Бас прокуратура Мәсімов пен Келімбетовтің Эпштейнмен байланысын тексеріп жатыр

Oinet.kz 27-02-2026

Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов бұрынғы шенеуніктердің атына қатысты тараған мәлімдемеге байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Оinet.kz.

image.png

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Рахимжанов экс-шенеуніктер Кәрім Мәсімов пен Қайрат Келімбетовтің адам саудасы үшін айыпталған америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейнмен ықтимал байланысын тексеруді талап еткен болатын. Кейбір жазбаларда олардың Эпштейнмен жеке таныс болғаны айтылған.

Берік Асыловтың мәлімдеуінше, бұл жайт бойынша алдын ала тексеру басталған.

– Әрине, бұл – маңызды мәселе. Оны бүкіл әлем талқылап отыр. Сондықтан Бас прокуратура және өзге де уәкілетті органдар аталған фактілерді тексеруде. Қатыстылығы болды ма, болмады ма – бәрі анықталады, – деді ол.

Сондай-ақ Бас прокурор Эпштейннің Қазақстанға келген-келмегені де зерттеліп жатқанын атап өтті.

– Алдын ала тексеру басталды. Эпштейн Қазақстанға келді ме – осы бағытта жұмыс жүргізілуде. Келімбетовтің шетелге шығуына қатысты да қосымша тексеріс болады, – деді Асылов.

Журналистер тексеру тек Қайрат Келімбетовке қатысты ма, әлде Кәрім Мәсімовке де жүргізіле ме деген сауал қойғанда, Бас прокурор алдын ала тексеру басталғанын нақтылады.

Еске салайық, бұған дейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) фракциясы атынан парламентке сайланған мәжіліс депутаттары бас прокурор және ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасынан Қазақстан элитасының америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейнмен байланысы болған я болмағанын тексеруді сұраған болатын. 

«Эпштейн файлдары» – АҚШ-тағы және әлемдегі соңғы даулы тақырыптардың бірі. Қоғамның талабынан соң былтыр қарашада АҚШ Конгресі өкілдер палатасы мен сенаты АҚШ әділет министрлігін қаржыгер Джеффри Эпштейнге қатысты барлық құжаттарды жариялауға міндеттейтін заң жобасын мақұлдап, кейін оған президент Дональд Трамп қол қойған.

Мыңдаған файлда АҚШ-тан бөлек, түрлі елдердегі саясаткерлер мен басқа да адамдардың жазысқан хат-хабары бар. Кей файлдағы деректер ел ішінде тергеуге алып келген. 19 ақпанда Ұлыбритания полициясы корольдің бауыры Эндрю Маунтбеттен-Уиндзорды «қызмет өкілетін асыра пайдаланды» деген күдікпен ұстаған. Қазір оның Эпштейнмен байланысы тексеріліп жатыр.

Қорғаныс министрі бейбіт уақытта сарбаздардың қаза табуы туралы пікір білдірді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу