Әнұран айтудан бас тартқан ирандық футболшыларға Австралия саяси баспана берді
Осыған дейін әлеуметтік желіде Иран әйелдер футбол құрамасының бірнеше ойыншысы Австралияда өткен халықаралық турнир кезінде елдің мемлекеттік әнұранын айтудан бас тартқан видеосы тарап кеткен болатын. Кейін олардың Австралиядан саяси баспана сұрағаны мәлім болды, деп хабарлайды Оinet.kz.

Австралияның ішкі істер министрі Tони Берк 10 наурыз күні әнұранды айтпағаны үшін өз елінде қудалауға ұшырауы мүмкін бес ирандық футболшыға гуманитарлық виза берілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, спортшылардың өтініштері мақұлданып, қауіпсіздік мақсатында оларды полиция қорғауына алған.
Футболшылар Оңтүстік Кореяға қарсы матч алдында орындалған Иранның мемлекеттік әнұраны кезінде үнсіз тұрған. Ирандық мемлекеттік телеарналар бұл әрекетті «масқараның шыңы» деп атаған. Кейінгі ойындардың алдында спортшылар әнұранды айтуға мәжбүр болғаны хабарланды.
9 наурызда Дональд Трамп Австралия билігін ирандық футболшыларға баспана беруге ашық түрде шақырды. Оның сөзінше, оларды Иранға қайтарса, өмірлеріне қауіп төнуі мүмкін. Егер Австралия баспана бермесе, АҚШ оларды қабылдауға дайын екенін айтты. Бұл мәселе бойынша ол Австралия премьер-министрі Энтони Альбоназемен де сөйлескен.
Кейін Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Австралия бес спортшыға баспана беруге келіскенін жазды. Оның айтуынша, тағы бірнеше ойыншының өтініші қаралып жатыр.
CNN мәліметінше, Иран әйелдер құрамасынан кемінде жеті ойыншы шығып кеткен. Бесеуі Австралия полициясының қорғауына алынған, ал қалған екеуінің қайда екені белгісіз.
Айта кетейік, Иран әйелдер құрамасы 8 наурызда Азия кубогының топтық кезеңіндегі соңғы матчында Филиппин құрамасынан жеңіліп, турнирден шығып қалған.


