Кентауда кемшілік көп

Oinet.kz 12-04-2023 485

Кентау қалсында шешімін таппаған мәселелер көп. Экономикалық, әлеуметтік салалар бойынша, сондай-ақ инфрақұрылым мен қаланы абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тұрғындардың көңілі толмайды. Кентауға жұмыс сапарымен барып, қаланың өзекті мәселелерін талқылаған облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға кемшіліктерді жою үшін бір ай мерзім берді.

Screenshot_6.jpg

«Қалада салық базасын ұлғайту бойынша резервтер көп. Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесе қала бюджетінің түсімдерін ұлғайтуды қолға алыңыз. Қаланың дамуы бойынша басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын әзірлеп, қаланың инвестициялық климатын жақсарту қажет. Жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге басты назар аударуды тапсырамын», – деген Дархан Сатыбалды кемшілікке жол берген басшыларға ауызша ескерту берді.

Сондай-ақ Кентаудың даму барысы талқыланған мәжілісте Дархан Сатыбалды қала әкіміне шаһарға инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, индустриалды аймақты дамыту, ауыл шаруашылығын жандандыру, инфрақұрылымды жақсарту, ішкі абоненттерді газға қосу жұмысын жеделдету, білім саласын жаңғырту және өзге де мәселелер бойынша жұмыс атқаруды тапсырды. Басқарма басшыларымен бірлесе еңбек етуді жүктеді. Әрбір орынбасар мен бөлім басшыларының уәждері тыңдалды.

Мәжілісте Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов 2022 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Оның айтуынша, қаланың жалпы өнім көлемі 70,3 млрд теңгені құрап, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116,0% құраған. Өткен жылы өнеркәсіпте 41,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 2021 жылмен салыстырғанда 8,5 млрд теңгеге артқан. Барлық саладағы көрсеткіштер баяндалып, қаржыны талап ететін жобалар да айтылды. Ал облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов Кентауды дамыту барысындағы кемшіліктерді баяндады. Оның айтуынша, былтыр қалада бірқатар негізгі көрсеткіштер орындалмаған. Өнеркәсіптің нақты көлемі индексі 91,8 пайызды, инвестиция 88,7 пайызды, пайдалануға берілген тұрғын үй 79,6 пайызды құрады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының өнім көлемі, құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша жоспар орындалмаған. Өзге де салалар зерделеніп, өзекті проблемалары қозғалды. Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Кентау қаласы бойынша білім, мәдениет, спорт, ішкі саясат, дін салаларындағы өзекті мәселелерге тоқталып, шешу жолдарын ұсынды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Кентаудан бастау алған жаңа форматтағы кездесулер алдағы уақытта барлық аудан, қалаларда жалғасын табады. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды барлық аймақтарды аралап, әрбір ауданның даму барысын, жұмыстарын саралайды. Мәселелерді шешу жолдары қаралып, тапсырманың орындалу мерзімдері белгіленеді. Барлық сала зерделенеді. Осы арқылы өңірді дамыту жұмыс сапасын жақсарту, елдің өтініштері мен ұсыныстарын сапалы орындау, облыстың даму көрсеткішін жақсарту көзделіп отыр. 

"Рейтинг" газеті

Аюпов тағылған айыппен келіспейді
«Мұндай үкімге келіспеймін»: Жанболат Мамай
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу