«Президентпен селфидің» құны қанша?

Oinet.kz 19-06-2017

Screenshot_1.jpg

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы аптаның басында Эр-Риядта өткен «АҚШ – Ислам әлемі» саммитіне қатысты. Саммит барысында мемлекет басшысы АҚШ президенті Дональд Трамппен қысқа кездесу өткізді. Одан бөлек Кувейт, Қатар әмірлерімен, Бахрейн королімен, Йемен президентімен және тағы басқа да ел басшыларымен кездесті. 

«АҚШ – Ислам әлемі» саммитінде қай елдің жетекші рөл атқарғаны белгілі ғой, АҚШ президенті Дональд Трамп пен мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсон жұрт назарында болды.Бұлармен кездескен Қазақстан президенті де назардан тыс қалған жоқ. Осы саммитте президент Н.Назарбаевтан бөлек, тағы бір «қаһарман» пайда болды. Ол – ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың мемлекеттік хатшысымен кездесіп, қауқылдасып тұрған сәтте фотограф сырт-сырт еткізіп суретке түсіріп алыпты. Негізгі планда екеу– Нұрсұлтан Назарбаев пен Рекс Тиллерсон. Аудармашы рөліндегі сыртқы істер министріміз Қайрат Абдрахманов – екінші планда. Осы үшеудің арғы жағында ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке қатты ұқсайтын біреу суретке түсіріп тұр. Қолындағысы смартфон екені, не фотоаппарат екені белгісіз. Қару емес екені анық, әйтеуір. Міне, Қазақстан қоғамында абың-күбің әңгіме тудырған сурет – осы. «Суреттегі адам Мәсімов пе, жоқ па?» деген сұрақ маңызды емес. Белгісіз біреу президенттің ту сыртынан суретке түсіріп тұрса да, ҰҚК төрағасы жауапкершіліктен құтыла алмайды. 

«Суретке түсіргенде тұрған не бар?» деуіңіз мүмкін. Рас, онда тұрған ештеңе жоқ. Кәрім Мәсімов те – ет пен теріден жаратылған жұмыр басты пенде. Жақсы сурет түсіргісі келеді, оны жұртқа көрсетіп мақтанғысы келеді. Бірақ...

2015 жылы Бурабайда ТМД елдері басшыларының кездесуі өтті. Қонақ күтуші тарап болғандықтан, Қазақстан президенті Н.Назарбаев өзге ел басшыларын қарсы алып тұрған. Сол сәтте шымылдықтың арғы жағынан шыға келген миллиардер Болат Өтемұратов смартфонын соза ұмсынып, президентпен селфи-суретке түспекші болды. Маңызды бірдеңе көрсетеді деді ме, алғашқыда президент те ыңғайлана берген. Смартфоннан өз бейнесін көргенде ғана миллиардердің ойын түсінсе керек, оны итеріп тастады. Қолайсыз жағдайда қалған Б.Өтемұратов қипақтап біраз тұрды да, бұрылып кетті.

Миллиардердің қандай ойы болғанын тап басып айту қиын. Бірақ, болжам жасауға әбден болады. Өтемұратов президентпен селфи жасады делік. Оны жұрт міндетті түрде көретін еді. Жұртпен бірге Өтемұратовтың жаулары да көреді. Көреді де, айылын жияды. «Мынау Елбасыға тым жақын жүр екен, аш пәледен қаш пәле» деп. 

Ал енді Кәрім Мәсімов Нұрсұлтан Назарбаев пен Рекс Тиллерсонның фонында селфи жасамайды. Ондай ақымақтыққа бармайды. Өтемұратовтың әрекеті оған сабақ. Ал енді екеуінің сыртынан бірнеше сурет түсіріп, сәтті шыққанын президенттің өзіне көрсетіп ұпай жинауға әбден болады...

Жалпы, президентпен селфи-суретке түсіп, оны әлеуметтік желіге салып мақтануға бола ма? «Президентпен селфидің» құны қанша? 

Президентпен селфи жасауға әбден болады. Мұны халықтың сүйіктісі, атақты зілтемірші Илья Ильин дәлелдеген. Селфидің құны да қымбат емес. Ел алдында сүйкімің болса жеткілікті. 

Әй, бірақ, кейбіреулер үшін сол аздаған сүйкімнің өзі миллиардтарға сатып ала алмайтын баға жетпес байлыққа айналған жоқ па...

Ерік Рахым

Әли Көмекбаев: «Елбасы тапсырмасына сәйкес мансаптық модуль енгізілді»
Сүлейменов басшылық ететін ішкі істер департаментінің сиқы...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу