Композитор Ержан Серікбаевтың әруағына құрмет көрсетілді (фото)

Oinet.kz 21-05-2021 1439

Бүгін қазақ өнерінің көгінде жарық  жұлдызы,  қазақ эстрадасының  хас шебері, белгілі әнші композитор Ержан Серікбаевтың есімін ұлықтау мақсатында Арыс қаласы әкімінің бастамасымен өнер саңлағының түлеп ұшқан қара шаңырағына арыстық мүсінші Күздеубаев Мүтәліп Әбдіхалықұлының қолынан шыққан мемориалды  тақта орнатылды. 

Screenshot_5.jpg

Ержан Серікбаев  1961  жылы Арыс  қаласында  дүниеге  келді. Жастайынан өнер мен спортты серік етті. Алматыдағы эстрада және цирк студиясында әйгілі әншілер Зейнеп Қойшыбаева мен Лаки Кесоглудан дәріс алып, «Гүлдер» ән-би ансамблінің құрамында өнер көрсетті. 

Е.Серікбаев  жетпістен аса ән шығарды. Оның «Қазақстан», «Алматы таңы», «Неткен өмір», «Алыстағы арман», «Ауылым, аңсадым», «Арысым», «Жан әке», «Сен қасымда болмасаң» тәрізді әндері кеңінен таралған. Серікбаевтың әндері «Жігіттер» квартеті, «Нұр-Мұқасан» тобы, сондай-ақ А.Жүнісбеков, Ж.Жексенұлы, А.Жеменей, Ж.Бақытжанқызы және көптеген әншілердің репертуарынан тұрақты орын алған.  

Е.Серікбаевтың жүрегінен шыққан әндер Республика көлемінде,  шетелдерде өткен байқауларда жүлделі  орындарды  иеленді. 

Қытай халқы  Республикасының Шыңжан қаласында өткен эстрада әндері байқауында «Кім кінәлі» әні І – орынды, Астана қаласының  10 жылдығына арналған байқауда «Жігіттер» квартетінің орындауындағы «Арман қала» әні І  - орынды иеленсе, «Қазақ жігіттері» әні Қазақстан Республикасының   Тұңғыш Президенті, Елбасы  Н.Ә.Назарбаевтың сыйлығына ие болды.  Ш.Қалдаяқовтың 80 жылдығына орай, Шымкент қаласында ашылған «Шәмші  әлемі» саябағында орналасқан «Жұлдыздар аллеясында»  Ержан Серікбаевтың есімі  тұрғанын  барша арыстықтар  мақтаныш етеді.

Мемориалдық  тақтаның   ашылу  салтанатында қала әкімінің орынбасары Р.Айтбаев, қалалық мәслихат хатшысы А.Байтанаевтар Е.Серікбаевтың шығармашылығы аясында естеліктер айтып, мемориалды тақтаны ашып, гүл шоқтарын қойды. Қала әкімдігі атынан Ержан Серікбаевтың анасы Төреқыз әжей мен Е.Серікбаевтың жары Кәмиланың иықтарына шапан мен ақ жаулық жапты. Қарт анаға «Сарыағаш» шипажайында емделуге жолдама табыс етілді. 

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Лидия Каденова ұлының ажырасу себебі туралы шындықты айтты
Бүркіт пен Аишаның биі желіні жарды (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу