Күйеуді кім таңдайды?

Oinet.kz 13-11-2019 1064

Көп адам күйеуді өзің таңдайсың не тауып аласың деп ойлайды. Мен де бұрын солай ойлайтынмын. Заман солай. Ата-ананың таңдауымен жүру керек емес деп. Көшеге шық та таңдай бер. Бірақ көбіне өзіміз таңдай алмай жатамыз. Қызық, иә? Мен тұрмысқа 23 жасымда шықтым. Бірақ одан да бұрын шығуыма болар еді. Неге мен күйеуімді ертерек таба алмағам? Неге көп әйел іздеп-іздеп, түк таппайды? Неге таңдауымыз үнемі сай келмей жатады? Мен оны таңдасам, ол мені таңдамайды. Сұрақ көп, жауап жоқ. Ал, шын мәнінде жауап біреу ғана.

күйеу таңдау.jpeg

Өйткені, күйеуді Құдай береді. Уақыты келгенде, күйеуге лайық болған кезде. Оны өзім таңдағанмын деп өзімізді алдаусыратуымызға болады. Сен оны қалай таңдадың? Ағзаңда бір өзгеріс пайда болды, жүрегің басқаша дүрсілдей бастады, сезім тірілді, тартылыс күші басталды. Сол адамды көргің келе берді. Осының бәріне не себепші? Сезімді қолдан жасап алдың ба? Жоқ. Сезім жүректе адамның қалауынсыз, қатысынсыз бүр атады.

Тек қана сен де солай емес. Оның да бойында бір өзгеріс пайда болады. Оны да сен жасадың ба? Олай болса неге басқа еркекке солай жасай алмадың? Арманыңдағы бекзада жаныңнан талай өтіп кетті емес пе? Кейде мақтауға лайық жігіттер жолығады. Осы жігітке ғашық болсам ғой деп айтатын қыздар бар. Бірақ – ғашық бола алмайды. Бәрібір күйеуге басқаға шығады. Одан гөрі жауапсыз, қамқорлықт танытпайтын біреуге. Неге олай болатынын кім айтып түсіндіріп бере алады? Еркектерде де солай. Сары шашты қыздар ұнайды. Бірақ әйелі қара шашты боп шығады. Көңіліне үй тірлігіне икемдісі ұнайды. Ал, алған әйелі жұмыртқаны да қуыра алмайтын боп шығады. Бірақ одан бас тарта алмайды. Неге? Қайдан келді бұл сезім?

Таңдау елесі қолымызда бар сияқтанып, сүйіп қосылған артық деп есептегенсиміз де күліп қараған жігіттің етегінен ұстаймыз. Бірақ махаббат біздің қалауымыздың шегінен шығып кететін сезім. Оның мәні мен мағынасы жоқ. Оны айтып түсіндіру мүмкін емес.

Бұл әлем зор данышпандықпен өлшенген. Мен күйеуімді екеумізде үй болуға дайын кезде жолықтырдым. Өзім не қалайтынымды түсінгенде, ол да өзіне не керегін әбден түсінген шақта. Өзімді өзім танып қалғанымда, өзіме, ішімдегі кішкентай қызға жақындай түскенде оны жолықтырдым. Ол да мазасыз жүрістен, күнделікті жиын-тойдан, қызықты думаннан шаршаған кезде мені жолықтырды. Дәл сол сәтте Құдай бізді қосты. Таныстырды. Біз бір-біріміз үшін идеал болған жоқпыз. Бір көзқарастан бәрін түсініп, бақыттан басымыз айналып, бітті демедік.

Жұмысқа тұрайын деп келгенмін. Бірақ бұл жұмыс көңілімнен шығыңқырамады. Тіпті аяғым тартпай тұрды. Фирма да бір түрлі ғимаратта орналасқан. Адам тартпайды. Жұмыс та мардымды емес. Ауа-райы да қолайсыз. Басқа корпорациядағы арманым болған жұмыстың мен үшін босауын күтіп жүр едім. Дегенмен, мен әлгі жағымсыз жұмысқа келдім. Ондағы елмен шүйіркелестім. Олар маған ұнады. Бірден қайтадан қоңырау шалды. Екінші сұқбатқа шақырды. Директормен таныстым. Содан жұмысты бастап кеттім. Шынымды айтсам, соншалықты қуана қоймаған едім. Неге келіскенімді әлі күнге дейін білмеймін. Арманымдағы жұмыс маған бір айдан кейін хабарласты. Ал, мен мұнда жұмыс істеп кеттім. Сондықтан бас тарттым.

Бір Құдай айдап, бір Құдай итеріп – осы жұмысқа тұрдым. Осы жұмыста онымен таныстым. Ол маған бірден ұнамады. Үнемі жыныма тиетін. Басқалардан бөлектенетін. Кеңседегі жігіттердің бәрі кофе, шайға шақыратын. Шоколад ұсынатын. Ал, 117 кабинетте мені айран мен печенье күтіп тұратын. Оған қоса түсініксіз бір жігіт, тілі ащы сондай. Маған ол түк ұнамады. Басқа кабинеттің бәрінде маған мақтау сөз айтылатын. Киноға шақыратын, шетінен сүйкімді жігіттер болды. Керемет сыйлайтын. Ал, анау сыйламайтын да, ешбір ниет байқатпайтын. Келемеждейтін. Сосын айран ұсынатын. Ешқайда шақырмайтын. Оған ылғи басқа бір қыздар маза бермейтін. Гүлді де бір түрлі сыйлаған. Үстелімнің астына бір құмыра гүл қалдырып кетіпті.

Егер мен өзіме күйеу таңдасам, онда санамен, не жүрекпен таңдар едім. Яғни, үйленгісі келмейтін жігітті үйленуге көндірер едім. Өзім қалағандай отбасы құрар едім. Менің әлемім қазіргіден мүлде басқа болатын еді. Әлі күнге дейін сол Иркутскіде тұрар едім. Банкте жұмыс істеп, екі бала тауып, шаш өсіріп, ернімді дүрдитуге кезекке тұрар ма едім, кім білсін? Өзгелер сияқты болуға бар күшімді жұмсар едім. Ботокс қанша тұрады екен деп санам сартап болар ма еді? «Қалыпты» өмір сүре берер едім. Бірақ Құдай мен үшін ненің жақсы екенін алдын ала білді. Шын мәнінде бақытты неден табатынымды анықтап берді. Сондықтан ол маған күйеу ретінде сол кезде ерсі мінезді жігітті, қазіргі менің жұмсақ мінезді күйеуімді берді.

Күйеуге шыққанда өмірімде көп қиындық орын алды. Отбасылық карма деген алдымнан шықты. Ол әр адамның басында бар дүние. Карманың қайсы бірі қуантарлық бола қойсын. Жеке басымның сабақтары және емтихандарымен бетпе бет келуіме тура келді. Кейбірін әлі күнге дейін тапсыра алмай жүрмін. Өйткені, ол мен үшін ең керемет азамат. Бақытты болу үшін де, емтихан тапсыру үшін де. Оның құшағына менің бар тіршілігім мен бақыт деңгейім байланған. Тек соның бойында мені жетілдіретін, бақытты ететін күш-қуат кірігіп, бірігіп кеткен. Құдай мен үшін ең керемет жігітті таңдап қойған. Ең керемет күйеуді. Өзім мұндай жігітті таңдай алмас едім.

Өмірде ылғи солай. Егер ол еркек сіздікі емес болса, үнемі бірдеңе жетіспей тұрады. Мінез жараспайды. Кездесе алмай қаласың, үйленудің сәті түспейді. Біресе анда, біресе мында кедергі шыға береді. Екеуіңде бір-біріңді ұната қоймайсың. Бір қарасаң, ол еркек жоқ боп кетеді. Ләм-мим деместен, ештеңе түсіндірместен. Үйленгісі келмейді. Бір тылсым сіздің өмірден оны қуып жатқандай болады. Немесе кеше ғана ұнап тұрған дүниенің бәрін ұмыта саласыз да, баз кешіп кетесіз. Өйткені, Құдай сіз үшін басқа кереметті дайындап қойды. Ең жақсысын.

