Әлемдік мұнай жолы тоқырады: Ормуз бұғазындағы жүк тасымалы 90%-ға төмендеді
Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай және газ танкерлерінің қозғалысы күрт азайды. Kpler теңіз аналитикалық компаниясының деректеріне сәйкес, соңғы аптада бұл бағыттағы кеме тасымалы шамамен 90 пайызға төмендеген.

Сарапшылардың айтуынша, танкерлер санының азаюына аймақтағы қауіпсіздік жағдайының нашарлауы әсер етіп отыр. Көптеген мұнай және газ тасымалдайтын кемелер Иран тарапынан болуы мүмкін шабуылдардан қауіптеніп, бұғаз арқылы жүруден бас тартуда. Сонымен қатар ірі теңіз сақтандыру компаниялары Парсы шығанағында жұмыс істейтін кемелер үшін әскери тәуекелге байланысты сақтандыру қызметін қысқартқан немесе тоқтатқан. Бұл жағдай әлемдік энергетика нарығы үшін стратегиялық маңызы бар теңіз жолын одан әрі қауіпті етті.
Айта кетейік, Ормуз бұғазы – әлемдегі ең маңызды мұнай тасымалы бағыттарының бірі. Әдетте осы тар теңіз жолы арқылы әлемдік мұнай саудасының шамамен бестен бірі өтеді. Соғысқа дейін бұл бағытпен тәулігіне орта есеппен 24 танкер жүрген. Алайда соңғы тәулікте BBC Verify бақылау деректері бұғаз арқылы шығыстан батысқа қарай Парсы шығанағына өткен кем дегенде екі жүк кемесін ғана тіркеген.
Бұған дейін Иран билігі бұғазды «толық бақылауда ұстайтынын» мәлімдеп, бұл аймақтан өтетін кемелерге зымыран немесе дрон арқылы шабуыл жасалуы мүмкін екенін ескерткен болатын. Сарапшылар мұндай жағдайдың жалғасуы әлемдік мұнай бағасының өсуіне және жеткізу тізбегінің бұзылуына әкелуі мүмкін екенін айтады.


