Бәрін тендерсіз жеңетін BI Group холдингінің артында Назарбаевтар әулеті тұр ма?

Oinet.kz 16-02-2022 2286

 OINET.KZ - Осы аптадағы  Үкімет отырысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин құрылыс компанияларының бәсекелестік емес артықшылық алу тәсілдерін, нақтырақ айтқанда артында үлкен алпауыт азаматтар тұр деген құрылыс компанияларының мемлекеттік тапсырыстарды қандай жолдармен ұтып алатынын атап өтті.   

Screenshot_5.jpg

«Жер учаскелерін берудің бәсекелес тәсілі сауда-саттық болып саналады. Оған арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында немесе әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың қатысуымен инвестициялық және инновациялық жобаларды іске асыру жатпайды. Астана арнайы экономикалық аймақ аумағында өнімдер шығарумен 50 инвестициялық жоба, тұрғын үй және әкімшілік кешендер салу бойынша 135 жоба іске асырылады. Оның ішінде 65 тұрғын үй нысаны «BI Group» холдингіне, 9-ы «Базис-А», 7-уі «Nur Astana Kurylys», 6-уы «G-Park» тиесілі», - деді агенттік төрағасы.

 Аталған компаниялар жер учаскелерін конкурстан тыс алудан бөлек мүліктік, жер салығын, кедендік баждарды төлеуден босатылған. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар инвестициялық жобалар түрінде жер учаскелерін тұрғын үйлер, сауда орталықтарын, фитнес залдар, жанармай құю станциясын салу үшін сатады.

«Бәсекелестік емес артықшылықтар алудың басқа тәсілі мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік болды. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңда Үкімет айқындайтын тұлғалардан бір көзден сатып алуды жүзеге асыру мүмкіндігі көзделген. Осы тәсілмен Түркістан қаласында 566 млрд теңге сомасына конкурс өткізбей 149 нысанды салу қызметтерінің жеткізушілері айқындалған. Оның ішінде 140 млрд теңге сомасы немесе жұмыс көлемінің 25 пайызы екі құрылыс салушы «BI Group» және Базис-А-ға бөлінген. Қалған жұмыс көлемі белгісіз өлшемшарттар бойынша 250-ден астам құрылыс ұйымдары арасында бөлінді», - деді Серік Жұманғарин.

Агенттің төрағасының айтуынша, жолдарды, ауруханаларды, мектептерді және іс жүзінде құрылыс қызметтерін мемлекеттік сатып алу болып табылатын өзге де нысандарды салу жөніндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік рәсімі ашық емес және бәсекеге қабілетсіз болып отыр.

«Бұл жобалар жұмсалған қаражатты толық және жеделдетілген түрде қайтаруды 3-5 жыл аралығында көздейді», - деді ол.

«BI Group» холдингі мен «Базис-А» компаниясының Президенттің өзі қайта-қайта айта беретін нағыз олигополияның өзі екендігіне дәлел келтірудің қажеті жоқ шығар. Соңғы жылдары қос компания елорда мен Алматының шегінен шығып, Түркістанда, Шымкентте де үлкен жобаларды жүзеге асырып жатыр. Шымкентте былтыр «BI Group» компаниясының тұрғын үй жобасы үшін қаланың ипподромы қиратылып, оның жері беріле салды. Компания қазір шаһарда бірнеше тұрғын үй кешендерін салып жатыр. Құрылысқа жер телімдері қалай берілді? Биыл басталған, қаржысы әлі жария етілмеген Арғынбеков-Бәйдібек көшелерінің қиылысындағы жолайықтың құрылысын да «BI Group» жүргізіп жатыр. Ал, Түркістандағы жүз миллиардттаған тапсырыстары туралы жоғарыда айтылды. 

Көпшілік аталған компанияны Назарбаевтар әулетімен байланыстырады. Кім біледі, ол рас та шығар. Артында мықты тіреуі болмаса, қос алпауыт компания мынандай артықшылықтарды  қайдан иелене қойсын. 

Министр Жәкішевке қатысты сұраққа жауап бере алмады
Шөкеевтің орынбасары жемқорлықты қалай жою керектігін айтты (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу