Бос уақыт жоқ, босқа өткен уақыт бар

Oinet.kz 27-01-2020 1069

Уақыт жетпейді деп шағымданамыз. Егер уақытқа тіл бітсе, кімге арыз айтар екен, меніңше біздерге: «Ей адам баласы! Мен жаңа бір күнмін, сенің істеріңнің куәсімін. Олай болса, мені жақсы қолдан. Өйткені мен енді қияметке дейін қайтіп келмеймін», – дер ме еді?..

Алла Тағала: «Қадір түні мың айдан (83 жыл 3 ай 3 күн) да қайырлы», – дейді. («Қадір» сүресі, 3-аят). Біз сол түнді қалай өткіземіз? Егер біздің банктегі жеке есепшотымызға әр күні таңертеңгісін 86400 еуро аударылса, бірақ бұны жиырма төрт сағат ішінде жұмсап үлгермесе, жоқ болып кететін болса, қалай жұмсар едік? Оны жақсы білеміз. Әр пенденің тірліктегі бір күнінде 86400 секунт бар. Соны жақсылап қолдануымыз керек.

Алдымен неге уақыт бөлген жөн?

Еңбекке уақыт бөл, бұл – табыстың көзі.

 Ойлауға уақыт бөл, бұл – күш-қуаттың қайнары.

Демалуға уақыт бөл, бұл – тың болудың кепілі.

 Оқу үшін уақыт бөл, бұл – білімнің іргетасы.

Құлшылыққа уақыт бөл, бұл – ізгіліктің жолы.

Басқаларға қарайласуға уақыт бөл, бұл – бақыттың бұлағы.

Жақсы көру үшін уақыт бөл, бұл – өмір шындықтарының бірі.

Армандауға уақыт бөл, бұл – рухты жұлдыздарға жеткізеді.

 Күлу үшін уақыт бөл, бұл – өмір жүгін жеңілдетудің тәсілі.

Жоспар үшін уақыт бөл, бұл – жоғарыда айтылған тоғыз істі жүзеге асыру үшін керекті уақытқа ие болудың құпиясы.

Енді уақыттың қадір-қасиеті мен дәрежесі белгілі болды. Алланың Көк пен Жерге, заңғар тауларға ауыр келген аманатын арқалаған адам баласының өткен әрбір күндерінің ішіндегі ізгі амалы үшін жұмсалмаған уақыттарына қатты өкініп, қамшының сабындай қысқа тірлікте ісінің уақытынан көп болғаны абзал. Күнмен жарыса жүріп еңбек еткендер мен күннің ыстығынан қашып көлеңкеде қол қусырып отырғандардың бірдей болмасы анық. Уақыт барлық адамға әділ түрде тең бөлінген. Әрқайсысының аптада жеті күні, тәулікте жиырма төрт сағаты бар. Өскен жері бір, нәр алған топырағы жалғыз, ішкен суы да бір болғанымен, ағаштардың салған жемістерінің әртүрлі болғаны секілді, еңбек пен ізденімпаздық, шынайы ниет пен ынталы ықылас адамды адамнан бөлектейді. Сондықтан біздің келешекке қалдыратын мирасымыз міндетті түрде бұрынғылардан қалған мұралардан сапалы, әрі қомақты болуы тиіс. Бұған жету үшін бізде технология және басқа да мүмкіндіктер баршылық.

«Уақытты өмірде ең қымбат нәрсе деп білсек, қадіріне жетіп, оны маңызды істермен, яғни Алланы еске алу, Оған әрдайым құл болғанымызды естен шығармай, жүрегімізді шынайы ықыласпен безендіріп өткізуіміз жөн» (Әбу Ғудда, Абдулфаттах, Қимату-з Заман ғиндал Улама, Бәйруд, 2002, б, 67).

Өткен күн – тарих, келешек – көмескі. Уақыт – адамға берілген нағыз сый. Бос уақыт жоқ, босқа өткен уақыт бар. Мен болмасам кім, қазір болмаса қашан демеуге шарамыз жоқ. Уақыт адам баласының азына ие болып, көбіне мұқтаж болған нәрсесі. Барлығында жиырма төрт сағат бар. Бірақ баршасы бұны ұтымды қолданбайды. Уақыт қордаланып жиналмайды, кері қайтарылмайды. Қарызға алуға және беруге болмайды. Сыйға тартылмайды. Мирас ретінде қалдырылмайды. Уақыт деген – біздің өміріміз.

Әке-шеше сатамын
Екі жылқы туралы әңгіме
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу