Сарбасовқа үкім шығарылды

Oinet.kz 08-10-2025 52

whatsapp-image-2024-03-20-at-13_54_54.jpg 

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында бұрынғы ҰҚК қызметкерлері мен денсаулық сақтау басқармасының басшыларына қатысты сыбайлас жемқорлық және бюджет қаржысын жымқыру ісі бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Exclusive.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

Істің басты фигуранты – Шымкент қаласы бойынша ҰҚКД бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасов пара алу және қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп танылды. Сот оны 12 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуге үкім шығарды. Сонымен қатар, ол подполковник шенінен айырылып, екі бөлмелі пәтері мен Toyota Land Cruiser автокөлігі тәркіленді. Сарбасов 70 миллион теңге пара сомасын мемлекетке қайтаруы тиіс.

Тергеу деректеріне сүйенсек, 2019–2020 жылдары Сарбасов кәсіпкер Эльмира Дүйсенқызынан колледжге қамқорлық көрсету үшін 45 миллион теңге, жеке мектепке көмектесу үшін тағы 70 миллион теңге алған. Айыптау нұсқасы бойынша, ол бұл ақшаны екі пәтер мен  көлік сатып алу арқылы заңдастырған. Осы пәтерлердің бірін жөндеуден кейін бастапқы бағасынан үш есе қымбатқа сатқан.

Сот алдында Сарбасовпен бірге тағы төрт адам жауап берді: Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Темірхан Варзилов, оның орынбасары Шыңғыс Жаңабаев, кәсіпкер Ерлан Тышқанбаев және ҰҚК майоры Айдос Сраилов.

Прокуратураның мәліметінше, Варзилов, Жаңабаев және Тышқанбаев медициналық жабдықтар жеткізу және маскаларды қымбат бағамен сатып алу кезінде бюджет қаржысын жымқыруға қатысқан. Мемлекетке келтірілген жалпы залал 130 миллион теңгеден асқан.

Прокурор Варзилов пен Жаңабаевқа 8 жыл, Тышқанбаевқа 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрағанымен, сот оларға жеңіл жаза тағайындады.  Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарған Темірхан Варзилов 4 жылға бостандығын шектеу жазасына кесілді. Оның орынбасары Шыңғыс Жаңабаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал кәсіпкер Ерлан Тышқанбаев 5 жылға бостандығын шектеу жазасын алды және сот залынан босатылды.

ҰҚК майоры Айдос Сраилов ҚР ҚК 304-бабы (заңсыз кәсіпкерлік) бойынша кінәлі деп танылып, 1 жылға бостандығын шектеу жазасына кесілді. Алайда, оған рақымшылық заңын қолданылып, жаза өтеуден босатылды.

 


Сайрамда әкім сайлауы мәресіне жетті
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу