Рухани астана. Тұжырымдама аясында атқарылған тірлік көп

Oinet.kz 10-04-2021 829

SH_08009.jpg

«Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті табысты аяқталды. Түркітілдес елдердің басшылары бас қосқан стратегиялық маңызы зор жиында соңғы онжылдықтарда түркітілдес мемлекеттер қол жеткізген айтарлықтай саяси және әлеуметтік-экономикалық прогресс, Түркі әлеміндегі көпжақты қарым-қатынастардың дамуы, түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету сөз болды. Сонымен қатар, Саммит аясында Түркістан декларациясы қабылданып, «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» ретінде ресми белгіленді.

Бүгінде сарапшылар Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінің «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деген тақырыппен өтуінің өзі түркі әлемінің қастерлі қара шаңыраққа деген айрықша құрметін танытқанын айтуда. Қазір қазақ елінде түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудың барлық алғышарттары жасалуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болғанын Саммитте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мақтанышпен атап өтті. Киелі мекендегі ұлы өзгерістер көз алдымызда жүзеге асуда. Түркістанда ғажайып мәдени-көпшілік орындар, алып ғимараттар, тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, қала сән-салтанатқа бөленуде. Игі істердің барлығы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің басшылығымен Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасы аясында атқарылуда.  Түркістандағы өзгерістер мен кешегі саммиттің мән-маңызы мен өңір тіршілігіндегі, қоғам өмірінде алар орны жөнінде зиялы қауым өкілдері де өз пікірлерін білдіруде.

"Түркістан-Түркі әлемінің рухани астанасы" тақырыбында өткен «дөңгелек үстелде» де саммитте айтылған бастамалар сөз болды. Аталмыш жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және жергілікті ғалымдар, облыстық этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен белсенді жастар қатысты. "Түркістан - сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекен, Еуропа мен Азияны тоғыстырып жатқан Ұлы Жібек жолының күретамыры, Қазақ хандығының астанасы болған. Келісім, татулық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттерді ұран етіп алған Саммиттің Түркістан тақырыбына арналуы да – заңдылық. Саммит барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Түркі өркениетін жаңғыртуды Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамын» деп Түркі елдерінің басшыларына маңызды үндеу тастады. Бұл – Түркістанның алдағы уақытта да бауырлас елдерге ортақ рухани астана ретінде дами беретіндігінің дәлелі", – деді Сәкен Қалқаманов. Ал ғалым, философ-дінтанушы, Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түркология ғылыми–зерттеу институтының директоры Досай Кенжетай Ясауи тұлғасы жайлы тың-деректер мен маңызды ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті, педагогика ғылымдарының кандидаты, философия ғылымдарының докторы   Әміреқұл Әбуов, облыстық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Гулирано Расулова, облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Фарит Аюпов, облыстық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Хусейн Пазаевтар сөз алып, Түркістанның Түркі жұртына ортақ рухани астана ретінде дамуы-түбі бір бауырлас елдердің ынтымақ-бірлігінің артуына ықпал ететіндігін жеткізді.  

Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызмет» сыйлықтарының лауреаты Мархабат Байғұт Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммиті алдында жарияланған  Түркілер төрі Түркістан туралы толғанысында  Түркістанды қайта түлету туралы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің әуелгі кезінен-ақ батыл ойларға берілгенін,  тарихи Жарлығын жариялардан он тоғыз жыл бұрын Түркістанның орталық болатынын Ахмет Ясауи университетінде мағлұмдағанын айтады. «Енді, міне, бүгінгі Түркістан екі-үш жылдың ішінде түрленіп, түлеп, гүлденіп шыға келді. Бүгінгі Түркістан – ата-бабалар аманатына, Алаш асылдарының  аманатына адалдықтың айқын айғағы. Бүгінгі Түркістан – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының айрықша әрі нақтылы нәтижесі. Жемісі мен жеңісі. Әрине, Түркістанды Түркілер төрі Түркістан күйінде терең түсінбекке тағылымдайтын, ұлылығын ұждан ұнасымдарымен ұғындыратын әлем – Әзірет Сұлтан әлемі. Яғни, Ясауи кесенесі. Тайқазан бастаған жауһар жәдігерлер. Түркістан шаһарының түбінде туып-өскен Темірхан Медетбек: «Лайласа – қайта тұнар тұнықпын,

Көмсе жерге – өніп шығар ұрықпын.

Алып қазан,

Берік қазан,

Тайқазан – қазаны бұл, қазаны бұл Рухтың!» - деп жырлаған. 

Иә, Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммиті онлайн форматында өтіп жатты. Ал Түркістаныңыз жыл сайын, ай сайын емес, тіпті сағат сайын өсіп-өніп, өркендеп-өрлеп бара жатқандай көрінді. Ахмет Ясауи ескерткішінің түбінде жастар қызғалдақ егіп жүр. Менің құрдасым Медетбектің жоғарыдағы «Тайқазан» жырын жатқа айтады. Әне, тағы да бірі Ұлықбек Ердәулеттің өлеңін оқи бастады: 

«Қойныңда қыруар хикмет білімі жатыр,

Мүсілімдердің мархабат ілімдері жатыр.

Қасиетің мен киеңді мойындады әлем,

Алдыңа келіп, бас иіп, жүгініп ақыр.

Ынтығып неге ұмтылар саған мұнша адам, 

Қаншама ақын жыр арнап, қалам жұмсаған?!

«Ұлылық деген не?» десе, көрсетем сені,

«Қасиет деген не?» десе, қараймын саған!» - дейді ақиық ақын.