Жалпыда Құдай әр пендесі үшін не лайықты екенін біледі. Ең жақсысын таңдап береді. Әр әйелге мына үш шарт бойынша өзіне керемет күйеу таңдап береді:

• өз емтиханымызды тапсыра алатын еркекті;

• оның жанында бақытты бола алатын еркекті;

• әр әйел өздігінше лайық болатын еркекті;

Мұндай еркек дер кезінде келеді, жолығады:

• сіз тұрмысқа шығуға дайын кезде;

• ол үйленуге дайын шақта;

• қарым-қатынас құруға күш-қуат пен қоры жеткілікті кезде;

• отбасы құруға рухани толысқан шақта;

Кеше ғана жай дос боп тұрған адамға бүгін басқаша қарай бастайсыз. Неге олай бола бастағанын өзіңіз де түсіне алмай дал боласыз. Сонымен... Мен күнде таңертең 117 кабинетте айран ішуді әдет қылдым. Бір түрлі жігітпен бірге. Кешке таман ол мені маршруткама дейін шығарып салады. Екеуміз жол бойында әңгіме соғып кетіп бара жатамыз. Сібірдің аязы да бірнеше аялдаманы жаяулатып артқа тастауға кедергі емес. Бір күн отырып қарасам, онымен телефонда да әңгімеміз жарасатын бопты. Ең көп сөйлесетін адамыма айналыпты. Оған қоса мен оның әр хатын ыждаһаттылықпен күтетін болыппын. Қашан басталды мұның бәрі? Маған көз қысатын, сөз салатын көптеген жігіттер бола тұра, неге менің жүрегім оны таңдады? Білмеймін. Мен оған «иә» дедім.

Менің санама бұл бір түрлі таңдау болды. Ол сері жігіт. Кәдімгі менеджер. Еш қамқорлығы жоқ, романтикаға да епті емес. Бірақ таныстықтан соң үш айдан кейін мен оған күйеуге шығуға келістім. Мен оны қалай сынасам да – кері шегінуге тиісті жердің бәрінен ол сытылып шықты. Ол өзі де неге менімен әлі сөйлесіп жүргенін түсінбеген шығар. Тек біздің уақытымыз келді. Құдай осы екеуін қосайын деген-ау шамасы. Сондықтан бәрі оңтайлы шешілді.

Сіз үшін идеал болатын азамат – журналдағы идеал еркектердің қатарынан еместігі қалыпты дүние. Оның сіздің жақындарыңыз бен құрбыларыңызға да ұнамауы түк етпейді. Ол – сіздің кармалық еңбегіңіздің салмағын еселейтін адам. Құдай мүлде бақытсыз ететін адамды бермейді. Құдай бізді жақсы көреді. Ол сынайын демейді. Өзіңізге лайықты ауқымды жұмысты орындай жүріп, сіз өзіңізге лайықты бақытты табасыз. Жаныңызбен ізденуді доғарсаңыз, қарым-қатынасқа мүмкіндік бермесеңіз, ол бақытты таппай қалуыңыз да ықтимал.

Ал, әр әйелдің емтиханы әркелкі ғой:

• біреуге еркекті сыйлап үйрену керек;

• біреуге құрбандық болмауды үйрену керек;

• біреуге еркекке тәуелді болмауды үйрену керек;

• біреуге өзін сыйлауды, бағалауды үйрену керек;

• біреуге өзімшілдігін, жалқаулығын жеңу керек, өзгеге қамқорлық танытуды үйрену керек;

• кей әйелге (тіпті бәріне) өзгені сол күйінде қабылдап үйрену керек;

• кейбіріне бәрін өзі сүйрей бермей, жауапкершілікті бөліп беруді үйрену керек;

• кей әйелге еркекті тыңдап үйрену керек;

• кейбіріне (тіпті бәріне) күйеуіне шабыт сыйлауды үйрену керек, күйеу арқылы өз қалауын алуды үйрену қажет;

• біреуге әйели нәзіктігін қайтарып, еркекпен тайталаспауды үйрену керек;

• біреуге лайықты қуатын жинақтауды үйрену керек, сол қуатты біркелкі жұмсап, өзін жұтатып алмауды қадағалау қажет;

• біреуге адал болуды үйрену керек;

• біреуге анасының, әжесінің тек қуалайтын бақытсыздығын үзу керек, өткенмен қоштасу керек;

• осылай жалғаса береді, әр әйелдің өзінің тапсыратын емтиханы бар.

