Бір аптада екі өлім: Мәжіліс депутаты косметологиялық, медициналық клиникаларды тексеруді ұсынды
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мәжіліс кулуарында пластикалық операциялардан кейін болған екі қайғылы жағдайдан соң косметологиялық және медициналық клиникаларды қатаң тексеруді ұсынды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Депутаттың айтуынша, Қазақстандағы жеке клиникалар мен зертханалардың жұмысына бақылауды күшейту қажет. Себебі соңғы уақытта косметологиялық процедуралардан кейін адам өлімі тіркелген жағдайлар қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр.
Мұрат Әбенов бұған дейін Кәсіпкерлік кодексіндегі шектеулер салдарынан кейбір жекеменшік медициналық мекемелерді толық тексеру мүмкін болмағанын айтты. Алайда кейін бұл нормалар қайта қаралып, тексеру жүргізуге мүмкіндік берілген.
«Кейбір олигархтар медицина саласына келіп, түрлі зертханалар ашты. Әрине, оларға тексеріс жүргізілгені тиімсіз. Бірақ өткен жылы біз бұл ұйымдарды тексеру құқығын қайтардық. Бұрын жаңа туған нәресте қайтыс болған жағдай болды, бірақ Кәсіпкерлік кодексіне байланысты тексере алмадық. Қазір қатаң тексеру қажет деп санаймын. Тексерістер техникалық та, санитарлық та болуы тиіс», – деді Мұрат Әбенов мәжілісте журналистерге.
Депутат қазіргі жағдайда техникалық және санитарлық талаптардың сақталуын мұқият бақылау қажет деп есептейді. Сонымен қатар ол медициналық препараттарды сертификаттау мәселесіне ерекше назар аудару керектігін айтты.
«Барлық препараттардың сертификаты болғаны өте маңызды. Менің ойымша, олардың жартысында жергілікті сертификат болмауы мүмкін. Кейде сертификаттарды уақытында беріп үлгермейді. Бір аптаның ішінде болған екі өлім бұл салада үлкен бейберекетсіздік бар екенін көрсетеді», – деді ол.
Сондай-ақ депутат косметологиялық қызметтердің жастар арасында кең таралғанын атап өтті. Оның айтуынша, сырттай қауіпсіз көрінетін процедуралардың өзі қолданылатын дәрілердің құрамына байланысты ауыр асқынуларға әкелуі ықтимал. Атап айтқанда, анафилактикалық шок секілді жағдайлар адам өміріне қауіп төндіреді.
«Қауіпсіз сияқты көрінетін косметологиялық процедуралардың өзі қолданылатын препараттардың құрамына байланысты үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Анафилактикалық шок болуы ықтимал, ал мұндай жағдайда жас қызды құтқарып қалу қиын», – деді депутат.
Еске салсақ, 15 мамырда Алматыдағы жеке клиникалардың бірінде блогер Сәуле Базархан пластикалық операциядан кейін қайтыс болған еді. Туыстарының айтуынша, ол жергілікті жансыздандырумен жасалған липосакциядан соң көз жұмған. Сонымен бірге бірнеше сағат бойы науқастың жағдайы туралы ақпарат берілмегені айтылды.
Белгілі болғандай, 2020 жылы осы клиникада дәл осындай операциядан кейін тағы бір әйел қайтыс болған. Ол кезде мекеме басқа атаумен жұмыс істеген. Бұл деректі Денсаулық сақтау министрлігі растады.
Сол оқиғадан кейін клиника лицензиясынан айырылғанымен, кейін заңды тұлға ретінде қайта тіркеліп, жаңа атаумен сол мекенжайда жұмысын жалғастырған. Заң бойынша, егер мекеме барлық талапқа сай келсе, бұған тыйым салынбайды.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
Кейін тағы бір қайғылы жағдай Ақтауда тіркелді. Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов жеке клиникада иек тұсындағы артық майды алдыру операциясынан кейін қайтыс болды.
Мәліметтерге қарағанда, операция алдында толық медициналық тексеру жүргізілмеген. Сонымен қатар оның қан құрамындағы қант мөлшері жоғары болғаны анықталған. Мұндай жағдайда ота жасау қауіпті саналады.
БАҚ марқұмның жұбайына сілтеме жасап, операция кезінде оның жағдайы күрт нашарлағанын хабарлады. Қан қысымы көтеріліп, инсульт алған депутат комаға түскен. Ербол Айтуов бір айға жуық ес-түссіз жатып, кейін қайтыс болды.


