Сыздықбековке тағы да «сатқындық» жасалды
Былтыр ақпанда Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбеков өткізген жиналыста қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Момыновтың сыбайлас қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғаны естеріңізде шығар. Жиналыста Сыздықбековтің қарамағындағы қызметкерлеріне айтқан уәжге жүрмейтін, арқаға пышақ тығатын сатқындар туралы әңгіме айтып, қатаң ескерту жасағаны да ұмытылған жоқ. Сол жиында «Тұрғын үй Шымкент» мекемесінің басшысы Серік Кушербеков болды ма, болмады ма? Ол жағы бізге белгісіз. Егер болса...
Ол ерте ме кеш пе, қазынаның қаржысын талан-таражға салғаны үшін А.Момынов сияқты заң алдында жауап беретінін білді ме? Өйткені дәл сол 2024 жылдың ақпанына бір ай қалғанда ол тұрғын үй саласына бөлінген ондаған миллион теңгені талан-таражға салу «операциясын» сәтті аяқтап, бір апта бұрын ғана тапқан пайдасының бір бөлігіне шетелден қымбат көлік алдыртып жатқан екен. Сот үкіміндегі мән-жайлар осылай дейді.
Әрине, Серік Кушербековтің жемқорлық қылмысқа барғанын бұл кезде ешкім білмеген ғой. Білмегендіктен шығар, сол 2024 жылдың сәуірінде ол қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары лауазымына жоғарылаған.
«Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ы қалалық құрылыс басқармасының қарамағындағы мекеме болған. Жарғыға сәйкес оның бірден-бір құрылтайшысы Шымкент қаласы әкімдігі. Серік Кушербеков аталған серіктестік директорының міндетін атқарушы қызметіне 2023 жылдың шілдесінде тағайындалған. Оған дейін ұзақ жылдары кәсіпкерлік саласында қызмет еткен. Ол кімнің кадры болды, билікке кімнің қолдауымен келді, бұл жағын кім білсін, бірақ отыздың орталарына келген жігіттің тізгінді қолға алған бойда қазынаның қаржысын жымқырудың жолына түскені байқалады.
Сол жылдары Үкіметтің берген тапсырмасы бойынша Шымкентте 39 көп қабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Осы тапсырманы орындау үшін серіктестіктің 2023 жылғы басшысы Б.Нурходжаев пен «ПМК-7 LTD» ЖШС-ның директоры Б.Бейсенбаевтың арасында 39 тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамасын жасау туралы келісім жасалған. Алайда сот үкімінен байқалғандай, мердігер мойнына алған міндеттемесін толық көлемде орындамаған көрінеді.
Кушербеков директордың міндетін атқаруға кіріскен соң туысының атына рәсімделген «Shanyrak Stroy Іnvest» ЖШС-ын өзінің танысы, осы іс бойынша екінші сотталушы Б.Пернебектің атына рәсімдеген. Осыдан кейін басшы серіктестік пен «ПМК-7 LTD» ЖШС-ның арасындағы келісімдерді бір жақты бұзады. Қарашада тұрғын үйлердің жобалау құжаттарын әзірлеу бойынша жоғарыдағы «Shanyrak Stroy Іnvest» ЖШС-ымен заңсыз келісім жасаған. Заңсыз болатын себебі ешқандай конкурс өтпеген. Б.Пернебек 35 тұрғын үйдің жобалау құжаттарын «АЖК Трейд» ЖШС-ына жасатқан. Дайын құжаттарды «Shanyrak Stroy Іnvest» ЖШС-ының атынан «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ына тапсырып, бұл қызметі үшін тиесілі қаржысын алған. Жалпы үкімде осы тектес үш эпизод бар. Өзара сыбайласқан қылмыстық әрекеттер арқылы мекемеге 88 миллион теңге шығын келтірілген. Дәлірегі сотта жәбірленушінің өкілі ретінде жауап берген «Тұрғын үй Шымкент» мекемесінің заңгері келтірілген шығынның көлемін 88 миллион 740 мың теңге деп көрсеткен.
Тергеушілер Кушербековтің заңсыз жолмен тапқан ақшаны қайда жұмсағанына дейін анықтаған. Төртінші эпизод осымен байланысты. Ол былтыр қаңтардың соңында 21 миллион теңгеге Қытайдан көлік әкеліп, оны алдымен Б.Пернебектің, кейін жұбайының атына рәсімдеген. Сот үкімімен көлік мемлекет пайдасына тәркіленді.
Сот С.Көшербековті 7,6 жылға, Б.Пернебек пен осы мекемеде есепші қызметін атқарған А.Дүйсенбаевты 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім әлі күшіне енген жоқ. Сотталушыларда апелляциялық алқаға шағымдану құқығы бар.
Ең қызығы, үкімнен кейін сот Шымкент қалалық әкімдігінің атына жеке қаулы шығарды. Онда өте көп мән-жайлар жазылған. Қаулыда 2014 жылдан бері «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның көп қабатты тұрғын үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша конкурстарды тек «ПМК-7 LTD» ЖШС-ы ұтып алатыны, көп қабатты тұрғын үйлердің жобалық құжаттарын, энергетикалық аудиттерін, техникалық зерттеу жұмыстарын жасау бойынша бүкіл келісімшарттар «ПМК-7 LTD» ЖШС-ымен түзіліп келе жатқаны келтірілген.
«Яғни, 100 пайыз қатысушысы мемлекеттік мекеме тек бір ғана серіктестікпен ұдайы және тұрақты түрде жұмыс істегені «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның жеке кәсіпкерлікті тұрақты түрде қаржысы ауқымды келісімшарттармен қамтамасыз етіп тұрғаны, бұл – 2014 жылдан бергі басшылары мен қызметкерлерінің арасындағы көпжылдық сыбайлас жемқорлық белгілерінің бар екенін, бұл жағдайда бюджеттің ақшасына қатысты жымқыру фактілері де орын алуы мүмкін екенін айғақтайды. Бұл анықталған мән-жайды сотта куәлар қатарында жауапталған «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның қызметкерлері де растады»,– делінген жеке қаулыда.
Бұдан бөлек осы қылмыстық іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған, серіктестіктен тендер алып жүрген «МИК-100» ЖШС-ның директоры «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның бұрынғы директоры К.Дондуковтың жоғарғы оқу орнында бірге оқыған курстасы екені белгілі болған. Сонда мекеменің басшысы тендерді өзінің курстасының компаниясына ұтқызып отырған ба?
Сотта мекеменің қызметкерлері бұдан басқа да қызықты жәйттарды мәлімдеген. Мәселен, куә Б.Нурходжаев 2018 жылы «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ына жұмысқа орналасып, экономист және бас бухгалтер қызметтерін атқарған. Оның айтуынша, бұл мекемеде жыл сайын директорлар ауысқан, әр директор өзінің бухгалтерін алып келген. Ал бұл директор ауысқан сайын жұмыстан шығып, кейін қайта орналасуға мәжбүр болған. Яғни, әр директор жұмысқа келген соң білгенін істеген деген сөз. Сонымен бірге әр директордың әртүрлі мердігердің мүддесін қорғағаны да байқалады.
Жекеше қаулыда:
«Куәлардың жауаптары С.М.Кушербековтен кейінгі келген «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның директоры Е.Ж.Жиембайдың Б.С.Бейсенбаевпен (жоғарыда аталған «ПМК-7 LTD» ЖШС-ының директоры. ред.) «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның ғимаратында бірге жүріп, бірге қызметкерлерге тапсырмалар беріп, басқа жобалар бойынша келісімшарттарды әлі күнге дейін түзіп келе жатқанын айғақтайды. Алайда, ең өрескелі – осы қылмыстық іс бойынша дауланып жатқан 35 тұрғын үйлер бойынша сотпен әлі түпкілікті шешім қабылданбағанына қарамастан, Е.Ж.Жиембайдың Б.С.Бейсенбаевпен ЖСҚ-ларды орындауға қатысты қайта меморандумға отырғаны белгілі болды. Анықталған мән-жайлар, Шымкент қаласында «ПМК-7 LTD» ЖШС-ынан басқа көппәтерлі тұрғын үйлердің ЖСҚ-ларын жасайтын мекемелердің жоқтығы туралы пікірді қалыптастырады»,–делінген.
Сот жеке қаулыда жоғарыдағы жәйттар Шымкент қаласының құрылыс басқармасы басшыларының, осыған жауапты мамандарының назарынан және бақылауынан тыс қалып, мемлекеттің аса ірі мөлшердегі қаржысының жымқырылуына себеп болғанын атап өткен. Осыған байланысты Шымкент қаласының әкіміне қылмыстық іс бойынша орын алған кемшіліктер туралы ұжымда талқылау және жауапты тұлғаларға қатысты қатаң шара қолдану қажеттігін хабарлаған. Сыздықбеков өзіне «сатқындық» жасаған шенеуніктерге қандай шара көрер екен?
С.Кушербеков «Тұрғын үй Шымкент» серіктестігінің сотталып кеткен бірінші басшысы емес. Соңғысы да болмайтын сияқты. 2019 жылы осы мекеменің басшысы Мұхтар Мұхамбетжан қаржы жымқырды деген айыппен бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын. Ал соңғы басшы Ернар Жиембай бұл қызметке былтыр шілдеде тағайындалған. Оның биыл 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімнің орынбасары Руслан Берденовті мылтықпен үш рет атып, ауыр жаралағаны белгілі. Алғашқыда ақпарат құралдарында бұл оқиға жеке бас арыздықпен, кейінірек қызмет бабымен байланыстырылды. Түн ішінде атылған оқтың себебі алдағы уақытта белгілі болатын шығар деген ойдамыз.
Әзірге әліптің артын бағып көрейік.
»Рейтинг» газеті, 18 маусым 2025 жыл.