«Спецназ» Сапарбаев жамбылдықтарды жұдырықша жұмылдыра ала ма?

Oinet.kz 13-02-2020 997


11684222.jpg

Қазақстанның тарихында бес бірдей облысқа әкім болған жалғыз Бердібек Сапарбаев қана шығар, сірә. Зейнет жасындағы Бекең осыменен бесінші облысқа әкім болып тағайындалды. Қай жерден өрт шықса, сол жерден табылатын «спецназ» Сапарбаевты дәл қазір қалай мақтасаңыз да жарасады. 

11 адамның өлімі мен көптеген азаматтардың жарақат алуына, 8 мың дүнгеннің (кейбір ақпараттарға қарағанда 20 мыңға жуық) көршілес Қырғызстанға барып паналауға мәжбүр еткен Қордайдағы қақтығыстан кейін Сапарбаев үкіметтік комиссияға жетекшілік етті. Артынша әкімдік креслоны да иемденді. 

«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жамбыл облысының дамуына ерекше көңіл бөледі. Қазіргі таңда өңір басшылығының алдында ауқымды міндеттер тұр. Ең алдымен, идеологиялық жұмысқа және ұлтаралық келісімнің нығаюына, әлеуметтік-экономикалық жағдай мен халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға баса назар аудару қажет», — деді А. Мамин. Осыған қарағанда, Жамбылға Сапарбаевтың кандидатурасын бекітудің Назарбаев пен Тоқаев екеуінің әбден ақылдасқан, кеңескен шешімі сияқты. Маминнің алдымен идеологиялық жұмысқа назар аударуды тапсырғаны да тегін емес. Сапарбаевтың мықты идеолог екендігі әлдеқашан мойындалған.    

Әулиеата өңірі Бердібек Сапарбаев жетекшілік еткен бесінші облыс екендігін жоғарыда айттық. Бірақ Бекеңнің әкімі болған жерінде жергілікті кадрлармен конфликтке жиі баратындығын да айта кеткен жөн шығар. Сапарбаев Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған жылдары Шымкентте рушылдық, жершілдік туралы әңгімелер көп айтылды. Шығыс Қазақстан облысына әкімі болған жылдары Сапарбаевтың мердігер компаниялардың көпшілігін соңынан ертіп әкелгені туралы әңгімелер өршіді. Ақтөбе облысына әкім болған Бердібек Машбекұлының пиармен көп айналысатындығы, популистік әдіс- тәсілдерді жақсы көретіні, соңынан өз кадрлерін алып келгені туралы ақпарат құралдарында көп жазылды. Бірақ бәрібір де Бердібек Сапарбаевтың өте іске басшы екендігіне ешкімнің күмәнданбайтыны айдан анық.

«Спецназ» енді жамбылдықтарды жұдырықша жұмылдырып, жұмыс істей ала ма? Сапарбаевтың тағы бір сыналатын кезі келді.  

Oinet.kz


888 мың теңге қаржы жымқырған басшы құрықталды
Ерлан Атамбай жаңа қызметке тағайындалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу