Гамбург халқы қалада Олимпиада өткізуге қарсы дауыс берді
Гамбург тұрғындары референдумда 2036, 2040 немесе 2044 жылдары Олимпиада және Паралимпиада ойындарын өткізуге өтінім беруге қарсы дауыс берді, деп хабарлайды Report.

Дауыс санау толық аяқталмай тұрып-ақ қатысушылардың көпшілігі қаланың кандидат ретінде ұсынылу идеясын қолдамайтыны белгілі болған. Жергілікті сайлау комиссиясының басшысы Оливер Рудольфтың мәліметінше, дауыс беруге 652 193 адам қатысқан, бұл 49,5% сайлаушылар белсенділігіне сәйкес келеді. Дауыс беру құқығы 1,3 миллионнан астам 16 жастан асқан тұрғынға берілген.
Осылайша, Гамбург 2015 жылғы жағдайды қайталады: ол кезде де қала тұрғындары 2024 жылғы Олимпиадаға өтінімді қабылдамаған еді (қарсы болғандар — 51,6%).
Бұл шешім Германия ішіндегі Олимпиадаға үміткер қалалар арасындағы бәсекеден Гамбургтің шығуына әкелді. Қазір тізімде Берлин, Мюнхен және Рейн–Рур өңірі қалды. Германияның Олимпиадалық спорт конфедерациясы (DOSB) елдің бірыңғай кандидатын 26 қыркүйекте анықтайды.
Гамбург тұрғындары шешімді негізінен қаржылық тәуекелдермен, көлік инфрақұрылымына түсетін салмақпен, ауқымды құрылыс жұмыстарымен және экологиялық салдармен байланыстырды. Сондай-ақ тұрғын үй бағасының өсуі мүмкін деген алаңдаушылық та айтылды.
Германия үкіметі бұған дейін 2040 жылғы Олимпиада ойындарын өткізу идеясын қолдайтынын білдірген. Германия жазғы Олимпиаданы 1936 жылы Берлинде және 1972 жылы Мюнхенде ғана өткізген.


