Жол-патрульдік полициясының бір күні... Капитан толғақ қысқан келіншекке қалай көмектесті?

Oinet.kz 22-02-2020 1863

Жол-патрульдік полициясының бір күні... Капитан толғақ қысқан келіншекке қалай көмектесті? Бұл туралы "Рейтинг" газетінің тілшісі баяндайды. 

Жолға шықтық. Алыс сапарға емес, облыс орталығы Түркістан қаласының көшелеріне. Оған түрткі болған Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мамандарының ұсынысы. Рас, полиция қызметі туралы мәліметтер сұратқанмын. Бірақ, олар Жол-патрульдік полицияның жұмысын өз көзіммен көріп, жазғанымды қалады. Маған да керегі осы еді. Журналисті аяғы асырайды емес пе? Жергілікті полиция қызметі басқармасына бағынысты Патрульдік полиция батальоны қызметкерлерін іздеп, «Мега» ойын-сауық сауда орталығын бетке алдым. 

Screenshot_8.jpg

Фотода М.Мақұлбеков

Капитанның сөзіне сүйенсек, жол ережесін бұзатындардың арасында қауіпсіздік белдігін тақпайтындар бұрынғыдай көп болмаса да әлі де аз кездеспейдіақұ

Түркістан қаласының айналма жолының бойында қоғамдық жолаушылар көлігінен түскен бойда таяқ тастам жерде тұрған полиция көлігіне беттегем. Көз алдымда үлкен жолға ереже бұзып шыға келген жеңіл көлікті тоқтатқан сары жилетті полицейді фотаппаратыммен шыртылдатып түсіре бердім. Бірақ, маған мән беріп жатқан ол жоқ. Сапта тұрған солдаттай бойын тік ұстап, қолын маңдайына жеткізіп өзін көлік иесіне таныстырып, жұмысын жалғастыра берді.  

Мені сонадайдан байқап тұрған капитан қасыма жақын келді. Өзін таныстырды – Патрульдік полиция батальонының қызмет аға инспекторы, полиция капитаны Мақсат Мақұлбеков. Оның есімін естігенімде есіме бірден осыдан 20 күндей бұрын жүкті әйелді перзентханаға жеткізген полицей түсті. 

– Сіз өткенде толғатқан ананы жолда босандырып алған азамат емессіз бе? – дедім бірден. – Босандырған жоқпын, жол ашып, облыстық перинаталды орталыққа жеткізіп салғаным болмаса, – деп ол жылы жымиды. Бір ауыз сөзбен шектелді. Ісін өзіне жүктелген жауапкершілігімен көрсетуді қалайтынын білдірген капитан менімен танысқан соң ғана сұрағыма жауап берді  

– Біздің қызметіміз – жол қауіпсіздігін сақтау, қолдан келгенше көмектесу. 21-қаңтарда сағат 12 жарым шамасында автокөлігімен келе жатқан азамат тоқтап, менен көмек сұрады. Толғақ қысқан келіншегін перзентханаға алып барады екен. Көліктің көптігінен қозғалысы баяулаған ғой. Босандыру үйіне жеткізуімді өтінді. Қызметтік көлігімнің дабылқаққышын іске қосып, тездетіп перинаталды орталыққа жеткіздім. Сол кезде жолды ашып бізге көмектескен көлік жүргізуші азаматтарға көп рақмет! Олар да Құдайдың қалауымен мені бір перзенттің өмірге келуіне себепкер етті, – деді Мақсат. Мақтанып тұрған жоқ, «себепкер болған шығармын» дейді. 

Мақсат Мақұлбековтің өз қызметіне адал және жауапкершілікпен қарағаны үшін Полиция департаментінің бастығы, генерал Қайрат Дәлбековтің бұйрығымен марапатталғанынан хабарым бар. Ризашылығымды білдіріп, қолын алдым. Әрі қарай екеуміздің әңгімеміз Патрульдік полицияның жұмысы жайлы өрбіді.   

Капитанның сөзіне сүйенсек, жол ережесін бұзатындардың арасында қауіпсіздік белдігін тақпайтындар бұрынғыдай көп болмаса да әлі де аз кездеспейді. Жол жағасындағы полиция көлігін көрсе, қалбалақтап дереу ременіне жармасатындар жетерлік. Сосын рұқсат етілмеген жерде тоқтап, тыйым салынған тұстан жол белгісіне қарамай бұрыла салатындар, көлік жүргізіп келе жатып телефонмен сөйлесуді қауіп санамайтындар мен стоп сызығын байқамай басатындарға айыппұл салынады. Тіпті мынадай қыс ауасында асфальтке батпақ басып шыққан көлік иесі де айыптылардың қатарын толтырады екен. «Ескертпейсіздер ме?» дегеніме жауап біреу болды – заңда ескерту қарастырылмаған. 

Screenshot_7.jpg

–Тұрғындардың қауіпсіздігімен қатар қаланың тазалығын да қадағалаймыз. Өздерінің айыпты екенін мойындап, «ескертіп жібере салыңызшы» деп қиылатындар да бар. Бірақ, қолданыстағы заңда ескерту қарастырылмаған. Дегенмен, алғашқы кезде көшенің кез келген тұсынан өтетін азаматтарға жол көрсетіп, ескертулер жасағанбыз. Сол сияқты «Сергек» бейнебақылау камераларының көбейгеніне де наразылар бар. Әрине, жол ережесін сақтамайтындар үшін «Сергек» жақсы болмауы мүмкін. Бірақ, оның жол-көлік оқиғасы орын алғанда жағдайды анықтауға көмегі көп тиеді. Кейбіреулер мұны табыс көзіндей көріп, сол үшін қойылған деп ел ішінде түрлі әңгімелер айтады. Халықтың ортасында жүрген соң оның бәрін естиміз. Алайда, бұл бюджетке айыппұлдар есебінен түсімдерді көбейту үшін емес, ең алдымен халықтың қауіпсіздігі үшін орнатылған. Жалпы жол ережесін бұзбаған жүргізушіні ешбір полицей себепсіз тоқтатпайды, – деді өзін жеке батальонның полиция инсекторымен деп таныстырған лейтенант Жандос Пазылбеков.  

Screenshot_6.jpg

Байқасам, полицейлердің ешқайсысы қағаз толтырып жатқан жоқ. Қолдарында бір-бір планшет, электронды хаттама... Цифрландыру бағдарламасы аясында қолданысқа енгізілген планшеттер полиция жұмысының ашықтығын айқындап тұрғандай. 

Патрульдік полиция батальонының командирі, полиция подполковнигі Асқар Жүзжасаровтың айтуынша, батальонның жеке құрам қызметкерлерімен былтыр жалпы саны 96554 әкімшілік хаттама толтырылыпты. Ал, арнайы «КРИС-П» жылдамдық өлшегіш құралымен жалпы 5465 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. «Нөлдік төзімділікті» қалыптастыру қағидасының талабын орындауда Патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен 2376 әкімшілік хаттама түзілген. Сонымен қатар, батальон жалпы саны 82 қылмысты жедел ашуға өз үлесін қосқан. Оның ішінде тонау, ұрлық, бұзақылық, есірткі және тағы басқа қылмыстар да бар.  

Screenshot_5.jpgАл, Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылы 16-қыркүйектегі №153 Жарлығымен «төтенше жағдайлар кезінде қайсарлығы мен ерлігі үшін және қызметтік міндеттерін үлгілі орындаған» Патрульдік полиция баталоны командирінің орынбасары, полиция майоры Қанат Рақышев наградталды. Ол Түркістан қаласындағы «Роял-гранд» қонақүйі отқа оранғанда қатты қорыққан кішкентай бүлдіршінді сыртқа алып шығып, ішке қайта кіріп шетелдік екі азаматты құтқарған. Олай дейтініміз, екі азаматты аман-есен сыртқа алып шыққаннан кейін артынша қонақүйде жарылыс болды. Бір минут кешіккенде ешкім де аман қалмас еді. Осындай көпке ісімен өнеге болған азаматтары бар Патрульдік полиция батальонының 25 қызметкері Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтің «өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендері үшін» деген Алғыс хатымен марапатталған.

Дархан Кәлетаев Қазақстанның Украинадағы елшісі болып тағайындалды
Оңтүстік Кореяда бір тәулікте 142 адам коронавирус жұқтырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу