Оралғайша АЛДЫОҢҒАР: Көп тіл білгеннің көкжиегі кең

Oinet.kz 21-08-2026

Халықаралық университетте еңбек ету жас маманға кәсіби тәжірибемен қатар, түрлі мәдениетпен етене танысып, жаңа мүмкіндіктерді сынауға жол ашады. Осындай ортада өз кәсіби жолын қалыптастырып жүрген маманның бірі Түркістан қаласындағы Woosong University Kazakhstan университетінің ассистент менеджері Оралғайша Алдыоңғар. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығын тәмамдап, Польшадағы беделді Лодзь университетінде білімін жетілдірген жас маман еңбек жолын ағылшын тілі мұғалімі ретінде бастап, өткен жылы Woosong University Kazakhstan ұжымына қосылды. Бүгінде ол әкімшілік жұмыстармен қатар, шетелдік қонақтармен кездесулерде аудармашылық жасап, студенттермен жұмыс жүргізіп келеді. Халықаралық ортада еңбек етудің ерекшелігі,  тіл білудің берер мүмкіндігі туралы Оралғайшамен әңгімелескен едік.

 Screenshot_11.jpg

– Оралғайша Рахматуллақызы, Woosong University Kazakhstan университеті әлі ашылмай тұрып-ақ оның алғашқы командасының қатарында болуды қалаған екенсің. Бұл шешімге не әсер етті?

– Шынымды айтсам, бұл университет ашылады дегенді естіген сәттен-ақ өзімді оның алғашқы командасының қатарында елестеттім. Себебі мен бұрыннан Корея мәдениетіне қызығатынмын. Сонымен қатар корей халқының еңбекқорлығын, білімге деген құрметін және тәртібін ерекше бағалаймын. Сондықтан Қазақстанда кореялық университеттің кампусы ашылатынын естігенде, бұл мен үшін жай ғана кезекті жұмыс орны емес, халықаралық ортада өзімді сынап көруге болатын үлкен мүмкіндік сияқты көрінді. Әсіресе университеттің алғашқы командасымен бірге оның қалыптасу кезеңінен бастап жұмыс істеу қызық болды. Қазір сол шешіміме өте қуанамын.

– Университеттің халықаралық деңгейде дамуына әкімшілік қызметкерлердің үлесі қаншалықты маңызды?

– Менің ойымша, әкімшілік қызметкерлердің үлесі өте үлкен. Кейде университеттегі барлық процестің артында әкімшілік қызметкер тұр деп айтуға болады. Басшылық көптеген тапсырмаларды бізге сеніп тапсырады, ал біздің міндетіміз – сол жұмыстың сапалы әрі уақытында орындалуын қамтамасыз ету.

Әсіресе халықаралық университетте бұл жауапкершілік одан да жоғары. Шетелдік университеттермен, ұйымдармен, серіктестермен байланыс орнату, шетелдік қонақтарды қарсы алу, кездесулерді ұйымдастыру, құжаттарды дайындау, түрлі процестерді үйлестіру – мұның барлығы бір-бірімен тығыз байланысты.

Әкімшілік қызметкерді университеттің ішкі жұмысы мен сыртқы әлем арасындағы байланысты қамтамасыз ететін көпір деп айтуға болады. Басшылықтың идеясын нақты іске айналдырып, сол процестің әр кезеңін сүйемелдеу – біздің күнделікті жұмысымыз.

– Қызметіңде шетелдік қонақтармен жұмыс істейтін сәттер жиі болады. Осындай кезде аудармашы ретінде де қызмет атқарған екенсің. Ресми кездесулерде екі тараптың ойын дәл жеткізу қаншалықты үлкен жауапкершілік жүктейді?

– Аудармашы ретінде қызмет атқару – менің осы университетте алғаш рет көрген тәжірибем. Әлі есімде, бір күні күтпеген жерден Түркістан облысы әкімінің орынбасары, Түркістан облысының білім басқармасының басшысы, Түркістан қаласының білім бөлімінің басшысы және Woosong Education Foundation төрағасы арасындағы ресми түскі ас кезінде аудармашылық жасауым керек болды.

Алғашқы минуттарда, әрине, қобалжу болды. Себебі мұндай ресми кездесуде бір сөздің өзі маңызды. Сен тек сөздерді аудармайсың, екі тараптың ойын, ниетін, айтқысы келген мағынасын барынша дәл жеткізуің керек. Сол кезде бір нәрсені түсіндім: аудармашылықта ең маңыздысы – сол сәтке толықтай «кіру». Айналадағының бәрін бір сәтке ұмытып, тек әңгімеге, әр сөзге және контекстке назар аудару қажет. Алғашқы минуттардан кейін бар зейінімді бұрдым да, ары қарай бәрі өздігінен жүріп кетті.

Содан бері мұндай кездесулерде өзіме деген сенімім де артты. Бұл мен үшін өте қызықты тәжірибе болды.

– «Бір тілді білген – бір адам, бірнеше тілді білген – бірнеше адам» деген сөз бар. Өз тәжірибеңде осы пікірдің шынайылығын қаншалықты сезіндің?

– Бұл сөздің шындығына жүз пайыз көзім жетті. Тіпті кейде бір ғана ағылшын тілінің маған қанша есік ашқанын ойлап, таңғаламын. Ағылшын тілі арқылы басқа елдің адамдарымен еркін сөйлесуге, жаңа ақпарат алуға, халықаралық ортада жұмыс істеуге, түрлі мәдениеттерді түсінуге мүмкіндік пайда болды. Ең бастысы – адамның өзіне деген сенімі өзгереді. Бұрын қолжетімсіз сияқты көрінген мүмкіндіктер біртіндеп жақындай түседі.

Қазір мен үшін тіл – жай ғана қарым-қатынас құралы емес. Ол жаңа адамдарға, жаңа тәжірибеге, жаңа білімге және жаңа мүмкіндіктерге апаратын жол.

– Польшада оқыған кезде Қазақстанға оралмай, шетелде қалу туралы ой келді ме?

– Шынымды айтсам, мүлде ондай ой болған жоқ. Польшада оқыған кезімде ел маған өте ұнады. Бірақ, сонымен қатар қатты сағыныш күйде болдым. Қазақстанды, үйді, өз адамдарымды сағындым. Тіпті Лодзь қаласында қазақша ет асатын жерді арнайы іздеп тауып барғанмын. Жаңа жылда Қазақстан Президентінің құттықтауын да өз уақытымен, дәл сол сәтте тыңдағанбыз.

Сондықтан шетелде білім алу маған өте жақсы тәжірибе бергенімен, Қазақстанға қайтып келу туралы шешімімде күмән болған жоқ. Қазір де шетелде оқып, тәжірибе жинап, кейін елге оралып еңбек ету – өте жақсы жол деп ойлаймын.

– Студенттердің университет туралы алғашқы әсері көбіне әкімшілік қызметкерлермен қарым-қатынастан қалыптасады. Сол алғашқы әсердің жағымды болуы үшін қандай қағидаларды ұстанасың?

– Біздің басты қағидамыз – әр студентке тең қарау. Университет төрағасы жиі айтатын бір сөз бар: «Университетте ең бірінші орында – студенттер». Менің ойымша, осы ұстаным біздің күнделікті жұмысымыздан да көрінуі керек. Студенттің мәселесін тыңдау, сұрағына жауап беру, қажет кезде көмектесу және ең бастысы – оның өзін университетте маңызды адам ретінде сезінуіне жағдай жасау өте маңызды.

Біздің қарым-қатынасымыз студенттердің бізге деген көзқарасынан да көрінеді. Құдайға шүкір, әзірге студенттермен жұмысымыз жақсы жолға қойылған, үлкен түсініспеушіліктер болған жоқ. Меніңше, бұл – бір-бірімізге деген құрмет пен дұрыс қарым-қатынастың нәтижесі.

– Осы көктемде Оңтүстік Кореяға барып келдің. Бұл сапардың негізгі мақсаты қандай болды?

