Егер Армения Еуразиялық одақтан шықса...

Oinet.kz 28-05-2026

Астанада 28–29 мамыр күндері өтетін Еуразиялық экономикалық одақ саммиті қарсаңында Армения төңірегіндегі геосаяси талқылау қайта күшейді. Саясаттанушы Газиз Абишев Ереванның еуразиялық құрылымдардан біртіндеп алыстап, Еуропаға бағыт алып бара жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл аяқ астынан туған құбылыс емес, он жылдан астам уақыт бұрын басталған саяси бағыттың жалғасы.

psh1200_1.jpg

Арменияның батыспен жақындасу әрекеті 2010 жылы басталған. Сол кезде Ереван Еуроодақпен қауымдастық туралы келіссөздерді бастап, 2013 жылы құжаттың шешуші кезеңіне жеткен еді. Бірақ сол жылдың қыркүйегінде  президент Серж Саргсян күтпеген шешім қабылдап, елдің ЕурАзЭҚ кеңістігіне қосылатынын мәлімдеді. Кейін Армения Кедендік одаққа, артынша ЕАЭО-ға мүше болды. Бұл шешімнің сол кезде Мәскеудің саяси ықпалымен қабылданғаны айтпаса да түсінікті.  

Бүгінде премьер-министр Никол Пашинян дәл сол тоқтап қалған еуропалық бағытты қайта жандандырғысы келеді. Оның Еуропалық саяси қауымдастық саммитін Ереванда өткізуі, ҰҚШҰ жұмысына қатысуды тоқтатуы, ЕАЭО аясындағы бірқатар кездесулерден бас тартуы және Еуроодаққа кіру бағытын жария түрде қолдауы – алдағы парламент сайлауындағы басты саяси платформасының бір бөлігі болуы мүмкін.

Пашинянның Астанадағы ЕАЭО саммитіне келмеуі де ескерту ретінде қабылданды. Ол бұл шешімді сайлауалды науқанмен түсіндіріп,  алдын ала Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путинге хабардар еткен. Оның орнына Қазақстанға вице-премьер Мгер Григорян келеді. Формалды түрде бұл дипломатиялық хаттамаға қайшы емес. Бірақ саяси астары анық байқалады: Ереван Мәскеу жетекшілік ететін интеграциялық алаңнан алыстауға дайын екенін көрсетіп отыр.

Арменияның бұл шешіміне 2020 жылғы Қарабақтағы соғыс пен 2023 жылғы оқиғалардан кейінгі көңіл күй тікелей әсер етті. Армян қоғамы Ресей мен ҰҚШҰ-дан нақты қолдау күтті. Бірақ ол үміт ақталмады. Осыдан кейін Пашинян бұрынғы қауіпсіздік моделінің тиімсіздігін ашық айтып, сыртқы саясатты қайта бағдарлауға кірісті.

Бұл жерде Қазақстанға тағылатын кінә жоқ. 2014 жылы Астана Арменияны ЕАЭО-ға тек халықаралық деңгейде мойындалған шекарасы аясында қабылдау керек екенін ашық мәлімдеген. Яғни Қазақстан сол кездің өзінде Қарабақ мәселесіне байланысты тәуекелдерді алдын ала ескерткен болатын.

ЕАЭО Арменияға не берді деген сұраққа жауап әркелкі. Бір жағынан, Армения Ресей нарығына еркін шықты, мигранттарының құқықтық жағдайы жеңілдеді, сауда айналымы өсті. Бірақ бұл экономикалық өсім елдің стратегиялық тәуелсіздігін күшейткен жоқ. Керісінше, Ресейге тәуелділікті арттырды.

Егер Армения ЕАЭО-дан шықса, қысқа мерзімде экономикалық шығын болуы ықтимал. Ресей нарығындағы жеңілдіктер жоғалады, логистикалық шығын өседі, еңбек мигранттарының жағдайы қиындауы мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімде Еуропамен интеграция институционалдық реформа, инвестиция және технология тартуға мүмкіндік беруі ықтимал.

Балтық елдері кезінде осы жолдан өтті. Латвия, Литва және Эстония Еуропалық одаққа қосылған соң экономикасын түбегейлі жаңғыртты. Қазір Молдова да осы бағытта қозғалып келеді. Егер Армения да осы сценарийді қайталай алса, бұл посткеңестік кеңістіктегі үлкен өзгеріс болмақ.

Екінші жағынан бұл ЕАЭО-ның беделіне үлкен  соққы болады. Өйткені ұйымның тартымдылығы оның мүшелерінің тұрақтылығымен өлшенеді. Егер Армения шығып, жағдайы жақсарса, бұл басқа мүшелерге де ой салары анық.

Қазақстан үшін ЕАЭО әзірге экономикалық байланыс қана.  Бірақ Астана ешқашан оны саяси одақ ретінде қабылдаған емес. Тоқаевтың бірнеше мәрте интеграция тек экономика шеңберінде қалуы тиіс деуі осыдан.

Пашинянның шешімі дұрыс па дегенге келсек, бұл тарихи тәуекел. Егер Еуропа нақты қолдау көрсетсе, Армения ұтады. Егер бұл тек саяси декларация күйінде қалса, Ереван экономикалық қыспаққа түсуі мүмкін. Бірақ бір нәрсе анық: Арменияның бүгінгі бағыты ЕАЭО-ның ішкі әлсіздігін ашып берді. Қазіргі таңда бұл ұйым өз тиімділігін сөзбен емес, нақты нәтижемен дәлелдеуі тиіс. Әйтпесе Ереванның бүгінгі таңдауы ертең өзге әріптестер арасында қайталануы ғажап емес.

Төрт адамның өлімі, көмілген мәйіттер, өртелген айғақтар: Атыраудағы іс сотқа жетті
Путин Астана не үшін келді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу