Әкімнің елге есеп беруі мереке ме?

Oinet.kz 03-02-2011 822

Screenshot_15.jpg 

Елбасының пәрменімен әкімдердің елге есеп беруі биыл да жалғасын тапты. Алдымен ауыл әкімдері жұртшылықпен жүздессе, енді екі аптадан бері ел аралаған аудан, қала әкімдері біртіндеп  қорытынды есеп беру жиынын аяқтап жатыр. Солардың бірі, Арыс қаласының әкімі Қанат Сыдықовтың өткен жұмаға белгілеген жиыны Астанада Парламент палаталарының біріккен отырысында Елбасының Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын  арнайтын уақытпен дәл сәйкес келгеніне әдепкіде таңданғанымыз рас.  « Ел енді әкімнің есебін тыңдай ма, әлде Елбасының жолдауын тыңдай ма?» дестік. Сөйтсек Арыс қалалық әкімдігі бұл жағын алдын ала қамдастырып  қойыпты.   Залға жиылған жұртшылық алдымен экраннан Елбасының Жолдауын тыңдады. Осыдан кейін мінбеге қолына баяндамасын ұстаған Арыс қаласының әкімі Қанат Сыдықов көтерілді.

Оның сөзіне сүйенсек салық түсімі жақсарған, бірқатар өндіріс орындары іске қосылған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру артқан. Каналдарды жөндеу қолға алынған. Ұзақ-сонар айтып қайтеміз, әкімнің баяндамасынан қысқаша ұққанымыз былтыр Арыста әдемі-і-і тірліктер аз атқарылмапты. Ол баяндамасын оқып бітер-бітпесте  өзін қажылар қауымдастығының төрағасымын деп таныстырған азамат сөз сұрағанда сыбыр-сыбыр сөз көбейіп кетті. Елдің сыни пікірін естімеген сыңай танытқан қажекең іркіліп қалмады. «Әкімнің есеп беруі біз үшін мереке. Барлықтарыңызды осы мерелеріңізбен құттықтаймын» дегені не мақтауы, не мазағы екенін түсінбедік. Айтпақшы қажекең «туған күнге» қатысқандай әкімге тамаша тілектерін арнауды да ұмытқан жоқ. Байқайсыз ба, ел асыға күтетін Елбасының Жолдауын емес, қала әкімінің есебін мереке есептейтіндігіне қарағанда кім білсін, Қанат Сыдықов шындығында да біз бағаламайтын таңғажайып адам  шығар. Өйткені қажекең салған соқпаққа түсіп әкімнің мақтауын асырғандар аз болмады. Есеп беру емес расында да мереке дерсіз. «Өте жақсы жұмыс істеп жатырсыз. Осылай талмай еңбек ете беріңіз...» дейтін тағысын тағы да тамаша тілектер. «Қанеке, көп тірлік істеп жатқаныңызды көріп жүрміз...», «Сіз сыпайы да, байыпты әкімсіз» деді мінбеге шығып сөз алғандардың бірі тобы... 

«Сіздің жұмысыңызға оң баға беремін, тырнақ астынан кір іздеп қайтеміз, одан да әкімге қолдау білдірейік» деді және бір азамат. Абырой болғанда  «мерекеде»  қызды-қыздымен әкімнің үстіне шапан жауып, басына бөрік кигізген ешкім болған жоқ, әйтеуір.

 Дегенмен топ арасынан суырылып шығып, тырнақ астынан кір іздемей-ақ қалыпты тіршіліктің түйткілдерін тарқатып, айтып-айтып тастайтын арыстықтар жоқ емес екен. Солардың бірі аудан кәсіпкерлерінің атынан сөз алған Сағынбек Жолбарысхан былай деді:

--Біріншіден, Арыс теміржолшылардың қаласы.  Қаладағы жұмысшылардың 70 пайызы сонда еңбек етеді. Бірақ теміржол кәсіпорындарының тоқырауға ұшырағанына 20 жыл болды. Соның салдарынан мыңдаған жұмысшы қысқартуға ілікті. Сондықтан Арыс қаласынан теміржолға қызмет ететін кәсіпорын салу қажет. Екіншіден, Көксарай су реттегіші осы Арыс қаласының аумағынан салынды. Көксарай қазір көрікті орынға айналды. Осындай әсем жерлер біреулердің қанжығасында кетпей жатып, демалыс орындарын салу қажет. 

Үшіншіден,  қалалық әкімдіктің кәсіпкерлермен байланысы жоқ. Мәселен, қалада қазір 8 диірмен бар болса, соның 7-еуі істемей тұр. 

Төртіншіден,  3 жылдан бері қаланың ішкі жолдары жөнделіп жатыр. Биыл бітуі тиіс. Оған қазынадан 1,5 миллиард теңге бөлінген. Сол жұмыстардың  барлығы жобаға сәйкес емес. Асфальт 2-3 сантиметрден артық төселіп жатқан жоқ. Жолдың екі жағы бекітілмеген. Бұл қалыппен олар ұзамай бұзылады. Осыны бақылауға алу қажет.

Жи ынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев мінбеге аудандық қаржы және бюджетті жоспарлау бөлімнің бастығын шақырды. 

--Қаланың бюджетті былтыр 3 миллиард 675 миллион теңгені құрады. Бірақ оның тек 17 пайызы ғана жергілікті жерден жиналады. Қалғаны облыстан, республикадан бөлінген. Жергілікті кірісті арттыру үшін не істеп жатырсыздар?—деген оның сауалына бөлім бастығы «жер салығын көбейтіп жатырмыз» дегеннен артық жартымды жауап қайыра алмады. 

-- Былтыр қалада 24 заңды тұлға тіркелген, бірақ оған жұмысқа орналасқан азаматтардың саны 27-і ғана. Мұны қалай түсінеміз? Сонда әр мекемеде 1 адам ғана жұмыс істей ме? Былтыр бюджеттің 16,9 миллион теңгесі игерілмей қалған?

Бұл сауалға да «дұрыс айтасыз» дегеннен басқа жартымды жауап ести алмадық. 

Әли Бектаев бұдан кейін қаладағы шешілмей тұрған тағы бірнеше мәселеге тоқталды. Қала аумағында 18 мың гектар суармалы жер болса, соның 5800 гектары ғана игерілген. Бірде-бір асыл тұқымды шаруашылық жоқ. Монтайтастағы апатты жағдайда тұрған мектептің құрылысы 2010 жылдың соңында аяқталуы тиіс еді. Аяқталмады. Кәсіпкерлерге берілген несиелер қайтпаған. Қаладағы коммуналдық қызметтердің жұмысы сын көтеретін халде емес. Ауыз сумен айналасатын «Ақаба-сервис» және «Арыс-жылу» мекемелерінің 5 миллион теңгеге жуық қарызы бар. 

Аудандағы қылмыстық ахуал да мәз емес екен. Былтыр қылмыс 37 пайызға өскен. Мал ұрлығы өршіп тұр, ал пәтер ұрлығы 3,5 есеге артқан. «Арыстықтардың барлығы бір жылда ұры болып кеткен бе?» деген сауалға қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Әуелбек Әбдірашов: «Мал ұрлығы облыс бойынша өршіп тұр. Мал ұрлығы көбейген ауылдардағы инспекторларды орындарынан босаттық, Қалада темір-терсек, ұялы телефон ұрлығының көбейгені рас, бірақ оларды қабылдайтын мекемелерді біз тексере алмаймыз» деп ақталды. 

Жалпы, шенеуніктердің халық алдындағы есеп беруінің түпкі мәні әкімнің бір жылда атқарған жұмысын көрсету ғана емес қой. Есепті халыққа берген соң, халық бұл есепке қанағаттана ма, жоқ па, атқарылған жұмысқа қандай баға беретіні маңызды емес пе? Алайда жиын соңында бұл мәселені көтерген ешкім болған жоқ. Соған қарағанда әкімдердің есеп беруі күнде өтіп жүрген басқосулардың біріне айналып бара жатқан сияқты. 

Әкімнің есебін тыңдап шыққан арыстықтар мерекеден қайтқандай емес, у-шусыз тарап бара жатты. 

oinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

Қайрат Сапарбаев: «Ешкім сен үшін өмір сүрмейді»
Президент референдумды емес, сайлауды қалады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу