Мұхтар Шаханов өзін Арыстанбаб кесенесі маңына жерлеуді аманаттаған
Журналист Назерке Шәкірбай әлеуметтік желіде ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың жары Ханшайым Шаханованың Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған ашық хатын жариялады, деп жазады Оinet.kz.

Өтініш хатта Ханшайым Шаханова Мұхтар Шахановтың қазақ руханиятындағы орнына тоқталып, оның денесі туған жері – Отырар өңіріндегі Арыстанбаб кесенесі маңына жерленсе деген соңғы аманаты бар екенін жазған. Ол ақынды «ұлттық рухтың символы» ретінде сипаттап, оның еңбегі мен тарихи рөлін ерекше атап өткен.
Хатта Шахановтың хәлі ауыр екені айтылып, оның соңғы тілегін орындауға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету сұралған. Сонымен қатар, жерлеу және мемориалдық белгі орнату жұмыстары заңнамаға сәйкес жүзеге асатыны да көрсетілген.
Журналист хаттың 15 сәуірде жазылып, Президент Әкімшілігіне жолданғанын атап өтті.
Назерке Шәкірбаеваның айтуынша, Арыстанбаб кесенесі маңында қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков жерленген қорым да бар. Ол Шахановтың Жәнібековпен рухани және мәдени тұрғыда жақын еңбек еткенін айтып, ақынның сол жерге жерленуі тарихи-символикалық тұрғыдан қисынды шешім болуы мүмкін екенін жеткізген.
Сондай-ақ ол бұл мәселе бұрын да қоғам қайраткерлерінің араласуымен шешілген жағдайлар болғанын еске салып, Президентке үн қататын жауапты тұлға қажет екенін атап өткен.


