Михаил Шайдоровқа келісімшартта көзделген қаржы толық төленеді – Спорт министрлігі

Oinet.kz 01-06-2026

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Михаил Шайдоровтың командасымен келісімшартқа қол қойылғанын мәлімдеді. 

Screenshot_11.jpgВице-министр Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың мәселесі шешілгенін айтып, ресми мәлімдеме жасады. 

“Михаил Шайдоров – отандық спорттың мақтанышы, өз есімін ел спортының тарихына алтын әріптермен жазған саңлақ. Біз оны әрдайым қолдаймыз және халықаралық аренада табысты өнер көрсетіп, биік жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз. Келісімшарт Шайдоровтың командасына жолданды және оған қол қойылды. Қол қою рәсімінің барлығы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өтті. Тараптар ортақ мәмілеге келіп, келісімшарттың барлық тармағын жан-жақты талқылады”, – деді Жарасбаев.

Сөзінше, алдағы уақытта келісімшартта көзделген барлық қаржы толық көлемде төленеді.

Сондай-ақ 5 маусымда Михаил Шайдоров жаңа маусымға дайындық үшін АҚШ-қа аттанады. Әрі командасымен бірге туризм және спорт министрлігіне келеді.

“Кездесу барысында алдағы жоспарлар мен келесі Олимпиадаға дайындық мәселелерін талқылаймыз. Сонымен қатар елімізде мәнерлеп сырғанауды дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде де пікір алмасамыз”, – деді вице-министр.

Еске салсақ, бұған дейін Михаил Шайдоров Олимпиададағы жеңісінен кейін бірнеше ай бойы жалақы алмай жүргенін мәлімдеген еді. Спортшы жаңа маусымға дайындықты бастау қажет екенін, алайда қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелер әлі шешілмегенін жеткізді.

Шайдоровтың сөзінше, Олимпиададан кейін оның жалақысы жарияланғаны өзіне ауыр тиген. Ол мұны жеке еңбегін және отбасының, әсіресе әкесінің көп жылдық қолдауын құнсыздандыру ретінде қабылдаған. Спортшы Олимпиада чемпионы бір жылдың ішінде дайындалмайтынын, бұл жеңіске бірнеше жыл бойы жүйелі түрде еңбектеніп келгенін айтты.

Ал министрлікке қарасты Спортты дамыту дирекциясы өз кезегінде спортшыға қаңтар және ақпан айларындағы жалақы бұрынғы келісімшарт бойынша толық төленгенін мәлімдеді. Ал наурыздан бастап жаңа олимпиадалық циклге байланысты жаңа еңбек шартын жасау жоспарланған. Министрлік төлемнің кешігуі келісімшарт жобасын заңдық тұрғыдан келісу барысымен байланысты деп түсіндірді.

Дирекция сондай-ақ мемлекет Михаил Шайдоровтың тарихи жеңісі үшін өз міндеттемелерін орындайтынын, атап айтқанда, Олимпиада алтыны үшін 250 мың доллар көлемінде сыйақы төлеу, Алматыдан үш бөлмелі пәтер беру және заңнамаға сәйкес мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылғанын хабарлаған.

Алматы поднялся в мировом рейтинге технологических экосистем
Арман Шораевқа іздеу жарияланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу