Трамп: Иранға қарсы операция төрт апта немесе одан да аз уақытты алады
АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық әскер қажет болған жағдайда Иранға қарсы шабуылдарды төрт-бес аптаға дейін жалғастыруы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Оinet.kz.

The New York Times газетіне берген сұхбатында Трамп АҚШ пен Израиль қазіргі әскери операцияның қарқынын бірнеше апта бойы сақтай алатынын айтты.
«Біз төрт-бес аптаға жоспарлап отырмыз. Бұл қиын болмайды», — деді ол.
Сонымен қатар, Daily Mail басылымына берген сұхбатында АҚШ президенті Иранға қарсы операция «төрт апта немесе одан да аз уақыт» алуы мүмкін екенін жеткізді.
Басылым мәліметінше, Ақ үй басшысы келіссөз жүргізуге әлі де дайын. Алайда Трамптың айтуынша, мұндай келіссөздер «өткен аптада басталуы тиіс еді». Соған қарамастан, егер Teгеран Вашингтон талаптарын орындаса, АҚШ шабуылдарды тоқтатуы мүмкін.
Трамп видеоүндеу жариялап, ирандық әскери құрылымдарға да ескерту жасады. Ол егер Американың шабуылынан кейін Иран армиясы мен полициясын қаруын тастамаса өлім күтіп тұрғанын ашық жеткізді.
«Қаруды тапсырып, толық иммунитет алыңыздар немесе өлімге душар боласыздар. Өлім – нақты факт болады, бұл жағымды болмайды», — деді АҚШ президенті.
Сондай-ақ Трамп Иран халқына үндеу жасап, «уәдені орындағанын» айтып, ел тағдыры енді азаматтардың өз қолында екенін жеткізді.
Бұған дейін, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастаған болатын. Тель-Авив бұл шабуылдардың мақсаты Тегеранның ядролық қару алуына жол бермеу екенін мәлімдеді.
Ал Иран тарапы Израиль аумағына және АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базаларына жауап ретінде соққыларын жасап жатыр.


