"Қателесуге ешкімнің құқығы жоқ". Түркістанның бас мұғалімі үндеу жариялады
Түркістан облыстық білім басқармасының жуырда тағайындалған басшысы Ғалымжан Орынов әлеуметтік парақшасы арқылы өзін жаңа қызметімен құттықтаған азаматтарға ризшалық білдіріп, білім саласында атқарылатын жұмыстардың бірсыпырасына тоқталып өтті.
-- Қазір — салтанат құратын кезең емес, нақты іске кірісетін уақыт. Түркістан облысының білім саласындағы қазіргі жағдай баршаға мәлім. Мен бұл қызметке бос уәде беру үшін емес, нақты жұмыс жасап, тәртіп пен жауапкершілікті күшейту үшін келдім. Бюджет қаражатының әр тиыны толық бақылауда болады, заңсыздық пен бейберекеттікке жол берілмейді. «Білмедім» деген сылтау енді қабылданбайды: әр мектептің, әр балабақшаның, әр білім беру ұйымының басшысы жіберілген кемшілік үшін жеке жауап береді. Мұғалім қағазбастылықпен емес, бала тәрбиесі мен білім сапасына көңіл бөлуі тиіс, сондықтан педагогтардың заңды құқығы қорғалып, оларға негізсіз қысым жасалмайды. Барлық шешімдер заң аясында, нақты деректер мен қоғам сұранысына сүйене отырып қабылданады. Білім саласы — болашақ ұрпақтың тағдыры. Бұл салада қателесуге ешкімнің құқығы жоқ,--деп жазған Ғалымжан Орынов.
Ғалымжан Орынов еңбек жолының көп бөлігін салық саласында өткерген. Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі, бұдан кейін біраз уақыт Түркістан облысты білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы болды. Бұған дейінгі басшы Ғалымжан Жұмашевтің былтыр ірі көлемде алаяқтық жасады деген айыппен сотталып кеткені белгілі.


