Ақша қайтсе көбейеді?

Oinet.kz 07-06-2020 1134

Сананы тұрмыс билеген мына заманда қай-қайсымыз болсақ та ақша мәселесіне бей-жай қарай алмаймыз. Отыра қалсақ, айтатынымыз –қарыз бен несие тақырыбы. Жата қалсақ ойлайтынымыз – «қалай ақша тапсам екен?».

unnamed.jpg

Сіз көшеде келе жатып талай рет аяқасты болып жатқан бір теңгелік, бес теңгеліктерге кез болған шығарсыз. Бірақ оны елемей өте шықтыңыз, әрине. «Бір теңгені қайтем, тәйірі?» деп ойлағаныңыз анық. Ал кей адамдар «Бұл ақшаны біреулер садақа ретінде лақтырып жіберген шығар» деп есептейді, сондықтан жерде жатқан ақшаны қорқып алмайды. Бірақ жердегі ақшаны алмаған кезде сіз қателестіңіз. Алу керек еді. «Маған ақша келіп жатыр», «Бұл – менің байлығымның көзі» деп ішіңізден ойлап немесе күбірлеп алу керек. Өйткені ақшада да құлақ, «жан» болады. Ол жаңа иесінің алақанының жылуын сезініп, сізге ірі қаражат тартатын болады.

Көптеген адамдар асығып жүріп немесе тиын санауға ұялып, «Маған қалдық ақша керек емес, бермей-ақ қойыңыз», - дегенді әдетке айналдырған. Бұл өз-өзіңнен ақшаны үркітумен бірдей. Аз ақшаны қажетсінбей, «теңге тиыннан құралатынын» естен шығарған мұндай жандардан ақша қашқақтай бастайды.

Ешқашан да «Менде ақша мүлдем жоқ», «Маған ақша қайдан келсін?», «Өзім қайыр сұрап отырмын» деген сияқты жағымсыз сөздерді ойнап болса да аузыңыздан шығара көрмеңіз. Бұл сөздер де ақша қуатын азайтып, тиын-тебен тартылысын жояды.

Сіздің тапқан-таянғаныңыз өзіңізге жетпей, қарызыңыз көбейіп кетсе, мынадай қағидаларға жүгініңіз. Ең алдымен, қарыздың өсімі көп түрінен құтылып алыңыз. Мәселен, ломбард, өсіммен ақша алу дегендерді жойыңыз. Және алдағы уақытта осы екеуін де ұмытуға тырысыңыз. Сосын барып аса көп созуға болмайтын қарыздарды қайтарып тастаңыз. Өйткені қарыз берген адамдардың өкпе-реніштерінің өзі сіздің жолыңызды байлауы мүмкін.

Кей адамдар кешке біреудің қолына ақша бермеуді бұлжытпас қағидаға айналдырған. Мәселен, бай адамдар біреу қарыз сұрап барса, кешкілік уақытта бермейді. «Ақша тайып кетеді» деп есептейді олар. Сіз бұған күлуіңіз мүмкін. Дегенмен олардың баюына әлдебір ұстанымдардың да ықпал еткені анық. Ойланып көріңіз.

Қалтасы жыртық киім, жалбыраған шашақтары бар шалбарлар да ақшаны үркітетін көрінеді. Мұндай киімдерден аулақ болғаныңыз абзал.

Енді мына сұраққа жауап беріңізші: сіз жалақы алысымен не істейсіз? Әрине, әріптес, достарыңыздан алған қарыздарыңызды бұрқыратып қайтара бастайсыз. Осыныңыздың өзі дұрыс емес екенін білемісіз?

Жалақы алысымен ең алдымен өзіңізге арнап титтей де болса бір зат алғаныңыз абзал. Мейлі, ол оттық болсын, мейлі қалам болсын. Мәселе оның құнында емес, өзіңізге деп алғаныңызда.

Содан соң дәл сол күні таратып салмай, жатарда жастығыңыздың астына ақшаны жастанып жату керек. Бұл күні ұйықтар алдында Алла тағалаға беріп жатқан нығметтеріне алғысыңызды жаудырып, алдағы уақытта табысыңызды берекелі етуді сұрау артық етпейді. Тек келесі күні ғана қарыз тарата бастаңыз.

Есіңізде болсын: мына бір жайтты әдетке айналдырған адамның ақшасы еселене түседі: ай сайынғы жалақыңыздың он пайызын, оған шамаңыз жетпесе 2-3 мың теңгесін депозиттік шотқа жинауды бастаңыз. «2-3 мың неменеге жетеді» деріңіз хақ. Алайда «теңге тиыннан құралады» деген жай сөз емес. Біріншіден, сізде ақша жинауға деген дағды-машық қалыптасатын болады. Бірте-бірте сіз ақшаны қалай болса солай ұстауды ұмытып, жинауды әдетке айналдыратын боласыз. Екіншіден, жұмсалмай тұрған ақша өзіне ақырындап ақша тарта береді.

Сізде жұмыста «қара касса» ойнау дәстүрі бар шығар? Сіз енді бұл сөзді ұмытыңыз. Өйткені «қара касса» деген сөз ақшаны қиындыққа, әлдебір жазатайым жағдайға жинау деген сөз ғой. Ақша патша мұндай сөздерді ұнатпайды. Сіз бұдан былай әріптестеріңізге «Алтын сандық» ойнап, ақшаны сонда салайық» десеңіз, дұрыс болады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген.

Әйел адамдардың ақша қуатын арттырғысы келгендеріне айтар кеңесіміз: әдемі қызыл әмиян сатып алу. Қызыл түс – ақшаның аса жақсы көретін түсі. Ақша шақыратын түс. Мұны ресейлік және шетелдік ақша тақырыбын қаузап жазған психологтардың бәрі де жарыса айтқан.

Айтпақшы, үйіңізде немесе жұмыс үстеліңізде сынған айна, тоқтап қалған сағат немесе басқа да қираған құрал-жабдықтардың тұруына жол бермеңіз. Әсілі, өзіңіз қиындық көрген күндерді есіңізге түсіре беретін көне заттардан арылған дұрыс. Ал тоқтаған сағатты жөндету немесе жаңасына ауыстыру өміріңізге қандай да бір өзгерістер алып келері ақиқат.

Ақша туралы құпияларымызды алдағы уақытта да «Алаш айнасы» оқырмандарымен бөлісетін боламыз!

Дереккөз:  Alashainasy.kz

Адам 5 нәрсеге асығу керек
Қызым саған айтамын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу