Серік Сәпиевтің қызметі жоғарылады
Белгілі боксшы Серік Сәпиев спорттық мансабынан кейінгі қызметін жалғастырып, Қазақстан бокс федерациясында жаңа лауазымға ие болды, деп жазады Оinet.kz.

Ол Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы ұйымның баспасөз қызметі хабарлады.
Серік Жұманғалиұлы Сәпиев 1983 жылы дүниеге келген. Ол – бокстан Олимпиада чемпионы, екі дүркін әлем және Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Сонымен қатар «Парасат» орденінің және Вэл Баркер кубогының иегері.
Жаңа қызметінде Серік Сәпиев ұлттық құрамалардың нәтижесін арттыруға, боксты жүйелі түрде дамытуға және Олимпиада ойындарына дайындық сапасын жетілдіруге атсалысады.
Айта кетейік, Серік Сапиев – 2012 жылғы Лондон Олимпиадасы чемпионы әрі 2010 жылғы Азия ойындары жеңімпазы.
Ол әр жылдары мемлекеттік қызметте де еңбек етіп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, сондай-ақ өңірлік басқарма басшысы қызметтерін атқарған.


