Путин Астана не үшін келді?
Мәскеу мен Астана арасындағы жоғары деңгейдегі дипломатиялық байланыс мамырдың соңында тағы бір маңызды кезеңге өтпек. Владимир Путин 27–29 мамыр аралығында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Бұл туралы Ақорда ресми түрде хабарлады. Сапар Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен өтеді. Ресми мәліметке сәйкес, тараптар екіжақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастардың қазіргі ахуалы мен болашағын талқылайды. Сарапшылардың басым бөлігі Путиннің бұл сапарын Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалын қайта бекіту әрекеті деп бағалайды.

Бұл сапардың уақыт жағынан да символдық мәні бар. Өйткені бұған дейін Путин Қытайға мемлекеттік сапармен барып, Си Цзиньпин-мен келіссөз өткізді. Екі тарап энергетика, сауда және геосаяси үйлесімділік туралы қырыққа жуық келісімге қол қойып, «шексіз стратегиялық әріптестік» риторикасын тағы қайталады. Бірақ әлемдік сарапшылар бұл кездесуде Мәскеудің барған сайын Бейжіңге тәуелді болып бара жатқанын атап өтті. Ресей экономикасы санкциялық қысым жағдайында Қытайға арқа сүйеуге мәжбүр.
Сол себепті Путиннің Астанаға келуі Қытай сапарынан кейінгі аймақтық позициясын нығайту амалы ретінде қарастырылып отыр. Ресей үшін Қазақстан — Орталық Азиядағы ең маңызды әріптес. Экономикалық тұрғыдан да, логистика жағынан да, ЕАЭО-ның болашағы үшін де Қазақстанның орны ерекше.
Ресейлік сарапшылардың бір бөлігі бұл сапардың басты мақсаты ЕАЭО-ны ішкі дағдарыстан сақтау деп есептейді. Арменияның ұйымнан алыстауы, Батысқа қарай бетбұрысы, Беларусьтің де сақтық танытуы Мәскеуді алаңдатып отыр. Мұндай жағдайда Астананың ұйымға адалдығы Кремль үшін стратегиялық кепілдік саналады.
Батыстық бақылаушылар басқа қырынан қарайды. Олардың пікірінше, Путин Қазақстаннан ашық саяси мәлімдеме күтпейді. Бірақ бірнеше нақты мәселені көтеруі ықтимал.
Біріншісі — санкцияларды айналып өту арналары. Соңғы екі жылда Қазақстан арқылы Ресейге өтетін импорт мәселесі халықаралық бақылауда тұр. Мәскеу бұл арналардың толық жабылмауына мүдделі.
Екіншісі — көлік-логистикалық дәліздер. Ресей санкциялық қысым кесірінен жаңа транзит бағыттарын қажет етеді. Қазақстан аумағы бұл тұрғыда аса маңызды.
Үшіншісі — энергетикалық жобалар. Ресей Қазақстан арқылы Қытай нарығына шығатын жаңа энергетикалық конфигурацияларды талқылауы мүмкін.
Төртіншісі — ЕАЭО-ның саяси тұрақтылығы. Кремль Астананың ұйымды тек экономикалық алаң ретінде қарастыруын түсінеді, бірақ Қазақстанның интеграциялық процестерге салқын қарамағанын қалайды.
Ал Қазақстанның ұстанымы өзгеше. Астана соңғы жылдары көпвекторлы саясатты күшейтті. Тоқаев Мәскеумен стратегиялық әріптестікті сақтай отырып, Қытаймен, Түркиямен, Еуропамен және АҚШ-пен де байланысын тең ұстауға тырысып келеді. Сондықтан Путин бұл сапардан толық саяси қолдау емес, келісімдер пакетін ғана ала алады.
Халықаралық сарапшылардың ортақ байламы мынау: Путиннің Астанаға келуі — Кремльдің әлсіздігін емес, керісінше аймақтағы ықпалын сақтап қалуға ұмтылғанын көрсетеді. Бірақ бұл бұрынғыдай сөзсіз үстем позиция емес. Қазақстан қазір Ресеймен тең дәрежелі әріптес ретінде сөйлеседі.
Сапардың басты интригасы да осында. Путин Астанадан бұрынғыдай саяси лоялдылық емес, нақты экономикалық мәмілелер іздейді. Ал Астана бұл жағдайды өз ұлттық мүддесіне тиімді пайдалануға тырысады. Осы келіссөздердің нәтижесі ЕАЭО-ның алдағы тағдыры мен Орталық Азиядағы күштер тепе-теңдігіне тікелей әсер етуі мүмкін.