Ай, айналайын, Алаш асылдары-ай... Мұстафа Шоқай: «Түркістан, тұтас бол!», Тұрар Рысқұлұлы: «Түркітілдес, түгел бол!» - демеп пе еді?! Саңлақтардың саммиті–аманаттарға адалдық. Абзалдық. Түркістан Декларациясы – дәлел мен дәйектің бір парасы. Елбасы Қырғызстанда өткен саммитте Түркістанға, Ахмет Ясауиге ерекше назар жыққан. Кешегі келелі жиында да кемел ойларын ортаға салды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан шаһары мен Ясауи мәселесін ту етіп көтеруді мәністеді. Ізгілік ілімдерін, адамдық қадір-қасиет хақындағы хикметтерін хұсни хаттардайын құнарландырып, түркі тілінде тағылымдап, қайткенде түркі жұртының көзін ашамын, көңілін көркейтемін, көкірегін оятамын деп, ұйқы-күлкі көрмеген көрегеніміз Ахмет атамыздың аруағы риза болғай.

Түркістан түрлене түсер. Індеттер де шегінді. Бұл үшін де бірлік пен ынтымақ, ырысты еңбек, жоғары жауапкершілік керек.

Түркілер төрі Түркістан түлей берер. Түркітілдес мемлекеттер басшылары – бауырларымыз талай келер. «Қош келдіңіздер!» - дерміз. Басшылар ғана емес, түркітілдес барша туыстар, басқа да туристер сәтті сапарлар шегер. Алла алдан жарылқағай», дейді жазушы Мархабат Байғұт  «Тұтастық, түгелдік, тектілік» атты мақаласында. 

Түркітілдес мемлекеттер басшыларының Саммитіне қатысты ой-пікірін білдіріп, оның қорытындысы бойынша қабылданған бастамаларға қолдау білдірушілер көп. Мысалы, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреева Түркітілдес елдердің бейресми  Саммитінде  Түркістанның рухани астана аталуы  қазақ  халқының рухын асқақтата түскенін, Тәуелсіздігіміздің  30 жылдығына  арналған ең үлкен тарту екенін айтады. Түркістан декларациясын қабылдау – Түркістанды мойындау деп есептейді. «Түркістан декларациясы түркітілдес елдердің  көпжақты ынтымақтастығын нығайтуға қызмет ететіні сөзсіз.  Ал Түркістанның  түбегейлі адам қызығарлықтай гүлденуіне облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қосқан үлесі шексіз. Күндіз -  түні бір тынбайтын, идеясы мықты, тындырымды, бірсөзді  басшы Өмірзақ Естайұлына кіндік қамы тамған  Түркістанның көркеюіне  маңдай терін төгу, әлемге Түркістанды таныту  бақыты жазыпты. Осылайша саммиттің қорытындысы құжатына қуанған Түркістан халқы марқайып, мәртебесі көтеріле түсуде. Жаңа  ғимараттар, жаңа жолдар, айналасы көк желең Қожа Ахмет Яссауи кесенесі  алыстан қол бұлғайды.   Күнмен шағылысқан көк күмбез Түркістанның түркітілдес елдердің астанасы атануы, Түркістан декларациясының қабылдануы - әлем жұртшылығының Түркістанды мойындауы  деп  көкке қарай  бой түзей түскендей», – Қалыйма Жантөреева.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми Саммитінде Түркістан қаласы мәдениеттің, экономиканың діңгегіне айналуы керектігін болатын. Осыған орайда, Түркістан қаласында креативті индустрия қауымдастығын құрылды. Ұйымның мақсаты – түркі халықтарына ортақ бизнес алаң қалыптастыру, жоғары зияткерлік және инновациялық салаларды қолдау, жастар арасында шығармашылық қуатты ояту. «Түркістан ғасырлар бойы Орта Азия мен бүкіл түркі әлеміне мәдени орталық болып келді. Түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесіне ие болу, сондай-ақ тарихи құндылығын ескере отырып, қала бірегей креативті кластерді дамытуда жоғары әлеуетке ие. Бұл Түркістанды жаһандық инновациялық мәдени орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта біз түркі халықтарына ортақ Креативті индустрия қауымдастығын құрып отырмыз. Аталған саланы дамыту арқылы алпауыт елдер экономикасын ілгерілетіп отыр. Біздің ойымызша, креативті экономиканы дамыту - бүкіл өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жасалатын маңызды қадам»,– деді күні кеше өткен брифингте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев. Сондай-ақ брифингке онлайн форматта қатысқан «FUTURK» Түркі тілдес елдерінің креативті индустрия қауымдастығының төрайымы Эльмира Сәрсеналиева Түркістан қаласындағы креативті индустрия қауымдастығының жұмысымен таныстырды. «Мемлекет басшысы айтқанындай, Түркістан – тек мәдениеттің ғана емес, экономиканың да өзегіне айналуы тиіс. Осы мақсатта қауымдастық құрылып отыр. Аталған алаңда алдағы уақытта түркі халықтарының кәсіпкерлері тәжірибе алмасады. Бұл – түркі тілдес елдердің талантты жастарына қолдау көрсететін ұйым болмақ. Қауымдастықтың миссиясы – түркі халықтарына ортақ мәдени, туристік, ақпараттық орта қалыптастыру. Бастысы, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау», – деді Эльмира Сәрсеналиева. Ал Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нақыпбеков облыста креативті жастарды, жобаларды қолдау бойынша облыс әкімдігімен бірлесе бірнеше жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. 

ІІМ халыққа үндеу жасады
Тергеушіге тұрғын үй табыс етті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу