​ Досымов ақыры қызметінен кетті

Oinet.kz 08-09-2011 956


Screenshot_23.jpg

 Ішкі істер министрінің 4 қыркүйектегі бұйрығымен Қазақстанның үш облысының ішкі істер департаментінің және министрліктегі бірқатар  комитеттердің басшылары ауысты. Тақтан түскендердің қатарында Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті бастығы қызметін үш жылға уақыт атқарған, «Рейтинг» газетінің ең танымал «кейіпкерлерінің» бірі генерал Серімжан Досымов та бар. Жаңа министрге жақпай қалды ма әлде баспасөзде жиі сынға ілігіп, облыстағы қылмыстық ахуалды бетімен жібергені ескерілді ме, әйтеуір Досымов әзірге далада қалып тұр. Дегенмен уақытша сияқты.  Облыстық ішкі істер департаментіндегі баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаркөзованың хабарлауынша, генерал  министрліктегі кадрлық өзгерістерге елеңдеп, жаңа қызмет күтіп отырған көрінеді. 

Неге екенін қайдам, кейінігі кезде  облыстың полициясын басқарған басшылардың ішінде халықтың ықыласына бөленіп, қызметінен у-шусыз кеткені жоқ десек те болады. Департаменттегі генералдар Райымхан Өзбекғалиев, Хибратулла Досқалиевке жергілікті кадрлар өре қарсы тұрып, оның ақыры текетіреске ұласты. Бұған дейін Астана қалалық ішкі істер департаментін у-шусыз басқарған Досымовтың да «дәуірі» дау-дамайдан көз ашпады. Ішкі істер министрлігіне домалақ арызды топырлатқан жергілікті жол полицейлерінің тілімен айтқанда «алғашқы бір жыл тәп-тәуір жұмыс істеп, кейіннен тәпсісінен жаңылды». Облыста қылмыс құрық салдырмай кетті. Департаменттегі кадрлық сапырылыс, тәжірибелі басшыларды қызметінен кетіру, сыбайлас жемқорлық белең алды. Полицияның өз арасында да қылмыс өршіп, базбіреулері темір торға қамалды. Облыс көлемінде қылмыстың күрт көбейіп кеткеніне байланысты департаменттегі тиісті басшыларды жауапкершілікке тарту туралы ұсынысты Ішкі істер министріне облыс прокурорының өзі ұсынғанын да білеміз. Алайда  көптеген жауапты полицейлер тәртіптік жазаға тартылып жатса да, Досымовты мұртын балта шапқан жоқ. Осыдан кейін қай кезде де томаға-тұйық Досымовтың бір сүйенгені бар шығар деген де ой келген. Күні ертең ол министрліктен дәу бір қызметтің құлағын ұстап жатса таңқалауға болмайтын шығар.

Ал Серімжан Досымовтың орнына полиция полковнигі Асқар Оспанов келді. Ол бұған дейін Досымовтың бірінші орынбасары қызметін, оның алдын Алматы облыстық ішкі істер департаментінің орынбасары қызметін атқарған.

Ішкі істер министрінің бұйрығымен сондай-ақ Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің басшылығына полиция полковнигі Махарам Әміров отырды. Бұл қызметті бұған дейін атқарған полиция генерал-майоры Патрис Нокин министрліктегі көші-қон полициясы комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің бастығы болып Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің бұрынғы төрағасы әділет генерал-майоры Сұлтан Күсетов бекітілді. Павлодардың полициясын бұған дейін басқарған жерлесіміз, кезінде Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары болып істеген полиция полковнигі Арман Оразалиев орнынан өз еркімен босаған көрінеді. 

Oinet.kz мұрағатынан

Мешітіңіз кімнің атында?
Екінші президенттер…
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу