Ирандағы толқуда 30 мың адам қаза тапқан
Иранда өткен жаппай наразылықтар кезінде бар-жоғы екі күннің ішінде 30 мыңға дейін адам қаза табуы мүмкін. Бұл туралы Time журналы Иран Денсаулық сақтау министрлігіндегі екі жоғары лауазымды шенеунікке сілтеме жасап хабарлады.
Басылым келтірген дерекке сәйкес, 8–9 қаңтар күндері Иранның қауіпсіздік күштері өте көп адамды өлтірген, тіпті мемлекеттік құрылымдар мәйіттерді жинау мен тасымалдауда үлкен қиындыққа тап болған. Дереккөздердің айтуынша, мәйіт салатын қаптар жетіспеген, ал жедел жәрдем көліктерінің орнына жүк тіркемелері пайдаланылған.
АҚШ-та орналасқан HRANA (Human Rights Activists News Agency) құқық қорғау желісінің мәліметінше, наразылықтар кезінде 5 495 адамның қаза тапқан, олардың 5 149-ы — наразылыққа шыққан азаматтар. Сонымен қатар HRANA тағы 17 031 ықтимал өлім жағдайын тексеріп жатыр. Бұдан бөлек, 7 403 адамның ауыр жарақат алғаны хабарланды. Құқық қорғаушылардың дерегінше, қауіпсіздік күштері 40 887 адамды ұстаған.
Белсенділер қаза тапқандардың нақты санын анықтау уақытты қажет ететінін атап өтеді. Соңғы үш апта бойы Иранда интернеттің өшірілуі мен тұрақсыз жұмыс істеуі тіркеліп отыр, сондықтан зорлық-зомбылықтың шынайы ауқымы әлі де толық анықталған жоқ.
Иран билігінің ресми мәліметі бойынша, наразылықтар кезінде 3 117 адам қаза тапқан. Иранның Женевадағы елшісінің айтуынша, 2,4 мыңнан астам адам «террористік әрекеттердің» салдарынан көз жұмған. Ал Иран үкіметі құрбандардың көп болуына өздерінің «бітіспес жаулары» деп атаған Израиль мен АҚШ-ты айыптап отыр. Алайда бұл айыптауларды растайтын тәуелсіз дәлелдер әзірге ұсынылған жоқ.
Ирандағы наразылықтар желтоқсан айының соңында басталған. Оған елдегі ауыр экономикалық дағдарыс себеп болған. Алғаш болып көшеге саудагерлер шыққан. Алайда екі аптадан астам уақыт өткен соң, 8–9 қаңтарда елдің ірі қалаларында жаппай халықтық наразылықтар өршіп, олар қауіпсіздік күштері тарапынан аса қатігездікпен басып-жаншылған.


