Иран ядролық бағдарламадан бас тартпайды

Oinet.kz 28-05-2026

АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху арасындағы соңғы телефон әңгімесі Вашингтон мен Тель-Авивтің Иранға қатысты ұстанымында елеулі қайшылық бар екенін ашық көрсетті. Америкалық ақпарат құралдарының мәліметінше, 19 мамыр күні өткен бұл әңгіме өте шиеленісті жағдайда өрбіген.

2026-03-01T103724Z_933634594_RC2LVJA9BDSO_RTRMADP_3_IRAN-CRISIS-pic4_zoom-1500x1500-64479.jpg

Бұған дейін, 17 мамырдағы сөйлесуде Трамп Иранға қарсы жаңа әскери операция басталуы мүмкін екенін жеткізген. Ақ үй маңындағы дереккөздер бұл жоспардың шартты атауы «Кувалда» болғанын айтады. Алайда араға бір тәулік салып, АҚШ Президенті бұл шабуылды кейінге қалдырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай шешімге Парсы шығанағындағы негізгі одақтастардың өтініші әсер еткен. Сауд Арабиясы, Қатар және Біріккен Араб Әмірліктері өңірдегі кең ауқымды соғыстың салдары мұнай нарығын күйретіп, әлемдік экономикаға ауыр соққы болатынын ескерткен.

Трамптың бұл шешімі Израиль басшылығын қанағаттандырған жоқ. Нетаньяху бірнеше жылдан бері Иранға қатысты әскери қысымды күшейтуді жақтап келеді. Израиль премьері Вашингтонның кезекті дипломатиялық кідірісі Тегеранға уақыт беретінін, ал бұл уақытта Иранға өзінің ядролық және зымырандық әлеуетін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік туатынын алға тартқан. Израильдік қауіпсіздік элитасы АҚШ-тың жұмсақ позициясы Иранды әлсіретпейді, керісінше оның стратегиялық шыдамдылығын күшейтеді деп есептейді.

Ақ үйдің өз ішінде де пікірталас қызу жүріп жатыр. Бір топ кеңесші Трампты күш қолдануға итермелесе, екінші топ келіссөз арқылы уақытша болса да келісімге келуді жөн санайды. Трамптың өзі соңғы мәлімдемелерінде келіссөздердің аяқталуға жақын екенін айтты. Бірақ ол Иранның жоғары байытылған уран қорын сақтап қалуына жол бермейтінін ашық ескертті. Reuters агенттігінің соңғы деректеріне сүйенсек, Вашингтон Тегерандағы байытылған уран қорын халықаралық бақылауға өткізуді талап етіп отыр, ал Иранның рухани көсемі бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартқан.

Иран бұл текетіресте өз позициясын өзгерткен жоқ. Тегеран ядролық бағдарламадан толық бас тартпайтынын, бірақ санкциялар жеңілдетілсе халықаралық бақылау механизмдерін кеңейтуге дайын екенін білдірді. Иран тарапы жаңа ұсыныс жасап, келіссөз күн тәртібіне ядролық бағдарлама мәселесін енгізуге келісетінін мәлімдеді. Бұл ұсыныс дипломатиялық процесті қайта жандандыруға мүмкіндік берді. Бірақ Израиль бұл бастамаға сенімсіз қарайды.

Соңғы апталарда әскери жағдай да күрделене түсті. АҚШ барлау қызметтері Иранның дрон өндірісі күткеннен әлдеқайда тез қалпына келіп жатқанын анықтаған.

Пентагон бағалауынша, Израильдің әуе қорғаныс жүйесін ұстап тұруда негізгі салмақ АҚШ-қа түскен. Вашингтон соңғы айларда Израильге жүздеген зымыранға қарсы тосқауыл құралдарын жеткізді. Бұл АҚШ-тың Азиядағы қорғаныс әлеуетіне қысым түсіріп отыр. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон ұзаққа созылған Иран қақтығысын әскери тұрғыда толық қаржыландыруға дайын емес.

Геосаяси сарапшылар қақтығыстың ары қарай үш сценарий бойынша өрбуі мүмкін екенін айтады.   Бірінші сценарий – уақытша дипломатиялық мәміле. Бұл жағдайда Иран уран байыту деңгейін шектеп, халықаралық инспекторларға кеңірек қолжетімділік береді. АҚШ санкциялардың бір бөлігін жеңілдетеді. Израиль бұған наразы болғанымен, ашық қарсы қимылға бармайды. Сарапшылар мұны ең ықтимал нұсқа деп санайды. Себебі Вашингтонға да, Тегеранға да ұзақ соғыс тиімсіз.

Екінші сценарий – шектеулі әскери операциялардың қайта басталуы. Егер келіссөздер сәтсіз аяқталса, АҚШ пен Израиль Иранның әскери инфрақұрылымына жаңа соққылар жасауы мүмкін. Бұл жағдайда Иран Ормуз бұғазына қысым жасап, мұнай жеткізу тізбегін бұзуы ықтимал. Әлемдік мұнай бағасы күрт өсіп, жаһандық инфляция күшейеді.

Үшінші сценарий – өңірлік үлкен соғыс. Бұл ең қауіпті әрі әзірге ықтималдығы төмен нұсқа. Онда Иран өз одақтастары арқылы Ливан, Сирия, Ирак және Йемен бағыттарында кең майдан ашады. Израиль толық мобилизация жариялап, АҚШ тікелей араласуға мәжбүр болады. Мұндай жағдайда Таяу Шығыс бірнеше жылдық тұрақсыздыққа тап келеді.

Көптеген халықаралық сарапшылар дәл қазір Трамптың толық соғысқа баруға құлықсыз екенін айтады. Оның негізгі мақсаты – күш көрсетіп отырып, келісімге қол жеткізу. Нетаньяху керісінше Иранның әскери әлеуетін түбегейлі әлсірететін шешуші операцияны қалайды.

Жұлдыз Сүлейменова: Бітіру кештерін мейрамханада өткізуге тыйым салынады
Ауғанстан: Әйелден гөрі ит-құстың құқығы жақсы қорғалған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу