Білім -әлемдік, тәрбие -ұлттық болуы керек (ОҚМПУ)

Oinet.kz 06-05-2021

Білім көкжиегін бағындыруда жемісті жетістіктерге, толағай табыстарға иек артып жүрген өңіріміздегі жоғары оқу орындарының бірі де бірегейі – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті.

Тамыр-тарихы тым тереңде жатқан бұл оқу орны өңірдегі білім ордаларының ең алғашқыларының санатына кіреді. Оңтүстік жоғары білімінің осынау киелі қарашаңырағы, сонау 1937 жылы  екі жылдық мұғалімдер институты ретінде ірге көтерген. Содан бері оның қабырғасында үздіксіз даярланып келе жатқан мамандықтардың бірі - тарих мамандығы. 84 жыл ішінде оқу ордамызды бітірген тарихшы студент-түлектеріміз  республикаға танымал болды. Тарих мамандығын бітірген түлектердің ішінен 2 Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, 9 ғылым докторы, 40-тан аса  ғылым  кандидаттары шыққан. 

Screenshot_7.jpg

Осы дәстүрді бүгінгі күні университеттегі іргелі кафедралардың бірі  -«Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер» кафедрасы жалғастырып отыр. Кафедра «Тарих мұғалімін даярлау», «Тарих-Дінтану мұғалімін даярлау» бағыттары бойынша бакалаврлар дайындап қана қоймай,  ары қарай білімін шыңдап, ғылыми дәрежелерін жоғарылатам деушілерге де  мүмкіндік жасап отыр. Өйткені, қазіргі таңда кафедра  тарих мамандығы бойынша магистратура және докторантура білім беру бағдарламалары бойынша да гранттық, ақылы негізде  мамандар даярлауды жүзеге асырып отыр. 

Кафедраның қазіргі ғылыми әлеуеті 70 пйызды құрайды, оның ішінде 1 ғылым докторы, 19 ғылым кандидаты, 3 PhD докторлар жұмыс атқарады. Оның ішінде Қазақстан Республикасының «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының,  Ы. Алтынсарин атындағы және Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері төсбелгі иегерлері қызмет істейді. Кафедрамызда қызмет ететін ғалымдардың 95 пайызы осы оқу орнының түлектері екендігін мақтаныш сезіммен айтуға болады.   

 Заманауи құрал-жабдықтармен қамсыздандырылған кафедрамызда ұстаздар оқытудың озық әдіс-тәсілдерін қала, облыс мектептеріне таратып қана қоймай, өздері де әлемдік деңгейдегі педагогикалық технологияларды үйренуден жалыққан емес. Кафедра ұстаздары Мәскеу, Түркия, Чехия, Италия, Испания және Жапония сияқты елдерде іс-тәжірибеден өтсе, мамандық студенттері Кембридж, Гумбольдт, Лиссабон және Дрезден, Бонн сияқты университеттердің ғалымдарынан оқу орнымызда дәріс тыңдап, Польша, Венгрия, Латвия сияқты елдерде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білімін шыңдады. Атап өтсек, кафедра оқытушылары 2016, 2017 жылдары Б.Исабек - Жапония, Т.Руяткина - Испания, Ғ.Марина - Португалия жоғары оқу орындарында біліктіліктерін көтеріп қайтса, 2016 жылы қарашада Германиядан келген тарих ғылымдарының докторы Нұрлан Кенжеахметов Бонн университеті мамандық студенттеріне дәріс оқыды. Ал,  студенттер арасында тарих мамандығының студенті Е.Доброванова 2017-2018 оқу жылында,  Тарих-Дінтану мамандығының студенті Жарқынбек Т.  2019-2020 оқу жылында Варшава қаласындағы Лодзь университетіне оқуға жіберілді. Біз  ұстанған басты қағидат – білім- әлемдік, тәрбие -ұлттық болуы керек.   

Кафедрада елімізге белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Н.Подушкиннің ғылыми жетекшілігімен жыл сайын өңірімізде жүйелі түрде «Тарих мұғалімін даярлау», «Тарих-дінтану мұғалімін даярлау» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттерімен бірге археологиялық қазба жұмыстары ұйымдастырылады. Қазба жұмыстары Түркістан облысындағы Ордабасы ауданының, Сарыарық ауылында өтеді. Бұл археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының басты мақсаты оқу-әдістемелік міндеттермен қатар, Бадам-Арыс өзендерінің аңғарындағы көне ескерткіштерді зерттеу, соның негізінде өлкенің ежелгі дүние тарихына қатысты жаңа археологиялық және тарихи-мәдени материалдарды  іздестіруге қол жеткізу болып табылады. Бұл ғылыми қызметтің нәтижесінде «Ұлы Дала елі - өркениеттер тоғысында (б.э.д. 100 мыңж. –б.э. ХІІ ғ.)» атты университет фойесінде орналасқан тұрақты көрменің көпшілікке ұсынылды.

Кафедра ұжымының алға қойып отырған басты мақсаты - бүгінгі жаһандану дәуірінде ұрпақ тәрбиесіне салмақты қарап, туған тарихының қасиетін, ұлттық құндылықтарымыздың ұлылығын жас буын бойына еге білетін, кәсіби ұстаз, тарихшы даярлау болып табылады. Екінші жағынан, қоғамда ұлттық тарихи сананы жаңаша қалыптас¬тыру мәселесі алға қойылып отырған жағдайда, тарих ғылымына артылар жүк те, оның алдында ашылып отырған перспективалар да аз емес. Сондықтан төл тарихымыздың жоғын түгендеуге атсалысамын дейтін жастар оқу ордамызға келіп, тарихшы мамандығын таңдап жатса, нұр үстіне  нұр болары анық.  

Болашақтың кілті-білімді ұрпақтың қолында десек, бұл атқарылып жатқан шаралардың бәрі соған апарар алтын көпір іспеттес.

Гаухар СЫЗДЫҚОВА,

ОҚМПУ «Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, доцент

Шымкент трансплантация орталығына айналуда
Қазақстанда интернет 10 есеге арзан


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×