Күйеуді өзгерту бекер дегенді түсіну керек. Әйел өзі өзгеруі тиіс. Өтіріктен емес. Шын мәнінде. Ақылдымсып емес. Шынайы түрде. Әрекет жасауы керек. Күйеу сенің айнаң екенін түсінуің шарт. Айнаға өкпелеп не керек? Ол өткен өміріңдегі әрекетіңнің жемісі. Егер үшінші күйеу бетіңнен шапалақпен ұрса, онда бетіңе бір сәт мұқият қарау керек шығар?

Сабақтар әр түрлі. Еңбек ауқымы да әркелкі. Емтихан тапсыратын пәндер де бөлек. Сынып та өзгеше. Сондықтан біреулер 20 жасында оп-оңай күйеуге сәтті шығады. Бақытты өмір сүреді. Ал, кейбіреулер емтихандарын тапсырып болған соң ғана, қырыққа таяу өз бақытын табады. Бір жерде оңай болған нәрсе, екінші жағынан қиындау тиеді. Сондықтан жеңіл, қиынға да салмақты қарап үйренген жөн.

Жоқ, бітті менің адамым емес, емтихан тапсырмаймын десеңіз де болады. Бірақ Құдайдың қалауы болмайынша, айырылысып кетудің өзі қиын. Кей адамдар ажырасып кетіп те бірге тұра береді. Немесе керісінше, бірге тұрмаса да кездесуден бас тарта алмай жүреді.

Тапсырмаған емтиханның бәрі сізге қайтып оралады. Бұл күйеумен болмаса, келесісімен. Басқаша түрде. Онда күйеу ауыстырудың не мәнісі бар? Қайтадан біреуге үйренісу, бауыр басу. Бәрі басқаша болады деп пе? Егер бастапқыда онымен де бақытты болудың мүмкіндігі болса, неге соны іздеп көрмеске?

Кейде емтихан тапсырылады. Бірақ ол адам өзі кетіп қалады. Емтихан үшін марапатты беретін адамға орын босатады. Мұны да адам басқармайды. Ол шешімді де біз таңдамаймыз.

Сабақтан қаша берсек, алдымыздан ешкім шықпай қалуы кәдік. Кейде әйелдер қайтсем де күйеуге шығам деп талпынып, өзі жүгіріп, шала-шабылатын кездер болады. Бірақ одан түк шықпайды. Бір жыл болмай айырылысып кетеді. Ол сіздің сабақ емес. Қателік қана. Бақай есеп бұл ғаламға жүрмейді.

Қарым-қатынас тым күрделі болса, Құдайдың қалауына жіберіңіз. Қолыңыздан келгенді жасаңыз. Егер ол адам сіздікі болса, сабақтарды дұрыс түсінсеңіз, бәрі реттеледі. Егер ол сіздің адам болмаса, бірақ сабақтарын түсінсеңіз, одан да артық адамға жолығасыз. Бірақ сіз өзгермесеңіз, еркекті қанша тәртіпке салма, одан түк өзгермейді. Еш жақсылық орнамайды.

Күйеуге шыққыңыз келсе, ғаламдағы бүкіл халық пен елдердің ең «мықты», ең «керемет» жеңгетайына сеніңіз. Өзгеріңіз. Жүрек көзімен бағалаңыз. Құдайдан тілеп үйреніңіз. Сіз үшін ең жақсы күйеуді сұраңыз. Бақытты бола алатын, емтихандарыңызды тапсыра алатын жанды сұраңыз. Құдайдың тізімінде сіз үшін ондай жігіттің қарастырылмауы мүмкін емес. Ол тек өз уақытын күтіп жүр.

Ольга Валяева

Аударған Шынар Әбілдә

Тектану: тектің күші – өмір қайнары
Джордж Карлиннің өсиеті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу