Қазақстаннан пана сұрағандар көбейді
Қазақстанда босқын мәртебесін алуға ниетті шетел азаматтарының саны артқан. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

2026 жылғы 1 қаңтардағы дерекке сәйкес, елде 304 шетелдікке босқын мәртебесі берілген. Қосымша 176 өтінішті жергілікті атқарушы органдар қарап жатыр.
Босқын мәртебесі кімдерге беріледі?
Қазақстан заңнамасына сәйкес, босқын мәртебесі:
- нәсіліне, ұлтына, дініне;
- азаматтығына;
белгілі бір әлеуметтік топқа жататынына;
- саяси көзқарасына байланысты
- қудалауға ұшырау қаупі бар шетелдіктерге беріледі.
Өтініш беруші өз елінен тыс жерде болуы және қауіптенуіне байланысты сол мемлекеттің қорғауын пайдалана алмауы немесе пайдаланғысы келмеуі тиіс. Азаматтығы жоқ тұлға да, егер тұрақты тұратын еліне оралуға қауіптенсе, босқын мәртебесін сұрай алады.
Мәртебе алу үшін пана іздеуші жазбаша өтініш беріп, жеке басын куәландыратын құжаттарды қоса тапсырады. Құжаттары болмаған жағдайда қажетті мәліметтер оның сөзінен жазылады.
Қандай жағдайда бас тартылуы мүмкін?
Қазақстан заңнамасына сәйкес, келесі жағдайларда босқын мәртебесін беруден бас тартылуы ықтимал:
- қудалау қаупінің дәлелденбеуі;
- өзі туралы жалған ақпарат беру немесе ақпарат беруден бас тарту;
- жалған құжат ұсыну;
- үшінші елдің азаматтығы болуы;
- қауіпсіз үшінші елден келуі;
- террористік, экстремистік немесе тыйым салынған діни ұйымдарға қатысы болуы;
- адамзатқа қарсы немесе әскери қылмыстарға қатысы болуы;
- ауыр қылмыс жасауы;
- БҰҰ қағидаттарына қайшы әрекеттерге қатысы болуы;
- дактилоскопиялық тіркеуден өтуден бас тартуы.
Сонымен қатар Қазақстан заңнамаға сәйкес, өміріне немесе бостандығына қауіп төнетін елге босқындар мен пана іздеушілерді кері қайтармайды.


