Қазығұрттың қымызы мен майына сұраныс жоғары

Oinet.kz 01-11-2019 542

5dbaa699435e8.jpg


Түркістан облысы қазығұрт ауданында «Ауыл – Ел бесігі» арнайы бағдарламасы аясында «Мемлекеттік рәміздер» және «Рухани жаңғыру» аллеяларының құрылысы екі ай ішінде толығымен аяқталып, ел игілігіне тапсырылды. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев ауданға жасаған сапары барысында осы нысанның құрылысымен танысты.

Мұнан соң Түркістан облысының әкімі жөндеуден өткен орталық стадионда болды. Осыдан жарты ғасыр бұрын салынған спорт алаңы осы уақыт ішінде алғаш рет күрделі жөндеуден өткен. Қазір жаңа тыныс бітіп, жасөспірімдерді қабылдауға дайын. Стадионда 28 балалар тобы спортпен айналысады.

Келесі нысан - Қызылқия ауыл округіндегі «Амангелді»шаруа қожалығы. Диқандар тамшылатып суару әдісін қолданып, бау-бақша баптау кәсібімен айналысады. Жоғары сұрыпты алма, шабдалы, шие, алхор, өрік және алмұрт, жүзім өсіреді. Шаруа қожалық қоймасында 2 мың тонна жеміс-жидек сақтауға болады.

Аймақ басшысы Шарбұлақ ауыл округіне қарасты «Сапа-2002» ЖШС- ін аралап көрді. Қожалық егін егіп, мал бордақылау кәсібімен айналысады. 10 мың бас уақ мал бордақылау кешенінен жарты жылда 150 мың тоннадан астам ет экспортталған.

«Мал шаруашылығын дамыту үшiн бiрiншi кезекте ветеринария саласын дамыту керек. Бұл мәселені дұрыс жолға қоя алмасақ, ет экспорты туралы айту да әбестік. Бізде ет өнімдерінің, оның ішінде сиыр еті мен қой етінің сыртқы саудадағы потенциалы өте жоғары. Дегенмен, алдымен ішкі нарықты қамтамасыз ету жағын алға қою керек», - деді Өмірзақ Естайұлы шаруалармен кездесу кезінде.

Шаруалар Қазығұрт қымызына сұраныстың өскенін айтып өтті. Сондай – ақ таңқурай өсіруді кәсіп еткен жергілікті диқандар жылына 2-3 өнім алу әдісін мықтап қолға алған.

Ауданда өсімдік майын өндіру цехы дайын өнім шығарады. Өндіріс қуаттылығы жылына 1000 тонна өнімді құрайтын цех Қытай Халық Республикасына мақсары майын экспорттайды. Кәсіпорын мақта майын да өндіреді.


Әр саябақтың өз ерекшелігі болады
Мал бағып, егін де егеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу