Емдемеген пациенттер үшін мемлекеттен ақша алып отырған стоматологиялық клиниканың басшысы жазаланды
ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында көрсетілген стоматологиялық қызметтерге қатысты алаяқтық дерегі бойынша тергеуді аяқтады.

Тергеу мәліметінше, жеке стоматологиялық клиникалардың директоры Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен жалпы құны 450 млн теңгеден асатын медициналық қызметтерді сатып алу келісімшартын жасаған. Келісімге сәйкес, клиникалар азаматтарға шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсетуге міндетті болған.
Алайда күдікті клиниканың дәрігерлері “Damumed” медициналық ақпараттық жүйесіне ортодонтиялық қызмет көрсетілген деп жалған мәліметтер енгізген. Бірақ нақты пациенттерге қызмет көрсетілмеген. Тергеу барысында сондай-ақ кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректерін рұқсатсыз пайдаланғаны анықталған.
Нәтижесінде 4 597 расталмаған жағдай тіркеліп, келтірілген залал көлемі 66 млн теңгені құрады. Сот санкциясымен банктік шоттардағы 23 млн теңге қаражатқа және 29 млн теңгеге стоматологиялық жабдықтарға тыйым салынды. Тергеу кезінде күдікті 11 млн теңге көлемінде залалды өтеген. Қазіргі уақытта оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып отыр.
ҚМА баспасөз қызметі атап өткендей, іс бойынша өзге ақпарат жария етуге жатпайды, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.