– Негізі, біздің студенттер үшін бұл бағдарлама Korea Experience Program деп аталады. Яғни оның басты мақсаты – студенттердің Корея елімен жақынырақ танысуы, мәдениетін, білім беру жүйесін көруі және жаңа ортада тәжірибе жинақтауы. Ал корей студенттері үшін бұл бағдарлама Buddy Program форматында жүзеге асады. Оның мақсаты – шетелден келген студенттермен достық қарым-қатынас орнату, мәдени алмасу жасау.

Біз оқу жылының басынан бастап студенттерді Кореяға екі кезеңмен жіберуді жоспарлаған болатынбыз. Бірінші топқа оқу үлгерімі ең жоғары студенттер барды. Ал екінші топқа белсенділігімен ерекшеленген студенттер іріктелді. Олардың арасында Қазақстан Президентінің наурыз айындағы сапары кезінде белсенділік танытып, іс-шараларды ұйымдастыруда университет қызметкерлеріне көмектесіп, өзін жақсы қырынан көрсеткен студенттер де болды.

Екінші топпен бірге бір қызметкерді жіберу туралы шешім қабылданып, сол сапарға мен бардым. Бұл тек студенттерге сүйемелдеу көрсету үшін ғана емес, сонымен қатар Woosong University-дің негізгі кампусының жұмысымен жақынырақ танысу, ондағы әріптестермен байланыс орнату және тәжірибе алмасу үшін жақсы мүмкіндік болды. Сапар барысында Пусан, Сеул, Тэджон, Ёнин қалаларында болдық. Студенттер үшін бұл өте әсерлі тәжірибе болды. Тіпті студенттеріміз университет төрағасынан жеке сыйлық та алды. Жалпы, сапар өте жақсы өтті, бәрімізге ерекше әсер қалдырды.

– Қазір университетте қабылдау науқанының қызған шағы. Шетелдік серіктестігі бар университетке түсуге ниетті жастарға қандай кеңес берер едің?

– Бір ғана кеңес берсем, ол – ағылшын тілін үйреніңіздер! ҰБТ балы, грантқа түсу, университетке қабылдану – белгілі бір деңгейде шешілетін мәселелер. Ал университетке түскеннен кейін сапалы білім алу, шетелдік оқытушылармен еркін қарым-қатынас жасау, халықаралық бағдарламаларға қатысу, шетелге шығу және өз мүмкіндіктеріңді пайдалану үшін тіл өте маңызды.

Ағылшын тілін білсеңіз, тек сабақтағы ақпаратпен шектелмейсіз. Әлемдегі көптеген білім ресурстарына, ғылыми зерттеулерге, халықаралық бағдарламаларға және жаңа адамдарға жол ашылады. Сондықтан студенттерге «университетке түскен соң үйренемін» демей, ағылшын тілін қазірден бастап дамытуға кеңес берер едім.

– Жұмыстан тыс уақытта өзіңді бақытты ететін қарапайым дүниелер?

– Менің қызығушылығым, негізі, өте қарапайым. Көп серуендегенді жақсы көремін. Әсіресе қаланың ішінде мақсатсыз жүріп, оның өз дауысын тыңдаған ұнайды. Кейде жай ғана ұзақ жүріп, ойға батамын. Сол кезде өткен жұмыс күнімді, жасаған әрекеттерімді, алдағы жоспарларымды ой елегінен өткіземін. Қай жерде дұрыс істедім, қай жерде басқаша жасауым керек еді – өзіме осындай шағын талдау жасап жүремін.

Қазір бұл мен үшін кәдімгі хоббиге айналып кеткен. Кейде адамға бақыт үшін көп нәрсе керек емес сияқты. Жай ғана жақсы ауа райы, ұзақ серуен, сүйікті музыка және өз ойыңмен оңаша қалу – соның өзі жеткілікті.

Сұхбаттасқан Айнұр Асанова, 

"Рейтинг" газеті

Ақ-Әділ АЛАЙДАРОВ: Студенттерді екінші курстан бастап еңбек нарығына шығарамыз
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу