Заман және маман

Oinet.kz 25-02-2021 1782

e1964cadaeff026f8d0954ebee90a598.jpg

 «Байлық – мұрат емес», алайда қамшының сабындай ғана ғұмырда барлығы бақуат өмір сүргісі-ақ келеді. Қазіргі таңда айналамызға қарасақ, мұғалім, дәрігер, инженер, заңгер секілді мамандықтары бойынша өмір бойы жұмыс істеп келе жатқан адамдарға қарағанда бесіктен белі шықпаған «блогер», «вайнер», «тиктокер»   сынды әлеуметтік желі жұлдыздары бақуат көрінеді. Біреуі әкесіне көлік сыйлап жатса, екіншісі шетел асып саяхаттап жүреді. Ал кейбіреулері тіпті Алматының төрінен пентхаус та салып үлгеріп жатыр. Осы тұста ежелгі «екі қолға бір күрек» мақалын «екі қолға бір ұялы телефон» деп өзгерткің келеді. Ал өзін «СММ маманы», «таргетолог», «интернет-маркетолог» деп таныстыратын жаңа мамандық иелері  немен айналысып жүр? Олар қалайша «бір айда миллион табуды үйретемін» дейді?

ХХІ ғасырда сұранысқа ие әрі заманауи мамандықтар қатары артқан. Жаңа салада бақ сынау үшін төрт жылдық жоғарғы білім немесе қызыл диплом маңызды емес. Әлемдік жүйелер, мессенджерлер, әлеуметтік желілер дамыған сайын оларды пайдаға жарату жағын адамдар ойлап табуда. Мәселен, біз күнделікті қолданып жүрген WhatsApp, Facebook, Instagram әлеуметтік желілерді тек уақыт өткізіп, виртуалды байланыс жасауға ғана қолданбаймыз. «Қолыңызда ұялы телефон болса болғаны, үйде отырып табыс тап» деген жарнамаларды жиі кездестіреміз. Бірақ олармен байланыса қалсақ, желілік маркетингтен, пирамидалардан бір-ақ шығамыз. Ал сонда шын мәнінде интернетте отырып қалай табысқа шығуға болады деген сауал туады.

Негізінен  интернет пайда болғалы желі қолданушыларына ақпарат сатып алу, айырбастау және сату, жарнамалық хабарламаларды тарату және тағы басқа қызметтерге қолайлы болды. Көп ұзамай интернет-маркетинг арқылы әртүрлі бағыттағы онлайн презентацияларды насихаттау кеңінен қолданыла бастады. Интернет-маркетинг саласы 1990 жылдардың басынан басталды. Дәл сол кезде сайттардың веб-беттерінде әртүрлі компаниялардың қызметтері мен өнімдері туралы көбірек ақпарат орналастырыла бастады. Міне осыдан бастап интернет арқылы сауда жүргізу науқаны басталды. Ал біздің елімізде ол соңғы 5 жылдың көлемінде дамып келеді.

Бүгінде бизнес кәсіпкерлерге идея мен қатар маркетолог маманы да аса қажет. Кез келген тауар сатылымда өтімді болуы үшін қызметкерлер қымбат кеңседе немесе адам көп жүретін базарларда отыруы міндетті емес. Себебі адам көп жүретін мекен – әлеуметтік желі. 

Интернет-маркетолог деген кім?

Жалпы біздің елімізде өзін интернет-маркетологпын деп санайтындар қатары көп. Instagram парақшасында белсенді адамдардың профиліне көз жүгіртсек, екінің бірі маркетолог, таргетолог. Ал оларды кім дайындайды? Қайдан білім алады? Саны бар да сапасы қандай? 

Елімізде тұңғыш рет онлайн мамандарды дайындап шығатын университет 2018 жылы ашылған еді. Ол белгілі кәсіпкер Қуаныш Шонбайдың бастауымен негізі қаланған. Бүгінге дейін 62 130 студент тіркелген университетте үш ай бойы сабақ пен практика өтіледі. Ең алғашқы бір жылдық онлайн-курста стресстен, уайым мен шаршаудан арылу, дұрыс мақсат қою және армандау, жан тыныштығы (медитация), үйренуді үйрену, маркетинг, жеке бренд қалыптастыру, оффлайн-коммуникация сияқты тақырыптарға арналды. Кейіннен адамдар өз кәсібін, жеке брендін қалыптастыру үшін университет ұсынған түрлі бағыттағы сабақтарға ағыла бастады. Бүгінде курстардың бағасы 170 мыңнан басталады. Екі жылдық тарихы бар жаңа бағыттағы университетте Алмат Садырханов та білім алған. Ол интернет-маркетолог саласы бойынша білім алып, өзінің алғашқы табысын курс барысында тауып көзге түсіпті.

Мен металлург мамандығын оқып жүргенімде қазақ әдебиетінен үй жұмысын жасап, дене шынықтыруға қатысып,өзін-өзі тану деген сабақтарды оқып фокусымыз басқа жақта жүретін. Колледжді бітіре салып программа, стандарт бойынша басқа адамдар сияқты ары қарай университетке түсіп металлург мамандығымды жалғастыруым керек болды. Бірақ ағынға қарсы жүзіп басқа 70% адам секілді өз қаламаған мамандығымда жұмыс істегім келмеді. Нәтижесінде Қуаныш Шонбайдың 3 айлық интернет-маркетолог курсына оқуға келдім. Курс барысында түсінгенім,білім универ немесе институтта емес ,нағыз білім өз ісінің мамандарында екен. Егер алдыма Металлургияның нағыз маманын әкеліп арттан теуіп тұрып,бір екі шапалағын беріп 3 ай оқытқанда металлургияны 4 жылда емес 3 айда үйреніп шығатын едім. Сол сияқты ешқандай университет институт бере алмайтын білімді қазіргі мен оқып жатқан курста шәйнап беріп жатыр ғой. Курс барысында қаншама құнды білімді алып 1-ақ диплом алып кетуге қанағаттанбадым.Сол үшін “Курс барысында 1.000.000 - нан астам табыс тапқаны үшін” деген тағы диплом алдым,  - дейді интернет-маркетолог Алмат Садырханов. Курс барысында студенттер «СММ жүйесін», «таргетингті», «мобилографияны» үйренеді. Себебі бұл үш бағытсыз бизнесті жандандыру мүмкін емес.

SMM (Social Media Marketing) – әлеуметтік желілердегі маркетинг. Яғни, бұл мамандар  әлеуметтік желілерде аккаунт жасаумен және жылжытумен, абоненттерді тарту, сонымен қатар интернетте компанияның жағымды имиджін құрумен айналысатын тұлға. Жұмыс әлеуметтік желіде болғандықтан SMM маманы әр желінің мүмкіндіктері мен функционалын жақсы білуі тиіс. Аккаунт ашу, топ құру, парақша бастау, іс-шаралар ұйымдастыру – бұл жұмыстың басы ғана. SMM-ші лайк санын көбейтуді, дұрыс жарнамалауды, желіде жарнама алаңдарын сатып алуды да білуі керек.

Ақпарат жинау – SMM маманы бастайтын бірінші нәрсе. Бизнесті алға жылжыту бойынша қадамдарды жоспарлау үшін компанияның не істеп жатқанын, оның мақсатты аудиториясы не екенін, өнімнің бағасы ауқымы қандай екенін, бизнестің интернетте қалай дамып жатқандығын, ірі және танымал бәсекелестердің ахуалынан хабардар болуы қажет. 

 Және «клиенттің портретін» мұқият жасау басты орында. Онда проблемалар, клиенттердің қиналулары, армандары және нақты өнім оларды қалай шешетіні немесе орындай алатындығы көрсетілген. Бұл кезең өте маңызды, өйткені бизнесті одан әрі алға жылжытудың сәттілігі оған байланысты болады, өйткені ол кімді және не ұсынатындығын нақты түсінеді. SMM маманы сонымен қатар әлеуметтік желілерде бизнесті дамыту стратегиясын жасайды: нәтиже қандай болуы керек, қанша уақыт қажет, біз қандай тапсырмаларды орындауымыз керек, қандай әдістер мен әдістерді қолданамыз, қандай ресурстар тартылады, қандай бюджет және т.б.

