Назарбаев: «Ақшаны қайтармаса, мен олармен басқаша сөйлесемін»

Oinet.kz 04-12-2017 6061

Қазақта «бай болса елге пайдаң тисін» деген сөз бар. Өкінішке қарай, қазір байлардан, олардың жиған-терген дүниесінен не халыққа, не мемлекетке пайда болмай барады. Байлар дәулетін Қазақстанда емес, шетелде ұстайды. Кеше Астанада Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы осы теріс тенденцияның белең алып бара жатқанына қынжылыс білдірді. 

- Нарықтық экономиканы дамытудың арқасында бізде бай әрі ауқатты адамдар көбейді. Әрине, байлардың болғаны жақсы. Бірақ олар Қазақстандағы капиталын шетелге шығарып, сол жақта ұстайды,-деген президент байлардың шетелге ақшаны қандай жолмен шығаратынын да айтып берді. 

Screenshot_13.jpg

-  Бүгінде қаражатты шетелге шығарудың бірден-бір жолы ол - күдікті импорттық-экспорттық келісімдер. Ондайда экспортер шетелге тауар мен қызметтерді жібереді, бірақ ақшаны алмайды. Сол сияқты импортер тауар мен қызметтер үшін қаржыны шетелге аударады. Алайда ешқандай қызметті де, тауарды да алмайды. Сөйтіп, бәрімізді алдайды, - деді Елбасы. 

Президенттің айтуынша, күдікті импорттық-экспорттық келісімдерге жол беріп, капиталды шетелге шығаруға валюта нарығына қатысты заңнама жағдай жасап отыр. 

-Мәселен, қазіргі кезде 27 мың келісім бойынша қарыздың жалпы сомасы 7,7 миллиард долларды құрап отыр. Бұл - екі жылда жиналған қаражат. Қазіргі заңнамада нақты шектеулер жоқ, - деген президент премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа шетелдегі қаржыны қайтаруға қатысты арнайы заңнаманы әзірлеуді тапсырды.

Елбасы шетелге қаржы шығаруға Қазақстанға жарияланған мүлікті жария етуге рақымшылық жасау шарасының да ықпалы тимегеніне тоқталды. 

- Осы уақытқа дейін біз ақшаны заңдастыруды үш рет өткіздік. Ешкімге тиіспейміз дедік. Солай болды. Бір адамды жауапқа тарттық па? Біреудің астын қазбаладық па? Жоқ, ешкімге тиіскен жоқпыз. Қазіргі жағдайда сіздер шекараның арғы жағында ұстап отырған ақшаларыңыздан айрыласыздар! Өздерініз сезіп жатқан боларсыз. Санкциялық соғыс қызып тұр. Ондайда сіздерге ешкім көмектесе алмайды. Ақшаны Қазақстанға қайтарыңдар да, осында ұстаңдар! Қандай кепілдік керек? Мен тиісті заңдарды да, жарлықтарды да шығарып беремін. Олай істемеймін десеңдер, біз өзіміз істейміз. Артынан реніш болмасын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Бір қызығы, тапқан ақшасын шетелде ұстайтындардың арасында мемлекетке қарасты компаниялар да бар. Президент олардың атын атап, түсін түстеді. Бүгінде 18 отандық компания 12,5 миллиард долларды шетелде ұстап отыр. Атап айтқанда, «Теңіз Шевройл» компаниясы - 4,5 миллиард доллар, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы - 3 миллиард доллар, «ҚазМұнайГаз барлау мен өндіру» компаниясы - 2 миллиард доллар, «Азия газ құбыры» ЖШС - 1 миллиардттан астам доллар, «Бейнеу-Шымкент» газ құбыры» ЖШС - 100 миллион доллар, бұдан бөлек, «Шығыс Цемент», «Жайық Мұнай», Каспий құбыры консорциумы және тағы басқа компаниялар шетелде қыруар қаражатты ұстап келеді. 

- Неге олай істейсіздер? Қазақстанның ресурстарын сатып, ақша табасыздар? Ал табысты шетелде ұстайсыздар. Неге ол ақша осында айналып, ел экономикасына жұмыс істемейді? Жарты жылдың ішінде мемлекетке қарасты компаниялар шетелдегі қаржысын 2 миллиард доллардан 6 миллиардқа дейін ұлғайтты. Сіздер нені күтіп отырсыздар?! Мен осыны түсінбеймін, - деді президент. 

Жиында Елбасы премьерге аталған әрбір компания басшысымен жеке-жеке сөйлесуді тапсырды. 

- Ақшаны қайтармаса, мен олармен басқаша сөйлесемін. Осыны бүкіл Қазақстанның алдында ескертіп қояйын. Біз ол ақшаны қайтарудың жолын табамыз. Бірақ ол кезде сіздер болмайсыздар. Сіздерге жаман бір нәрсе істейміз деп отырған жоқпын. Мемлекет сіздерге ақша жасауға жағдай жасады. Сіздер болса, ол ақшаны мемлекеттен тығып отырсыздар. Олай болмайды. Жетеді осымен, - деді президент әңгімесінің соңында. 

Байлар тапқан ақшасын неге шетелде ұстайды? Премьер Бақытжан Сағынтаевқа алдымен осы сауал төңірегінде бас қатыруы керек шығар, сірә. Бәлкім тапқан ақшаның таза еместігін білгендіктен шығар. Күні ертең істі болып, басына күн туған жағдайда биліктің түп-тұқиянына дейін қопарып, тышқақ лағына дейні тартып алатынын түсінгендіктен шығар? Қалай десек те, бұл арғы жағында құпиясы көп, түбі жақсылыққа алып бармайтын дүние болып тұр.  

Қарағандыда із-түссіз жоғалған келіншектің денесі темір жәшіктен табылды
Ресейдің келесі президенті кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу