Исаховты арандатты ма?

Oinet.kz 29-10-2025 131

Screenshot_1.png

 Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховтың қылмыстық ісі қайта қаралып, ол толықтай ақталуы тиіс. Жуырда экс-шенеуніктің адвокаты Ж.Бодау әлеуметтік желідегі парақшасында және  журналист Михаил Козачковтың YouTube арнасына берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.

Естеріңізде болса, Исахов екі жыл бұрын, 2023 жылдың шілдесінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа 200 мың доллар көлемінде пара берді деген айыппен ұсталған болатын.  Сот барысында қылмыстық істі мемлекеттік айыптаушы «аса ірі көлемде пара беруге оқталу» бабына ауыстырды. Былтыр мамырда сот Исаховты осы айыппен кінәлі деп тауып, 8 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Тағылған айыппен келіспеген экс-орынбасар үкімге апелляциялық шағым берді. Шілдеде апелляциялық алқа  үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл іс одан әрі Жоғарғы сотта қаралды ма, жоқ па, бұл жағы белгісіз. Бірақ Исаховтың ісіне нүкте қойылды деуге әлі ертерек болып шықты. Себебі...

Жуырда Исахов пара бермек болды деген Манат Сарбасовтың өзі «пара алды» және тағы басқа айыптармен 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, подполковник шенінен айырылды. Шымкент қалалық сотының таратқан мәліметіне қарағанда, Сарбасов жергілікті кәсіпкердің меншігіндегі білім ұяларына қамқорлық көрсеткені үшін жүйелі түрде пара алумен айналысқан. Сондай-ақ  2020 жылы заңсыз өткен тендерде шенеуніктердің ақша жымқыру әрекеттеріне көз жұмып отырған. Сарбасовтың үкімі әлі күшіне енген жоқ. Бірақ бұл жағдай «өз ісіне адал чекисттің» шын мәнінде сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан офицер болғанын айғақтайды.

 Ал екі жыл бұрын осындай қолы таза емес шендіні ұстап берген Мақсұт Исахов арандатушылықтың құрбаны болуы әбден мүмкін ғой.  Қазір қоғамда, әлеуметтік желіде осындай пікір туындап жатыр. Яғни Сарбасовқа шығарылған үкімнен кейін Исаховтың адвокатының мәлімдеме жасауын негізсіз деуге болмайды.

Біз әңгімені адвокат Ж.Бодаудың берген сұхбатымен, Исаховтың  сот барысында берген жауаптарымен және сот үкімімен (Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының Исаховқа қатысты шығарған 20 мамыр 2023 жылғы үкімі) сабақтап көрейік.

Исаховтың сотта берген жауабына қарағанда, бұл істің басы 2020 жылдың мамыр айында басталған. Сол уақытта қалада 500 метр ескі жылу құбырларын ауыстыруға тендер өткізіледі. Әкім Мұрат Әйтеновтің тапсырмасымен бұл істі үйлестіру Мақсұт Исаховқа жүктелген. Тендерді «Сити строй» компаниясы жеңіп алған. Алайда екінші қатысушы «Старт строй» компаниясы бұл шешіммен келіспеген. Соттасу басталған. Сот конкурстың нәтижесін жарамсыз деп табады. Осыдан кейін Исахов «Старт строй» компаниясының қожайыны Егізбаевты әңгімеге шақырған. Ғаламторды кезіп кеткен әкім орынбасарының мердігерден 187 миллион теңге сұрағаны туралы атышулы әңгіме осы жерде айтылған. Егізбаев оны диктафонына жазып алған. Исаховтың айтуынша, 187 миллион теңге құрылысы белгіленген кестеден бірнеше рет кешіккен, қаланы жарықпен қамтамасыз ететін маңызды нысан – Бозарық қосалқы станциясын салу кезінде пайда болған қарыз. Аталған сома «Сименс» деп аталатын серіктестіктен өндірілуі тиіс болған. Бірақ компания қарызын кешіктірген. Ақыр аяғында бұл қарызды «Сити строй» компаниясы төлеуге келісім берген. Егізбаевпен арадағы 187 миллион теңге туралы әңгіме тек осыған қатысты болған (айта кетері, Исаховтың сотында куәгер ретінде жауап берген Егізбаевтың өзі де әкім орынбасары пара сұрады демеген. Ол «Сименс» компаниясы туралы әңгіме болғанын, істің мән-жайын толық түсінбегенін мәлімдеген).

Бірақ сотта жеңіске жеткенімен, «Старт строй» бәрібір іске кірісе алмаған (бұл кезде ақшаның 30 пайызы «Сити стройға» аударылып қойылған, қазынашылық мекемесі келісімшартты тіркеуден бас тартқан, кейін бюджеттен ақша бөлінбеген, т.с.с. жалпы Исахов пен «Сити строй» арасында  қандай келісімнің, қандай мүдденің, қандай саясаттың болғаны толық белгілі емес. Бірақ осы жерде жұртшылыққа беймәлім біраз гәп бар сияқты көрінеді).

 Қысқасы, 2021 жылдан бастап Егізбаев антикорға арызданады. Бірақ шенеуніктерге қатысты қылмыстық іс қозғата алмаған. 2023 жылдың мамыр айынан бастап ол ҰҚК Шымкент қалалық департаментіне шағымданған. 6 маусымда департамент Шымкент қалалық әкімдігінің лауазымды қызметкерлеріне қатысты қызмет бабын асыра пайдалану дерегімен қылмыстық іс қозғайды. Сот үкіміне қарағанда, Исахов мұны құрылыс басқармасының басшысы М.Байымбетов арқылы білген.

Исаховтың айтуынша, ол Сарбасовпен ең алғаш рет 2023 жылдың 26 маусымында қаладағы спорт кешенінің саунасында кездескен. Кездесуге оны Сарбасов шақырған. Қылмыстық істің дәл осы жері бұлыңғырлау. Кездесуге баратынын подполковник жоғарыдағы басшыларына ескерткен, жасырын тергеу амалдарын жүргізуге қажетті құралдардың бәрін ала барған. Бірақ қос орынбасар саунаның бу бөлмесінде сөйлескендіктен екіарадағы әңгімені таспаға басуға мүмкіндік болмаған. Исаховтың сөзіне қарағанда, әңгіме барысында Сарбасов оған қылмыстық іс бойынша сотталып кететінін ескертіп, сол үшін 500 мың доллар пара сұраған, кейін оны 200 мыңға түсірген. Ал Сарбасов сол жолғы кездесуде Исаховтың өзінен тек қылмыстық істің мән-жайын сұрағанын  мәлімдеген. Қайсысына сенуге болады? Кімнің сөзі қисынға келеді?

Бұдан кейін Сарбасов пен Исахов бірнеше мәрте кездескен. Кездесудің бәріне Сарбасов өзі шақырған. Шын мәнінде ешқандай пара берілмеген. Ол жақынына Қытайдан әкелінген сыйлықты (шәй) беріп жіберген. Оны ҰҚК тергеушілері ақша салынған пакетпен ауыстырған.  Адвокаттың айтуынша, ақша салынды деген қара пакет кейін сары пакетке айналып кеткен. Оқиға орнында жасалынған видеотүсірілімдер үзілген, кесілген. Жасырын тергеу амалдары санкциясыз жүргізілген... 

Алайда Исаховтың адвокаты осы қылмыстық істегі кейбір маңызды мәселелерді айналып өтеді. Мәселен, аудиожазбалар туралы. Сот үкіміне қарағанда пара берілгенге дейін Сарбасов пен Исахов қаладағы қонақ үйлерде, сауда орталықтарында бірнеше мәрте кездескен. Исаховтың айтуынша, кездесуге Сарбасов шақырған, ал Сарбасовтың айтуынша, Исахов шақырған. Сарбасов кездесудегі әңгімелердің бәрін жазып алып отырған. Сот үкімінде екіарадағы әңгімелер толық келтірілмеген, олардың не жөнінде сөйлескені ғана жазылған. Айталық:

12 шілде күнгі кездесу барысында Исахов Сарбасовқа қылмыстық істі қысқартуға ықпал етуді, сол үшіне 200 мың доллар беретінін айтқан.

17 шілдедегі кездесуде Исахов Сарбасовқа қылмыстық істі ДЭР-ге немесе антикорға беруді ұсынып, ол жақтағылармен істі қысқартуға келісудің оңай екенін айтқан. Ол осы жолы 200 мың доллар туралы келісімнің әлі күшінде екенін, ақшаны үшінші адамдар арқылы дүкенге сәлемдеме ретінде жіберуге болатынын, егер келіскен жағдайда ақшаны екі үш күнде жинап беретінін білдірген.

19 шілде күнгі кездесуде Исахов Сарбасовқа ақшаны ертесіне, 20 шілде күні түске дейін беретінін айтқан. Сарбасов оған осы жолы ақша апарылуы тиіс дүкеннің мекенжайын қағазға жазып көрсеткен. Пара сол күні кешкі сағат алты жарымдардың шамасында жеткізілген. Артынша Исахов ұсталған. Тергеу барысында Исаховтың Сарбасовқа осы кездері «Sіgnal» желісі арқылы үнемі хабарласып отырғаны анықталған. 

Исахов сот барысында аудиожазбалардың қолдан жасалғанын, монтаждалғанын мәлім еткен. Бірақ сотта жауап берген сарапшылар монтаждың жасалғанын жоққа шығарған. Айтпақшы, тергеу барысында аудиожазбалармен салыстыру үшін Исаховтан дауыс үлгісін алу қажет болған. Бірақ Исахов мұны беруден бас тартқан. Неге бас тартқаны түсініксіз (кейін салыстыруға қажетті дауыс үлгісі оның телеарналарға берген сұхбаттарынан, ютуб желісі арқылы алынған).

Жалпы Мақсұт Исахов қала әкімінің орынбасары ретінде құрылыс саласына жетекшілік жасады. Оның кезінде мегаполисте жолайырықтар салынды, Қонаев даңғылын Ташкент тас жолымен қосу сияқты құрылыстар басталды. Мұндай ірі жобаларды жүзеге асыру тек іскер басшылардың ғана қолынан келетіні айтпаса да түсінікті. Исахов заңға қайшы келетін тірлік жасамаса, Сарбасовқа не үшін пара берді? (айта кетері, Исахов ұсталған соң көп ұзамай, «қызмет бабын асыра пайдалану» бабымен қозғалған алғашқы іс қылмыс құрамының болмауына байланысты жабылған). Сарбасовқа пара беру оқиғасы шын мәнінде болды ма, әлде оны ҰҚК тергеушілері қолдан ұйымдастырды ма? Сарбасовқа шығарылған үкімнен кейін Исаховтың ісі қайта қарала ма, әлде бәрі жабулы қазан жабулы күйінде қала ма?

Әліптің артын бағып көрейік.

«Рейтинг» газеті, 29 қазан 2025 жыл.


Алматыда Назарбаевтың бункері табылмады
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу