Мирзияев Назарбаевтың тағдырын құша ма?
Өзбекстанның Президенті Шавкат Мирзияев үлкен қызы Саиданы Президент Әкімшілігінің басшысы етіп тағайындады. Мұны саяси сарапшылар әрқилы болжап жатыр. Барлық пікірлер бір арнаға келіп тоғысады: Саида Мирзияева әкесінің тақмұрагері екендігі кезекті рет дәлелденді.
Өзбекстанда Президент Әкімшілігінің басшысы лауазымы 2023 жылы жойылып кеткен болатын. Енді оны қайта қалпына келтіру не үшін, кім үшін қажет болды? Президент Әкімшілігінің басшысы болған Саида Мирзияева соңғы екі жылда әкесінің, дәлірегі Президенттің көмекшісі лауазымын атқарып келгені белгілі.
Көптеген сарапшылар Саида әкесінің мұрагері екендігіне күмәнданбайды. Соңғы жылдары ол бірнеше елде болып, сол елдің мемлекет басшыларымен кездескен болатын. Оның ішінде Қазақстан да бар. Мәселен, былтыр тамызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Саида Мирзияеваны Ақордада арнайы қабылдаған. Бұған дейін Тоқаев өзге ел Президентінің көмекшісін резиденциясында арнайы қабылдаған ба еді? Еске түсіре алмадық. Бұл жағдай Саиданы өзге елдің басшылары да тақмұрагері ретінде қабылдайтынын көрсетеді.
Саида Мирзияеваның жасы 40-та. Экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолында ол Президент Әкімшілігінде ақпараттық саясат, қоғаммен байланыс құрылымдарында еңбек еткен.
Ал Президент Шавкат Мирзияевтің жасы 67-де. Ол Өзбекстанның Президенті лауазымына 2016 жылы Ислам Каримов қайтыс болған соң келген болатын. Оған дейін ұзақ жылдары Премьер-министрдің креслосында отырған. 2023 жылы елде Ата заңға енгізілген өзгерістерден кейін Мирзияевтің бұған дейінгі президенттік мерзімі жойылып кетті. Ол билікте 2037 жылға дейін отыруға мүмкіндік алды. Ал одан кейін таққа кім келеді? Айта кетері, Президенттің жалғыз ұлы Мірәлішердің жасы биыл 16-да. Ол туралы мәліметтер мүлдем дерлік жоқ.
Жалпы Орталық Азия елдерінде билікті кейінгі буынға берудің өзіндік дәстүрі қалыптасып келеді. 2022 жылдың наурызында Түркіменстанның Президенті Ғұрбанғұлы Бердымұхамедов билікті ұлы Сердарға тапсырды. Әзірбайжанның Президенті Гейдар Әлиев тақты ұлы Ильхамға 2013 жылы беріп қойған болатын. Эмомали Рахмон Тәжікстанды 1994 жылдан бері басқарып келеді. Оның да билікті бөтен біреуге бермейтіні айдан анық. Қазір Президенттің ұлы Рустам Эмомали Сенат спикері. Ал қызы Озада 2016 жылдан бастап Президент Әкімшілігінің басшысы (Тәжікстанда Атқару комитетінің басшысы деп аталады) лауазымын атқарады.
Орталық Азияда биліктің демократиялық жолмен ауысуы Қырғызстан мен Қазақстанда ғана болып тұр. Әрине оны да шынайы демократияға жатқызуға болса деңіз.
Шавкат Мирзияев Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты өзіне пір тұтатын саясаткер. Былтыр қыркүйекте Назарбаев пен Мирзияев Бұхарада кездескен болатын. Назарбаев билікте отырған кезінде қызы Дариға лауазымды қызметтерді атқарды. 2018 жылы Назарбаевтың отставкісінен кейін Дариға елдегі екінші адам – Сенат төрағасы лауазымына келді. Алайда тұңғыш президенттің қызы бұдан кейін биліктен алыстап кетті. Оған Президенттің тағы бұйырған жоқ.
Ал бүгін билікте айы оңынан туып тұрған Саида Өзбекстанның үшінші Президенті бола ала ма? Ол кімнің тағдырын қайталайды? Дариғаның ба, әлде Гүлнар Каримованың ба? Ал Мирзияевтің Назарбаевтың тағдырын қайталамасына кім кепіл?