Сұлтанханов сынға ілікті

Oinet.kz 03-05-2023 730

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданының әкімін жаңартты. Бұл қызметті 2020 жылдан бері атқарып келген, оның алдын екі басқармаға басшылық жасаған, екі аудан әкімінің орынбасары лауазымын атқарған, жалпы жұртшылық жұмысына оң баға беріп жүрген Нұрлан Байғұт әзірге жұмыссыз отыр.

Screenshot_10.jpg

Ал жаңа әкім Нұржан Ізтілеуов бұған дейін Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет атқарған. Еңбек жолында Түлкібас ауданында ауыл әкімі, аудан әкімінің орынбасары болған. Яғни, Түлкібас өңірі үшін бөтен кадр емес. 

Ұзынқұлақтан жеткен әңгімелерге қарағанда, жақын арада  аудан әкімдері арасындағы ауыс-түйістің жалғасатыны туралы әңгіме желдей есіп тұр. Осы ауыс түйіске  Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов ілігіп кетуі әбден мүмкін. 

Мерекенің алдында  аталған ауданға арнайы барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сәкен Сұлтанхановтың жұмысына төмен баға берді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын талқылау жөніндегі көшпелі мәжілісте өңір басшысы барлық сала бойынша атқарылған жұмыстар мен кемшіліктерді саралады. Аудан әкімі мен жауапты басшыларға селқостықтан арылып, белсенді жұмыс істеуді тапсырды. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамыту жөніндегі кеңесте маңызды міндеттер жүктеді. Жергілікті әкімдерге жаңа талаптар қойылып отыр. Тұрғындардың мәселелерін созбалаңға салмай шешіп, елмен тікелей байланыста жұмыс істеуі керек. Ауданда экономикалық, әлеуметтік салалар, сондай-ақ, инфрақұрылым мен елді мекендерді абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы төмен деңгейде. Бұл – тек  аудан әкімі емес, оның орынбасарларына, аппарат басшысына, бөлім басшыларына да қатысты. Өз саласы бойынша жиі кемшілік жіберген, міндетін дұрыс атқара алмайтын басшыларға қатысты шара қолданылады. Ауданда басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын әзірлеу қажет. Табиғи газбен, электрмен жабдықтау, ауыз су жүйелерімен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдау шарт. Аудандағы көпқабатты үйлердің тұрғындары тұрмыстық қалдықтар, қоқыстар мерзімінде тазаланбайды деп наразылық білдіруде. Елді мекендерді абаттандыру үшін тиісті шараларды қабылдауды, ішкі, сыртқы көшелердің келбеттерін 1-ші маусымға дейін ретке келтіруді тапсырамын, – деген Дархан Амангелдіұлы әлеуметтік сала, денсаулық, білім салаларындағы мәселелерге де тоқталды.

Осы жиында Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұловтің келтірген деректеріне қарағанда, Отырарда 2021 жылмен салыстырғанда былтыр жергілікті бюджеттің кірістер бөлігіне 1 млн. 660 мың теңгеге кем түсім түскен. Ет өндірісі 2,4 пайызға, жұмыртқа өндірісі 19,4 пайызға, ешкі басы 10,2 пайызға, құс саны 6,3 пайызға кеміген.

Ауданының білім саласында педагогтардың жұмысқа конкурссыз қабылдаудың 4 фактісі, 6 білім ұясының мемлекеттік білім беру талаптарына сай келмеуі деректері анықталған. Қазіргі уақытта мектептердегі конкурссыз жұмысқа қабылданған қызметкерлердің құжаттары заңға сәйкестендірілген. Жауаптыларға жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау, қылмыстардың алдын алу жөнінде тапсырма берілді.

«Рейтинг» газеті

Дауылбаев дауды өршітпей ме?
Ескі ипподромның жері мемлекетке қайтарыла ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу