Қазақстанда жаңа саяси партия құрылмақ
Қазақстанда «Әділет» атты жаңа саяси партия құру бастамасы жарияланды. Бұл туралы бастамашыл топ ресми мәлімдеме жасады, деп жазады Оinet.kz.

15 сәуірде бір топ белсенді жаңа саяси ұйым құруға кіріскенін мәлімдеді. Егер партия тіркеуден өтсе, елдегі сегізінші саяси партия атануы мүмкін.
Бастамашылардың айтуынша, жаңа ұйым прогрессивті реформаларды қолдаумен қатар, заң үстемдігін нығайтып, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуын арттыруды көздейді. Сондай-ақ партияның негізгі мақсаты – 15 наурыздағы референдумда қабылданған Конституция талаптарының толық орындалуын қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау.
Ұйым әртүрлі сала мамандарын, жастарды, сондай-ақ қала мен ауыл тұрғындарын біріктіруді жоспарлап отыр. Партия өкілдері әділдік, патриотизм және еңбекқорлық құндылықтарын негізге ала отырып, кландық жүйеге қарсы тұруды, тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыруды және экономикалық тұрақтылықты нығайтуды басты басымдықтар ретінде атап өтті.
Сонымен қатар бастамашылар азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылармен бірлесе жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.
Бастамашы топ 16 сәуірде Әділет министрлігіне тіркеу рәсімін бастау үшін өтініш жолдап, жақын уақытта құрылтай съезін өткізуді жоспарлап отыр.
Жаңа партия құру туралы мәлімдемеге 16 азамат қол қойған.