Ал олардың айлық жалақысына келер болсақ, табысы әртүрлі болады. Аlmaty.hh.kz сайтының дерегі бойынша, кемінде 150 мың теңгеден басталады. Егер, ғаламтор арқылы өз кәсібіңізді дамытатын болсаңыз, бұдан  2-3 есе артық қаражат табуға болады. 

Баннер көшеге емес, инстаграмға ілінеді

Ал таргет туралы біз өз ісінің маманы Мақпал Шадайдан сұрауды жөн көрдік. Ол бір жыл бойы ізденіс үстінде жүріп, сапалы маман болуды көздеген. Соңғы үш ай ішінде үйде отырып табыс табуды қолға алған. Мақпал таргетинг жасамас бұрын клиенттің профилін ретке келтіріп, аудиториясын жасақтап, креативті макет құрайды.  

– Таргет - мұғалім, маникюр жасаушы, бухгалтер сияқты профессия. Ал ең бастысы, маған ең ұнайтын жері – қалаған уақытыңда жұмыс істеп, қызықты адамдармен жұмыс жасайсыз. Қазір барлық бизнес онлайнға көшкен. Бұрын көшеге баннер қойдыратын бизнесмендер енді сол баннерді инстаграмға қойдырады. Неге? Себебі инстаграмда, адамның бәрі, клиенттің бәрі инстаграмда. Сол себепті таргетолог болған өте тиімді. Кез келген білім ақшамен келеді. Ақшамен үйренесің, ақша табасың. Мен өзім де осыған дейін курстар оқыдым. Спонсор күйеуім. Бұл менің оқыған соңғы оқыған курсым «Автоворонка Про». Қазір осы курсты сатып, басқаларға үйретемін, бір жағынан бизнестерге таргет жасап ақша табамын. Көп таргетологтар жұмысқа атүсті қарайтыны өтірік емес... Тезірек бір клиентті ат үсті қарап екіншісіне көшу қате, - дейді таргетолог Мақпал. 

Келесі интернет маркетологияның басты бағыты – мобилография. Олар әлемді камера көзімен көретіндер десек те болады. Қазіргі заманда әдемі суреттер мен видеоларды түсіре білу – үлкен сұранысқа ие қасиеттердің бірі. Кез-келген компания фотошоп пен видео монтажды жақсы меңгерген адамды өзіне алғысы келеді. Алайда керекті құрал-жабдықтар қымбат болғандықтан кейін адамдар осы мамандықты жеткілікті меңгере алмайды деген қате пікір орын алуы мүмкін. Десе де қолымызда бар ұялы телефонмен креативті дүниелер түсіріп сатуға болады. Оған бар болғаны қабілет пен идея қажет. 

Қорыта келе, оқырманға мынадай сауал қойғым келеді: «Сіз өз мамандығыңызбен жұмыс жасайсыз ба?». Мемлекеттік грант пен ата-анамыздың жиған тергеніне төрт жылдық жоғары білім алып, дипломы сандық түбінде жатқандар қаншама. Өз мамандығына сүймей жұмыс істеп, қызметте салғырттық танытатындар да баршылық. Екі қолда бір ұялы телефон болса-дағы әлеуметтік желідегі жасанды өмірді талқылап жүретіндер көп. Сондықтан «заманын түлкі болса, тазы болып шал дегендей», сен де жаңа мамандықтардың бірін меңгеріп көр. Мүмкін сіздің де әлі ашылмаған қырыңыз бар шығар!

Мария Сәулебекқызы

Сенатор үкіметтен ашаршылыққа қатысты құпия деректерді ашуды талап етті
«Астарлы ақиқат» жобасы шын ба? - Дина Төлепберген жауап берді (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу