Ауғанстан: Әйелден гөрі ит-құстың құқығы жақсы қорғалған
Ауғанстандағы жаңа Қылмыстық-процестік кодекс елді мың жылдан астам уақыт бұрынғы құқықтық өлшемдерге қайта оралтқандай әсер қалдырады. Ислам Әмірлігінің басшылығы қоғамды IX ғасырдағы діни қағидаларға сүйеніп басқаруға ұмтылып отыр.

Құжатты құқық қорғаушы «Равадари» ұйымы жариялап, оның мазмұны халықаралық қауымдастықта үлкен алаңдаушылық туғызды. 585 беттен тұратын кодекске тәліптердің жоғарғы жетекшісі молла Хайбатулла Ахундзаданың қолы қойылған. Құжатта қазіргі заманғы құқықтық мемлекеттің негізгі ұстанымдарына қайшы келетін көптеген нормалар бар. Ең алдымен, әйелдердің құқықтық жағдайы ерекше шектелген. Мәселен, заңда күйеуінің әйеліне күш көрсеткені дәлелденсе, оған небәрі 15 күн қамау жазасы қарастырылған. Алайда бұл норманың өзі қағаз жүзіндегі ереже ғана. Себебі 2024 жылы қабылданған «Ізгілікті насихаттау және жамандықтан тыю туралы» заң бойынша әйел адамның сотқа күйеуінің немесе ер туысының еріп баруынсыз қатысуына мүмкіндік жоқ. Мұндай жағдайда жәбірленушінің сотқа шағым түсіруі іс жүзінде мүмкін емес.
Бұған қарама-қарсы, жануарларға жасалған қатыгездік үшін бес айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Тіпті үй құстары да заңмен қорғалады. Осыдан-ақ Ауғанстандағы әйел құқығының ит пен құстың құқығынан да төмен бағаланатынын аңғаруға болады.
Жаңа кодексте мұсылман азаматтарға ислам қағидаларын бұзды деп санаған кез келген адамға өз бетінше жаза қолдануға мүмкіндік беретін баптар да бар. Бұл сот жүйесінің өзін формалды құрылымға айналдырып отыр. Егер кез келген адам «дінді қорғау» ұранымен өздігінен үкім шығара алса, онда сот институтының қажеті қанша деген заңды сұрақ туады.
Тәліптер құқық алдындағы теңдік, тараптардың жарыспалылығы, кінәсіздік презумпциясы секілді қазіргі құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаларын мойындамайды. Олардың түсінігінде IX ғасырдан кейін қалыптасқан құқықтық нормалардың бәрі – адасушылық. Сондықтан жаңа кодекс тәліптердің бұрыннан қалыптасқан басқару тәжірибесін заңдастырып отыр.


