Бала кітаппен емес ойынмен жетіледі

Oinet.kz 31-05-2019 999

Screenshot_2.jpg                                

         Барлық ата-ана баласының білімді, ақылды болғанын қалайды. Кейбір ата-аналар баласының сабағын үнемі қадағалап, тіпті кітаптан бас алмай оқуға мәжбүрлейді. Бос уақытын тек кітаппен өткізуге итермелейді. Яғни бала ойыннан шектеліп қалады. Мамандар баланы тәрбиелеуде, оқытуда мұндай әдіс дұрыс емес деп санайды. Бала мен ойын арасындағы қарым-қатынасты көбіміз дұрыс түсіне бермейді екенбіз. Ойын мен оқуды қарсы қоя беру білместік екен. Қайта ойыны қанған баланың сәйкесінше үйренуі де жақсы болатынын ғалымдар дәлелдеуде. Ойнау барысында бала кітаптан табылмайтын нәрселерді үйренеді, дарыны өркен жайып, таланты ашыла түседі. Тек оның ойыны орынды болса болғаны. Ойын оның еңсесін көтеріп, ынтасын ұштап, көмескі күшінің ашылуына зор мүмкіндік береді екен.  

Топтасып ойнаған ойын қызықты болады. Балалар өзара араласу арқылы түсінісуді, бір-біріне жол беруді, барыс-келісті, селбестікті, бәсекені үйренеді. Яғни бала тек кітаппен ғана білімдар болып шықпайды. Қазіргі балалардың сабаққа деген ынталарыны жоғары екені рас. Бұл әрине қуантарлық жағдай. Алайда олар қалай ойнауды білмей барады. Планшет, компьютер ойындарынан әріге аса алмайды. Сондықтан балаларды көпшілікпен араластырып, құрдастарымен көбірек ойнатқан жөн. Дұрысы төрт қабырғада емес оларды табиғат аясында серуендеткеннің пайдасы зор. Балаңызға физикалық, логикалық ойындарды ойнауға мүмкіндік беріңіз. Сонда ғана баланың таным-түсінігі, көкжиегі ұлғаяды.

Ұлбике Қалмұратова

Орамал-әйелдің ар өлшемі
Серік Ерғали, мәдениеттанушы: «Құндылығы жоқ жанұя жай ғана бірігіп тамақ ішетін орынға айналады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу