Аюпов тағылған айыппен келіспейді

Oinet.kz 12-04-2023 476

Бұған дейін Түркістан, Кентау қаласының бұрынғы әкімі Рашид Аюповтың абақтыда отырғанын ресми орындардың растағанын жазған едік. Енді жәбірленуші жақтың қорғаушысы оған қатысты қозғалған қылмыстық іске қатысы бар Ғабидолла Әбдірахымовты да қамауда ұстауды талап етуде.

Еске сала кетейік, былтыр белгілі бизнесмен Сайдулла Қожабаевтың арызы бойынша Кәрім Мәсімов пен Ғабидолла Әбдірахымов, Рашид Аюповқа қатысты құзырлы органдар тергеу амалдарын бастады. Ақпарат құралдарында жарияланған мән-жайларға қарағанда, 2013 жылы С.Қожабаевты әлдебір азаматтар қорқытып, 20 миллион доллар талап еткен. Осы кездері Қожабаевқа  сол кезде Премьер-министрдің кеңсесінде жұмыс істейтін Рашид Аюпов келіп, оның иелігіндегі Кентау трансформатор зауытына аудит жүргізуді, басшылықты ауыстыруды және өзін зауытқа директор етіп тағайындауды ұсынған. Аюпов Қожабаевты сол кезде Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқаратын Ғабидолла Әбдірахымовпен таныстырған. Ал Мәсімовтің бұл уақытта Президент Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарғаны белгілі. Ақыр аяғында олар  Қожабаевтан 3,5 миллион доллар алған. Былтыр, яғни арада 9 жыл өткенде,   Қожабаев осы жөнінде  құзырлы органдарға арызданған. Рашид Аюпов былтыр тамызда Кентау қаласының әкімі қызметінен босатылды. Қазанда ол Астанадағы тергеу абақтысына қамалған.  Өткен аптада «Орда» порталы осы іске қатысты Аюпов пен арызданушы Сайдулла Қожабаевтың адвокаттарының пікірлерін жария етті. 

Аюповтың қорғаушысы Ерлан Макеновтың айтуынша, Кентаудың бұрынғы әкімі өзіне тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамаған.   Сонымен бірге тергеу барысында заңсыздықтар орын алған. Беттестірулер кезінде тергеушілер маңызды деген  сұрақтарды қойғызбаған. Тергеу амалдарынан күдер үзген  айыпталушы жақ енді соттың әділ өтетініне үміт артып отыр.

Ал бизнесмен Сайдулла Қожабаевтың адвокаты Ербол Қанафин Әбдірахымов пен оның көмекшісін қамауға алуды, оның мүліктеріне тыйым салуды сұранып, құзырлы органдарға хат жазған. Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл өтініш-арызды негізсіз деп тапқан. Осыған қарағанда Әбдірахымовтың артында мықты бір қолдаушысы бар-ау  деген күдіктің құлағы қылтияды.   Тергеу амалдары 10 айдан бері жүріп жатыр. Оның сотқа қашан өтетіні белгісіз. 

"Рейтинг" газеті

​Арман Жетпісбай қызметінен кете ме?
Кентауда кемшілік көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу