АҚШ Иранның жаңа басшысын таңдауға ықпал етуі керек – Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның келесі басшысын анықтау мәселесіне АҚШ тікелей ықпал етуі керек деп санайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, қаза тапқан Иранның рухани көсемі Әли Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеи бұл қызметке лайықты кандидат емес.

Трамп бұл пікірін Axios агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында айтты. Ол Иранның болашағына қатысты АҚШ-тың белсенді позиция ұстануы қажет екенін атап өтті.
АҚШ президентінің сөзінше, Вашингтон Иранға «бейбітшілік пен келісім» әкелетін жаңа басшының билікке келуіне қолдау көрсетуі тиіс. Осы тұрғыда ол басқа елдердегі саяси өзгерістерге АҚШ араласқан тәжірибені мысалға келтірді.
Мысал ретінде Трамп Делси Родригестің есімін атап өтіп, кей жағдайда елдің жаңа басшысын таңдауға халықаралық ықпал қажет болуы мүмкін екенін айтты.
Сонымен қатар, Трамп Моджтаба Хаменеи Иранның ықтимал мұрагері ретінде қарастырылып жүргенін мойындағанымен, оның кандидатурасын АҚШ үшін қолайсыз деп бағалады.


