Түркістан облысында балабақшалардың 78 пайызы жекеменшік
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланған мәжіліс өтті. Маңызды жиынға білім саласының өкілдері, жауапты басшылары, аудан, қала әкімдері селокторлық режимде қатысты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауаптылардың есептерін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді. Бұл туралы Түркістан облыстық әкімдігі хабарлады.
– Барлық нәрсе іргетастың беріктігіне байланысты. Бірінші кезекте педагогтар даярлайтын оқу орындарына мониторинг жасалуға тиіс. Қай оқу орнының түлектері білім дәрежесін бақылайтын сынақтардан жиі сүрінсе, сол оқу ордалары туралы ұсыныс берілсін. Егер жас маман сапалы білім алмаса, білікті маманға айнала алмайды. Білім саласындағы қызметкерлердің біліктілігін көтеруге басымдық берген жөн. Сондықтан Түркістан облысында білім сапасын көтеру бағытында арнайы жоспар әзірлеп, тиісті жұмысты күшейтіңіздер. Білім инфрақұрлымы жақсарып, жаңа мектептер ашылуда. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының қолдауымен ұстаздардың еңбекақысы жақсара түсті. Ендігі кезекте білім сапасын жақсарту қажет. Жауапты басқарма, департамент, білім бөлімдері жанашырлықпен іс атқарып, жұмысты ширатуы керек. Білім саласын цифрландыру бағытында да нақты тірлік атқарылсын, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов өңірдегі білім беру жүйесінің бүгінгі жағдайы, кадр сапасы және ваучерлік қаржыландыру тетігінің тиімділігі туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста 1 438 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 78 пайызы – жекеменшік сектор. 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 99,6%-ды құрайды. Бұл республикалық межеден жоғары. Мемлекеттік тапсырыс 1 406 балабақшада 153 мыңнан астам орынға орналастырылған.
Мектепке дейінгі ұйымдарда 13 380 педагог еңбек етеді. 2027 жылдан бастап балабақшаларды лицензиялау талаптары енгізіледі. Ал ваучерлік қаржыландыру енгізілгеннен кейін балалар контингенті 2306 балаға қысқарды. 2025 жылғы мониторинг нәтижесінде 3 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделген.Балалардың қатысуын автоматты есепке алу мақсатында Face ID жүйесін енгізу басталған.
Сондай-ақ мемлекеттік балабақшалардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту мәселесі қаралды. Соңғы жылдары жөндеу көрмеген және ғимараты жоқ бірқатар мекемелер бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін қолдану ұсынылды.


