы орта білім беретін 

мектебінің математика пәні мұғалімі,

Шымкент қаласы

Шымкентте еліміз бойынша алғаш рет «apolla» рентген аппараты орнатылды
«Премьер-министр маған бір хат жіберді» - экс-шенеунік Нұржан Әлтаев (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу